Жуырда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен Астана күніне арналған дәстүрлі «Байрағы биік байтағым» республикалық мүшәйрасының қорытынды марапаттау салтанаты өтті. Осы жыр додасында топ жарған ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Нұржан Қуантайұлы - бас жүлде
ЕЛОРДА МЕН БОЗТОРҒАЙ
Сонымен, бұл оқиға Астанада
Өтіпті-ау, өнеге сөз жас балаға,
Ертеде,
Ширек ғасыр ілгеріде
Қосыпты биік үйді бас қалаға.
Қағыпты ең әуелі сваясын,
Төмпештеп төбесінен, кім аясын.
Күрсініп темір өзек кірген кезді
Көріп пе ең,
Көрген адам шын аясын.
Құйыпты іргетасын сом бетон ғып,
Қалдырмай қалғанына өңге теңдік,
Әуелі шор темірін торлай тоқып,
Қалдырмас еш мүмкіндік
кер кетерлік.
Асықпай жұмысшылар таған үстеп,
Арасы темір қаңқа тым алыс деп,
Тоқыпты бірнеше күн арматура,
Артынша бес-алты күн демалыс боп.
Алты күн демалыстан қайтып келсе,
Жұмысты тездетем деп айтып келсе,
Краншы айғай салды іргені ашып,
Бозторғай ұя сапты, байқап көрсе.
Тағы да тоқтай ма деп дүрлiгiп қап‚
Жігіттер бірін-бірі тұрды құптап.
– Шығарып әкеткенше балапанын
Тимейік, – деді сосын сырды нықтап.
Япыр-ау, тоғаяды көңіл неге,
Басқа емес, мейірім ғой өмір деген,
Шырылы шымырлатып бозторғайдың,
Тоқтады жұмыс кенет сол іргеде.
Қараөткел, қайыңды өткел,
қайран өткел,
Жағаңда бозторғайың сайрап өткен,
Шырылын жарықтықтың естігенде
Қабағын шайдай ашар ойлар өктем.
Арада екі жеті өткен еді,
Қуырып қырық күн шілде жеткен еді,
Жұмысың қаңтарылып қалды-ау деп те
Прораб айлықтарын шектемеді.
Аузынан қырық күн шілде
жалын шықты,
Жолатпай жұмысшылар сар мысықты,
Шиқылдап бес балапан тұс-тұсынан
Сар секпіл жұмыртқаны
жарып шықты.
О‚ ғажап‚ балапанның бұлқынғаны-ай‚
Бұлқынар тіршілігім, шiркiн‚ қалай?
Анасы ентелеген жанға қарсы
Шығады шыр-шыр етiп‚
шырпыр қалай?..
Жақында, келші бері, келгей, ұлым,
Ұмытпа елжіреген ел пейілін,
Жүрегі елордамның бетон емес,
Жүрегі елордамның – мол мейірім!
Елорда-ау, кеңсің ғой сен,
кеуілің жаңа,
Кең біткен, кем-кетікке пейілің дара.
Адамды мейірім ғана жылытпай ма,
Ғаламды мейірім сақтап,
мейірім ғана!..
Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ - І орын
ЕЛ
Ел деген – картадағы сызық емес,
маңдайдағы сызық;
шекарадан бұрын туған
ана тілдің ішіндегі
көзге көрінбейтін ұлы мемлекет –
Ел деген.
Оның Астанасы – жүрек, Заңы – ұят,
Туы – таңдайға дәмі тұнған
бір уыс көк сөз желбіреген Ар.
Ел деген –
ешкім көрмей тұрғанда
cол Ар алдында тік тұру;
нанды бөліскен қолдың
қылыш ұстаған қолдан
биігірек екенін ұмытпау.
Ел деген –
жердің үстіндегі иелік емес,
жердің астындағы
ата сүйегінің
аруақ тілінде үнсіз серт беруі,
көгеріп көктеуі, көкіректе мөлт еткен
Астана болып
халықтың кірпігіне қонған
жалғыз жарық.
Астана –ақ тастан қаланған салтанат емес,
халықтың ішіне жиналған
жарықтың сабыры;
жетім дұғаның да,
жеңімпаз тудың да
бір аспан астында тоғысуы.
Елтаңба –
қабырғаға ілінген белгі емес,
шаңырақ болып
шашылған тағдырды жинаған
көк шеңбердегі көнекөз дұға.
Ақорда –
биіктің үйі емес,
биліктің үйі емес,
Алаштың ақ сүйегінен тұрғызылған
шексіз жауапкершілік.
Ел деген – ұлықты ұл, қылықты қыз;
бір бесіктің тербелісінен
бір ғасырдың тағдыры қозғалып,
бір ананың әлдиінен
мың боздақтың рухы оянады.
Мен осы Елдің
бір әрпіне айналсам деймін –
дауысым жетпеген жерге
ұятым жетсе екен...
Тілің тірі болса –
шекараң үнсіз сөйлеп тұрады;
рухың бостан болса –
картаңды өшірген қолдың өзі
өз көлеңкесінен сескенер.
Менің Көк Туым –
желге байланған мата емес,
бабамның аспанға жазып кеткен
көгілдір күнтекті аманаты;
күн түбінде – қанымның жарығы,
қыран қанатында –
ноқтаға көнбеген
қазақ рухының
үнсіз шымырлап ұшып бара жатқан
мәңгілік батасы;
сол бата
менің маңдайыма емес,
болашақтың маңдайына
Ел болып жазылсын.
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ - ІІ орын
ТҮНГІ АСТАНА. БАССЫЗ САЛТ АТТЫ
«Мы привыкли жить в мире, где мы либо есть, либо нас нет.
Но ведь возможно и то, и другое»
(Роберт Турман)
«Қапа шығар қазаққа дедім іштей,
Қарындасы секілді хан Кененің»
(Есенғали)
Не қалды десек те біз көрмегендей,
Шарлап шаһар таппадым тең келердей.
«Қарындасы секілді хан Кененің»,
Сол қаланы сүйемін мен де өлердей!
Көңіліңді тұратын гүлге бөлеп,
Түстіктегі шәрлердің түндері ерек.
Мәжнүн талы талықсып құлағыңа
Сыбырлайтын сияқты бірдеңе деп.
Бірақ нем бар басқаның қаласында,
Бес бересім, жоқ алты аласым да.
Өзге тұрмақ өзі де түсінбейтін,
Алқам-салқам қазақтың Жаны осында!
Түнгі Астана бір жұмбақ мен білетін.
Тапқандаймын айтудың енді ретін.
Бұйығы Есіл, бүк түскен Қараөткел де
Бүгіп жатыр тарихтың шерлі бетін.
Тылсым күштер әдетте түнде өреді,
Емес бірақ бұл әсте жын-пері елі.
Қараңғылық басқанда айналаны,
Олар-дағы оянып үлгереді.
Ескерткіш боп тұрғанмен Кенесары,
Есіл бойын кезіп жүр елесі әлі.
Түсіп келе жатады түн ішінде
Тұғырынан (басы жоқ!) дене жағы.
Көк шалғынның орнына тас төсеген,
Көк аспанмен таласқан асқақ, әсем
Астананы жаңғыртып ат тұяғы,
Батыр жүйткіп барады Бас көшемен.
Шашыраған қазақтың басын құрап,
Шейіт болған жолында асыл мұрат,
Батыр жаны жай таппай өлген соң да
Кең даланы кезіп жүр Басын сұрап!
Шолпан жұлдыз туғанда Ай таранып
Тұрады осы көрініс қайталанып.
Таң сыз бере қажыған әлсіз дене
Тұғырына қонады қайта барып...
Бекжан ӘШІРБАЕВ - ІІ орын
АСТАНА АЙШЫҚТАРЫ
Анық тапты ұл тұрағын,
Жайды көркем қыз құрағын.
Астанамен бірге барды,
Сарыарқаға ынтымағым.
Ажыратпай тоғымды аштан,
Мыңға жетті қозым қосқан.
Қараөткел – көне қоныс,
Жер-су аты мөрім басқан.
Қолдан бермей өр намысты,
Баста қимыл, сөзжарысты.
Ерке Есіл ағып жатыр,
Еске салып қозғалысты.
Туды еркін, бұла заман,
Қурамастай құнар алам.
Елорданың есігінен,
Қызығады сығалалған.
Кітап ашты білімді ұлтым,
Онсыз алдым бұлыңғыр тым.
Кеше біткен ғимаратқа,
Кіріп-шығу бүгін мүмкін.
Көңілді әктеп таңның нұры,
Ашылады талдың бүрі.
Пайда болды көз ілеспей,
Жоқ көшелер алдын күні.
Түскен халық жай арбадан,
Пойызды іздеп аяңдаған.
Аспалы жол іліп алған,
Аспанда бар аялдамаң.
Бос далаңа тоны қатқан,
Құрғандар бар бөріқақпан.
Үрейленіп жүрсін бәрі,
Кептелістен көлік аққан.
Қырдағы әдет – қудым сағым,
Бал сезімге сүңір шағым.
Он сегізге ән айттырған,
Сүйкімді ғой субұрқағың.
Сырды оңаша шерткен ұнар,
Екі жүрек көкке құмар.
Ай жарығын төлемейді,
Бірақ қымбат сәттері бар.
Серт байласты түнде жастар,
Сезді үлкендер білген астар.
Тоғыз беріп, құдаласты,
Құрылыстан бірге достар.
Сыйлар ертең өріс жұбың,
Ажыратар өң-түсті кім?!
Бір жастықта басын қосты,
Оңтүстік пен солтүстігім.
Құшақ-құшақ гүл ұстатқан,
Күйме көрдім күміс таққан.
Бұрымдысы батысымның,
Күн боп шықты шығыс жақтан.
Көбейгенге бақ дарыпты,
Ақ бесігім, сақта құтты.
Шар үрленіп көрші үйде,
Шілдехана басталыпты.
Басқа түскен дүрмекті ұмыт,
Жібермесін мұң кептіріп.
Кілт тапсырып жас отауға,
Тілек айтам түргеп тұрып.
Парасатты, кең ұғымды,
Болсын елге келін үлгі.
Топырлаған немереңе,
Жібіт, ата, ерініңді!
Ғазиз ЕШТАНАЕВ - ІІІ орын
ЕСІЛДІҢ ТҮНІ
Тылсымымен тартып алып кететін,
Бір кие бар осы өзеннің бойында.
Есіл жақтан ентігіп жел жететін,
Еркелеп кеп асылады мойынға.
Сезінесің жан тербетер әр күйді,
Ай сәулесі маңдайыңнан сүйеді.
Миллион толқын әлдиінен балқиды
Семіп қалған сезіміңнің сүйегі.
Есіл бойы керемет түн, керім шақ,
Тамашасын тартады алға кемді күн.
Жан-жүйеңді емдесе түн демін сап,
Жоғалады шор боп қалған
шер-мұңың.
Түнгі аспанның өз әні бар сиқырлы,
Жалқы сәтте алатұғын жан жаулап.
Бір ғаламат күйге енесің сүйкімді,
Тамырыңның бойыменен қан заулап.
Сығалайды...
Сықылықтап күледі...
Жұлдызды анау жұлдыз емес,
көз дейсің.
Толған Ай ғой – түннің жұмыр жүрегі
Сол жүрекке байланасың...
Сезбейсің.
Естисің бе түннің ғажап әуенін,
Ей, ару қыз, арман болған
ақ маңдай.
Ерке Есілдің ар жағынан әндетіп,
Ақ боз мініп Сәкен келе жатқандай.
Толқындардың сәулесі бар шашылар,
Елітетін ертегі-елес, ойынға.
Міне, осындай түннің тамашасы бар,
Астанада.
Ерке Есілдің бойында.
Батырхан СӘРСЕНХАН - ІІІ орын
КҮМБЕЗ ҚАЛА
Кезеңдер қойнауына жаңа бардым,
қат-қабат тағдырындай
қала адамның.
Астана –
болашағы бұрынғының,
көненің, кербез уақыт, бабалардың!
Келемін күмілжулі, қалықтаулы,
қарсы алып ұлы сәске, жарық таңды.
Әрбір жота астында бір-бір баба,
Бір-бір баба жатқандай қорып маңды!
Жолаушы,
Асыққандар шуламаңдар,
Мен балаң жад тарихын
жырға малған.
Бұл жерде шоғыр-шоғыр
елес көшкен,
Бұл жерде алуан-алуан
сыр қаланған!
Шығысым, дұғагөйім, жол көшінде,
Батысым, шақырған кіл шендесуге.
Қаз тұрған
дүр Астана,
жыр Астана,
Күмбездей Сарыарқаның
кеудесінде!
Білсемші кеше қандай, бұрын қандай,
Тұсына дәуір сұсы бұрылғандай.
Бұтада әлсін-әлсін шырыл бардай,
Еңісте естілмеген бір үн бардай!
Кезеңдер... тұман жапқан,
бұлт орнаған,
Тұншықты лағыл бұлақ,
бұрқан далам.
Сен айт енді, шаттықты
айта алмаған,
Сен орында, әуенді шырқалмаған!
Арайлым МҰРАТӘЛИЕВА - ІІІ орын
БАР ҚАЗАҚТЫҢ БАС ҚАЛАСЫ
Сарыарқаның төсіндегі
Сол бір кештер есімде еді.
Сағыныш бар бұл мекенде
Сарғайтатын тосын мені...
Келем ойды түрлендіріп,
Жүрегіме жыр қондырып.
Көңілінде Күн бар шығар,
Адамдардың жүрген күліп.
Секундтарға қарайласаң,
Өтті дерсің қалай, қашан?
Мұнда елдің бірлігі бар,
Қуанамын соны ойласам.
Бұл қаланың сәні басқа,
Тіршілігі, заңы басқа.
Адамдардың сөзі де аз,
Жерік және жаны досқа.
Зиялысы кең көсілген,
Кетпес оңай енді есіңнен...
Киіміне адал тері,
Ауасына теңге сіңген.
Биік үйлер, биік ойлар,
Көше, тірлік, жиі қайнар.
Қала менен адам ұқсас,
Желі бетті сүйіп ойнар.
Жауыны да, дауылы да,
Қымбат қандай қауымы да.
Бұл қалада парасат бар,
Басқан бәрін бауырына.
Кемел болсын келешегің,
(Сөну керек неге сенім?!)
Бұл қалада махаббат бар,
Жемісі бар және соның.
Туым Көкте желбіреген,
Қазақ деген ел – бір әлем.
Сол әлемде ғұмыр кешіп,
Жаздым арнап мен бір өлең.
Бар қазақтың Бас қаласы,
Бар жақсының бастамасы,
Менің жалғыз Отанымның
Жасай берсін астанасы!
Сарыарқаның төріндегі,
Жырдың осы төгілгені.
Терезеден Ай қарайды,
Айдың жақсы көрінгені!..