Астанада «Әділдік және жауапкершілік» айлығы аясында мектеп оқушылары арасында құқықтық дебат турнирі өтті. Елорданың 10 командасы «Заң мен тәртіп», жасөспірімдердің жауапкершілігі және әділ қоғам қалыптастыру тақырыптарын талқылап, өз көзқарастарын дәлелмен қорғады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында №9 Zerde мамандандырылған мектебінде ұйымдастырылды. Пікірсайысқа елорданың әртүрлі білім беру ұйымдарынан 10 команда қатысты.
Турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу, өз ойын еркін жеткізу және қарсы тараптың пікірін құрметтеу дағдыларын дамыту.
«Бұл турнирдің негізгі мақсаты – оқушылардың «Заң мен тәртіп» қағидатына қатысты көзқарасын білу, олардың өз ойларын қаншалықты еркін жеткізіп, дәлелдей алатынын байқау. Іс-шара республикалық жарысқа іріктеу кезеңі емес. Біз үшін ең маңыздысы – балалардың құқықтық тақырыптарды өзара талқылап, пікір алмасуы», – деді №9 Zerde мамандандырылған мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайырым Әнуарбек.
Дебат барысында командалар өздеріне берілген тақырыптар бойынша үкімет және оппозиция тарапынан сөз сөйлеп, ұстанымдарын қорғады.
Турнир төрешісі, №97 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Ақәділ Есенқұл елордадағы мектеп оқушыларының пікірсайыс деңгейін жоғары бағалағанымен, бұл бағытта жүйелі жұмысты күшейту қажет екенін айтады.
«Бұрын Астанада оқушыларға арналған пікірсайыс турнирлері жиі ұйымдастырылатын. Қазір олардың қарқыны біршама бәсеңдеді. Басқа өңірлерде пікірсайысты дамытуға арналған жүйелі жұмыстар бар. Елордада да пікірсайысқа балалардың қызығушылығы артып келеді. Оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, жақсы идеялар ұсынып жүр», – деді төреші.
Оның пікірінше, мектептерде дебат қозғалысын дамыту үшін турнирлерді тұрақты өткізіп, оқушылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік жасау маңызды. Сонымен қатар пікірсайыс жетекшілерінің еңбегін қолдау мәселесіне де назар аудару қажет.
«Біздің басты мақсатымыз тек жеңімпаздарды анықтау емес. Оқушылардың тәжірибе алмасуы, өз ойын көпшілік алдында жеткізуге үйренуі және қарсы пікірді тыңдай білуі әлдеқайда маңызды. Осындай турнирлерді әр маусымда кемінде бір-екі рет ұйымдастыруға ұмтылып жатырмыз», – деді Ақәділ Есенқұл.
Турнир үш кезеңнен тұрды. Командалар жинаған ұпайларына қарай бағаланып, үздіктер анықталды. Сонымен қатар ерекше көзге түскен қатысушыларға «Үздік спикер» номинациясы қарастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай пікірсайыстар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, дәлелді пікір айту және қоғамдық мәселелерге жауапкершілікпен қарау қабілеттерін дамытуға бағытталған.