Ата-аналарға есірткінің алдын алу жолдары түсіндірілді

Ата-аналарға есірткінің алдын алу жолдары түсіндірілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназияда жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті. Жиын барысында полиция қызметкерлері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Полицейлер ата-аналарға есірткі заттарын қолдану мен таратудың салдары, заңда көзделген жауапкершілік, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуы мүмкін қауіптер туралы айтып берді.

Кездесуде жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа бармауы үшін ата-ананың бақылауы мен тәрбиесінің маңызы айтылды. Полиция өкілдері баланың мінезіндегі өзгерістерге, араласатын ортасы мен қызығушылықтарына назар аудару қажет екенін ескертті. Бұл алаңдатарлық белгілерді ерте анықтап, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ іс-шарада есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, «Қазақстан Республикасының Пенчак Силат қауымдастығының» директоры, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Әлиакбаров сөз сөйледі.

Қалалық Полиция департаменті мұндай кездесулер балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар мен мектептің бірлесе әрекет етуіне ықпал ететінін атап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы мектеппен шектелмей, бала бойында жауапкершілік пен құқықтық сауат қалыптасатын отбасында да жалғасуы қажет.