Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры Астана күніне орай амфитеатр сахнасында «Алдар Көсе» хореографиялық спектаклін көрермен назарына ұсынды.
Қойылымда әділдік пен тапқырлықтың символына айналған Алдар Көсенің бастан кешкен қызықты оқиғалары сахна тілімен әсерлі жетті. Сонымен қатар, сараң байдың қулығы мен ашкөздігі әшкереленіп, көрермен жақсылық пен әділдіктің жеңісіне куә болды.
Спектакль желісінде Елентай мен
Айсұлудың махаббат хикаясы да шынайы әрі әсерлі өрбіп, көрерменге қуаныш пен толғаныс сыйлады.
Әрбір би қимылы мен хореографиялық шешім, сахналық пластика, ұлттық нақыштағы костюмдер мен ерекше декорациялар көрерменді қазақтың бай рухани мұрасымен қауыштырып, қойылымның көркемдік деңгейін айшықтай түсті.
«Алдар Көсе» хореографиялық спектаклі ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған тағылымды туынды ретінде елордалық көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ «Наз» мемлекеттік би театры «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық спектаклін сахналады.
Шығыстың әйгілі «Мың бір түн» ертегісінің желісімен қойылған спектакль көрерменді Маруф пен Эсмигюль ханшайымның әсерлі махаббат хикаясына жетелеп, қатыгездік пен мейірім, қызғаныш пен адалдық, бақыт пен сүйіспеншілік тақырыптарын би тілі арқылы шебер жеткізді. Әсем костюмдер, сән-салтанатты декорациялар мен шығыс әуендері қойылымның көркемдік ерекшелігін айшықтай түсті.