Балалар қауіпсіздігі жайы қаралды

Балалар қауіпсіздігі жайы қаралды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сының отырысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қызметі, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және ведомствоаралық өзара әрекет мәселелері қаралды.

Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасындағы қолайсыздықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өзара әрекеті туралы ақпарат берді.

Оның айтуынша, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының негізгі міндеті – балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасындағы қолайсыздықтың алдын алу және кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі кешенді жұмысты қамтамасыз ету үшін басқарма мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен ведомствоаралық өзара әрекетті жүзеге асырады.

Өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды уақытылы анықтау және оларға көмек көрсету мақсатында балалардың қолайсыз жағдайына жедел ден қоюды қамтамасыз ететін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара әрекетінің бекітілген алгоритмі қолданылады.

Баяндама барысында шешуді талап ететін проблемалық мәселелер де белгіленді. Олардың ішінде – нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тұрғын үйлердің терезелерінен құлауының алдын алу.

Депутаттар ведомствоаралық өзара әрекеттің бекітілген алгоритмін қолдану практикасына, ЮНИСЕФ-тің кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-­құлықтың алдын алу жөніндегі әдістемесін қоса алғанда, халықаралық тәжірибені пайдалану мүмкіндігіне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Олар қаланың қанатқақты мектептерінде тәуекел тобына жататын балалармен жұмыс істеудің әртүрлі әдісін сынақтан өткізуді ұсынды және ең тиімді жобаларды қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылармен бірге жүретін тәлімгерлер қызметінің мәселелері қаралды.

Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың басшыларына және сараптамалық қоғамдастық өкілдеріне дөңгелек үстел шеңберінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқығын қорғауға бағытталған шараларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау ұсынылды.

Астана мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Азамат Айтхожин отырысты қорытындылай келе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелі ведомствоаралық өзара әрекетті, профилактика жұмысын жетілдіруді және барлық мүдделі тараптың күш-жігерін шоғырландыруды талап ететінін атап өтті.