Елордада «Астана – есірткісіз қала» нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Тәуелсіздер» деректі драмасы көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Олег Федоренконың режиссерлігімен қойылған спектакльде есірткіге тәуелді болып, қалыпты өмірге қайта оралуға тырысқан алты адамның тағдыры баяндалады. Қойылымда басты назар есірткі қолдану тақырыбының өзіне емес, адамды тәуелділікке алып келуі мүмкін жағдайларға аударылған. Олардың қатарында жалғыздық, қолдаудың жетіспеуі, отбасылық мәселелер, қоршаған ортаның ықпалы және жасөспірімдердің қатарластарының ортасына бейімделуге деген ұмтылысы бар.

Спектакль вербатим жанрында қойылған. Оның негізіне шынайы адамдардың оқиғалары мен ашық дереккөздерден алынған материалдар арқау болған. Актерлер кейіпкерлердің басынан өткерген сезімдерін барынша шынайы жеткізуге тырысқан. Осылайша есірткіге тәуелділік туралы әңгіме құрғақ ақыл айтуға ұласпай, көрерменге ой салуды көздейді.
Қойылым авторлары нашақорлыққа кеңірек қарауды ұсынады. Олардың пайымынша, бұл тек адамның өзіне ғана емес, оның отбасына және жақын ортасына да әсер ететін әлеуметтік мәселе. Актриса Эльмира Фатихованың айтуынша, жасөспірімдер есірткіге осалдығынан ғана емес, қолдаудың жетіспеуі мен қатарластарының арасында танымал болуға деген ұмтылыстың әсерінен де тәуелділікке тап болуы мүмкін.
Актриса Оксана Бойко жастарға қарапайым статистикадан гөрі өмірден алынған шынайы оқиғалардың әсері күштірек екенін атап өтті.
«Дәрістер мен статистика көбіне жай ғана дерек күйінде қалып қояды. Ал шынайы оқиғалар адамның жүрегіне жетіп, ойлануына себеп болады», – дейді ол.
Спектакльде есірткі қолдану көріністері жоқ. Қойылым авторлары өмірін өзгертуге және тәуелділіктің салдарын еңсеруге тырысқан адамдардың тағдырына басымдық берген. Тақырыбы ауыр болғанымен, спектакль адам өмірін қайта қалпына келтіруге болатынын да көрсетеді.
Спектакль 14 жастан асқан көрермендерге арналған.