Шетелдік студенттермен профилактикалық кездесу өтті

Шетелдік студенттермен профилактикалық кездесу өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелдік студенттерге құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілді,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениетін нығайтып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы туралы хабардарлығын арттыру. Іс-шара жастар арасында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жалпыұлттық «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Студенттер алдына шақырылған сарапшылар – Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Данияр Оразбаев пен Астана қаласы Полиция департаменті полк қызметінің инспекторы Асылбек Жұбат сөз сөйледі. Құқық қорғау органдарының өкілдері Қазақстан заңнамасының негізгі талаптарын, шетел азаматтарының ел аумағында жүру ережелерін және түрлі құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілікті егжей-тегжейлі түсіндірді.

Әңгіме барысында заң талаптарын білмеу салдарынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, шетелдік студенттердің жаңа құқықтық және мәдени ортаға бейімделуіне, сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, елордадағы күнделікті өмірі мен оқуына қатысты мамандардан нақты жауап алды.

Мұндай кездесулер шетелдік студенттердің Қазақстанның академиялық және қоғамдық өміріне сәтті бейімделуіне ықпал етеді.

Прокуратура мен полиция өкілдерімен ашық диалог құру ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жастардың заңға құрметін арттыруға, білім алып, жеке дамуына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.