Бәрі тазалықтан басталады

Бәрі тазалықтан басталады
фото: жеке мұрағат

Кешқұрым паркте демалып жүргенбіз. Орындық жанына қойылған арнайы жәшікке тасталған қоқыс кемерінен асып, төгіліп жатса да, бір жас жігіт пен қыз су мен тамақтан босаған пластмас ыдысты әлгінің үстіне лақтыра салды. Біз: "Айналайындар, бұларың қалай? Алыңдар да басқа бостау жәшікке тастаңдар" дедік. Ұяты бар екен, солай істеді...

Иә, бәрін құнттай, есептей білуіміз керек. Тіпті сол парк сыпырушысы еңбегін де. Осы аумақта 500 адам жүр делік. Бәрі бір мезгілде 2-3 қалбыр-қалдық тастаса, не болмақ?

Мемлекет басшысы елдік акцияға қатысып, ерікті жастарға арнаған сөзінде: "Таза Қазақстан" жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 миллион тал егілді.

Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы. Осы орайда, нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа тағы да алғыс айтамын" деді.

Бұл деректер бүгінгі ниетті де, маңдай терді де, еңбек адамының береке жолындағы риясыз борышын да көрсетеді.

Биыл - халықаралық Еріктілер жылы. Бәріміз әр мекемеде қызмет етеміз. Сол ұжым ішінде адалдығы мен еңбегін бұлдамайтын, әріптесіне әркез көмекке әзір азаматтар көп те емес, жоқ та емес. Бұл - мың жылғы дәстүрімізде бар ынта-жігер. Бір ғана жылу мен асарды еске алыңызшы. Бірсыпыра өңірде ол "үме" деп те аталады. Алаштың "Қазақ" газетінде осы үме туралы едәуір мақала бар.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, "Ой мен ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады". Бұл - жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға бағытталған пайым.

Рас, Ұлы дала табиғатымен біте қайнасқан халқымыз үшін тазалық ұғымы - тіршіліктің бар жағдайында адастырас темірқазық. Соңғы 9 ай ішінде егілген 1 млн астам тал көшеті - бүгінгі ел ниеті, ел еңбегі. Ендігі міндет - соның әрбірін күтіп-баптауды өзімізге, ұрпағымызға, ісімізге мән бергендей қарау.

Міне, осы тұста елдің сан ғасырлық тәжірибесі де, дәстүр мен жаңашылдық тәлімі де көмекке келеді. Бүгінгі әділеттік өлшемі осы аяда.

Дихан Хамзабекұлы,

Құрылтай депутаты