Қазір екінің бірінде кредит бар. Банктен ипотека, автонесие, тұрмысты түзеуге несие алу үйреншікті жағдайға айналды. Ал кредит кешіксе, банк жүйесі есепшотыңызды бірден бұғаттап тастайды. Бұл – халыққа қиын болып тұр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бірінші кредиттің бюро деректеріне сәйкес, 2023 жылы несиесі бар қазақстандықтар саны – 8,5 млн адамды құрады. 2024 жылы несие алғандар саны 8,9 млн адамға жеткен. Ал 2025 жылы 9 млн-ға жуық адам кредит рәсімдепті. Қазір ше? Демек, азаматтардың кредит алу қарқыны үдемесе, төмендемеді. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай.
Ұлттық Банк мәліметінше, қазіргі уақытта халықтың банктер алдындағы жалпы қарызы 25,85 триллион теңгеге жетті. Егер бұл соманы елдегі барлық тұрғындарға шақсақ, орташа есеппен әрбір қазақстандық банктерге шамамен 1 миллион 250 мың теңге берешек болып шығады.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов, банк пен халық бір-біріне қарсылас емес, қайта ортақ мәмілеге келіп, туындаған түйткілдерді бірге тарқатуы тиіс деп бағамдайды.
– Кредитті жан-жаққа таратып біттік. Әлбетте, үй, көлік алуға кредит берілгені дұрыс. Ал өзі жарымай жүріп, смартфон, iPhone алатындарға қайран қаласыз. Мұнымен құр босқа Қытай, Ресей компанияларын байытып жатырмыз. Ондай даңғойлықтың пайдасы шамалы. Бұның бәрі тұтынушылық мәдениет, қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Сондықтан біздің халық қатты қарызға кіріп кетті. Тойға несиені тегін бергендей аламыз. Мысалы, 10 млн теңгені той жасауға, құдалық шақыруға алған соң, соңында төлей алмай әбіржиді. Ал «алмақтың да салмағы бар». Негізі, банктер халыққа қас болып қарамауы керек. 2-3 күн төлей алмаса, есепшоттарына шектеу қойып, артынша бұғаттап, арест қою дұрыс емес. Тұтынушы сәл қиындыққа ұшыраса, үйін, көлігін тартып ала берсе, жұрт оларды жақсы көрмейді. Одан кейін ешкім кредит алғысы келмейді. Кредит – банк пен тұтынушының ынтымақтастығы. Айлық-жалақысын банк бұғаттап тастап, талай адам жарты айлығын да ала алмай жүр. Шетелде есепшотты бұғаттап соттың шешімімен жүзеге асады, ал бізде банк өзі би, өзі қожа болып алған. Бұл дұрыс емес. Біздегі банктердің пайызы тым көп, азайту керек, – дейді ол.
Ашық дереккөздер бойынша, дамыған державалар АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канадада несие кешіктірілген бойда, банк есепшотын бірден бұғаттау тәжірибесі мүлдем жоқ. Бұл процесс заңмен өте қатаң реттеледі және азаматтардың құқықтары бірінші орынға қойылады. Оларда несиені өтеу үш кезеңнен тұрады. Яғни бірінші кезекте, банк ескерту жіберіп, айыппұлдар қоса бастайды. Екінші қадам – кредиттік тарихнама бұзылатынын ескертеді. Үшінші жолы болмаса, 90-120 күнге дейін өтелмесе, коллекторға беріп, егер тіпті банк қарызы өтелмесе, сотқа дейін сүйреуі мүмкін. Сотта борышкер өзінің жағдайын дәлелдеуге толық құқылы. Егер сот банктің пайдасына шешсе, бұған дейінгі шығын түгел өтелетін болады. Содан кейін барып, есепшотыңыз бұғатталады. Бір қызығы, тұтынушы банктен несие алар кезде, қарыз өтелмеген жағдайда айлық-жалақысынан автоматты түрде ақша ұстап қалуға келісіп, келісімшартқа қол қойса да, ішінара болмаса, түгелдей бұғаттап тастай алмайды.
Ал біздегі жағдай мүлдем басқа. Қазақстанда бұл жүйе дамыған өркениетті елдермен салыстырғанда әлдеқайда қатаң, жылдам және автоматтандырылған. Бізде несиесін кешіктірген азаматтың есепшоттары мен карталары сотсыз-ақ электронды жүйелер арқылы қысқа мерзімде бұғатталады. Несие кешіктірілген алғашқы күннен бастап банк хабарлама жібереді, үздіксіз қоңырау шалады. Күн сайын айыппұл өседі. Заң бойынша өсім күніне 0,5%-дан (алғашқы 90 күнде) аспауы тиіс. Кредит тарихы бірден бұзыла бастайды. Егер қарыз 30 күннен асып кетсе, банк сотқа бармай-ақ, сіздің басқа банктердегі есепшоттарыңызға төлем талап-тапсырмасын қоя алады. Соның негізінде басқа банктердегі карталарыңызға түскен ақшаның 50%-на дейін автоматты түрде қарызды жабуға тартып алынады. Жалақы немесе зейнетақы шотыңызда заң бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе ең төменгі жалақыдан кем емес сома қалдырылуы тиіс. Ақыры, кредит өтелмесе, сот орындаушылары, нотариус мәселеге араласады. Ең қиыны, қарызы 40 млн теңгеден асқандар шетелге шыға алмай, үйін, көлігін сата алмай, тіпті жүргізуші куәлігін пайдалануды уақытша тоқтатып тастауы ықтимал. Осылайша, біздің елде не жалақысын ала алмай, кредитін төлей алмай, айлығы шайлығына жетпей, дал болып жүргендер жетерлік.
Дей тұрғанмен мәселені шешудің жолдары бар көрінеді. Берешек қарызды үдетпей, өтеудің түрлі жолдарын зерделеген жөн көрінеді. Белгілі экономист Бексұлтан Ысқақовтың сараптауынша, кредит кешіктірілсе, төлем қабілеті нашарласа, банктен қашпай, барып, ортақ шешімге келу қажет.
– Егер басында түрлі жағдай болады. Аяқ астынан кредитті төлей алмай қалуы мүмкін. Сондай жағдайда көп кешіктірмей, банкке барып, мәселені ашық айтқан жөн. Сөйтіп, тығырықтан жол тапқан абзал. Әйтпесе, сіз банктен қашып жүрсеңіз, проблема қордалана береді ғой. Жалпы, қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның мәселесі емес, ол мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Қаржылық сауатты қоғам жинақтауға бейім болады, артық қарыз алмайды, инвестиция жасауды үйренеді және экономикалық күйзелістерге әлдеқайда төзімді келеді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру бір реттік акциямен емес, білім беру жүйесі, мемлекеттік саясат және қоғамның ортақ жауапкершілігі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деп санайды қаржыгер.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің талабы бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімі өткен қарыздарды жеңілдетуге міндеттелді. Нәтижесінде, кейінгі 2-3 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың проблемалық несиесі бойынша мәселелері реттелді. Олардың айыппұлдары мен өсімдері кешіріліп, ай сайынғы төлем көлемі азайтылды және несие мерзімі ұзартылды. Бұл борышкерлер үшін біршама көмек екені анық.
Уақытысында үй мен көлікті қатар алып, кейін төлей алмай дал болып қалған жандар жетерлік. Кредитке кіріп, есепшоты бұғатталып, тіпті жалақысын да ала алмай қалғандар да баршылық. Сондай жандардың бірі Әділет Мұратұлы өзінің басынан кешкен жағдаятын баяндап берді. Ол Астанаға көшіп, бұл жер оған құт болып, жолы болғандығын айтып берді.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын ипотекамен 32 миллионға 2 бөлмелі үй, 4,3 миллион теңгеге кроссовер көлігін қатар алдым. Екеуінің айлық төлемін қосқанда, айына 400 мың теңге шығатын. Ол уақытта Алматыда тұратын едім. Екі жұмыста істеп, докторантураның стипендиясы бар болатын. Ай сайын 700 мың теңгедей табатын едім. Сол аралықта үйлендім, 2 балалы болдым. Сөйтіп жүргенде, докторантура аяқталып, стипендия тоқтады. Жұмыстардың айлығы қысқарды. Қарызға кірдім. Отбасыммен ойласа келе, докторлықты қорғап, Астанаға көштік. Алматыдағы 2 бөлмелі үйді сатып, ипотекасын жауып, қалғанына Елордадан 1 бөлмелі пәтер алдық. Көлікті банк қайтарып алды. Одан бөлек, кезінде тұтынушылық несие алғанбыз. Соның 2,5 млн теңгесі қалған-тұғын. Жалпы, мұнда да 180 мыңдай кредит төлейтін болып шықтық. Бірақ бұрынғыға қарағанда, несие азайды. Бірақ мұндағы айлық жетпей, тағы да кредиті кешіктіріліп, айлығымның 50 пайызын ұстап тұратын болды. Жақында білікті экономистен кеңес алдым. Сөйтіп, банкке барып, кредиттік төлемдерімді көрсетіп, мерзімін ұзартып, ай сайынғы төлемді 2 еседей қысқартып, есепшотымды бұғаттаудан шығардым. Бірақ кредиттік тарихым қара тізімге еніп кетіпті. Енді оңды-солды кредит алмастай болдым, – деп сыр шертті елорда тұрғыны.
Айта кетейік, елімізде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап несиесін кешіктіргендерге арналған мүлдем жаңа, бірыңғай Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Платформа ашылған алғашқы күндердің өзінде-ақ 5 000-нан астам қазақстандық ұжымдық қарызды реттеуге өтініш білдірді. Екі немесе одан да көп банкке, МҚҰ-ға 90 күннен асып кеткен қарызы бар азаматтарға 5 жылға, әлеуметтік осал топтарға 7 жылға дейін ортақ, жеңілдетілген бір ғана төлем графигі жасалады. Бұл ретте кредиторлар борышкерді қудалауды бірден тоқтатады.
Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңартылған ережесіне сәйкес, кредит төлеу кешіктірілсе банк, МҚҰ 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлама жіберуі тиіс. Қарыз алушы болса жағдайды түсіндіріп, қайта құрылымдауға өтініш бере алады. Ал қаржы ұйымы 15 күн ішінде қарастыруы қажет. Егер қарыз алушы ешқандай әрекет етпей, несиені кешіктіре берсе, іс сотқа дейін жетуі ықтимал.
Демек, мемлекет те кредит мәселесіне жіті қарай бастады деген сөз. Ең басты кілтипан әркімнің өзінде болып тұр. Турасын айтқанда, адам тағы да көзсіз, негізсіз несие алса, қарыз қамытынан құтылу қиын екені айқын.
P.S: Түйіндей келе, банк те, халық та бір біріне қас емес. Ең негізгісі кредитті қалай болса, солай беру тоқтатылса, жұрттың қаржылық сауаттылығы артса, айлық-жалақы жетіп тұрса, ешкім әбігерге түспейді деген үміт бар.