BaiQymyz-2026: «Қамбар ата» көрмесі жылқы мәдениетін сурет арқылы ұлықтады

BaiQymyz-2026: «Қамбар ата» көрмесі жылқы мәдениетін сурет арқылы ұлықтады
Фото: Ернұр Сағымбек

Қымыз бен көшпенділер мәдениетін ұлықтаған BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі биыл гастрономиямен ғана шектелмей, ұлттық өнердің де мерекесіне айналды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Қамбар ата» халықаралық сурет және қолөнер көрмесі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Испаниядан келген суретшілердің басын қосып, жылқы мәдениеті мен ат өнерін қылқалам арқылы насихаттауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрме барысында келушілер жылқының тұтас өркениеттің ажырамас бөлігі екенін бейнелейтін түрлі жанрдағы туындыларды тамашалады. Қылқалам шеберлері әр еңбегінде еркіндік, табиғатпен үндестік, ата-баба мұрасы мен көшпенділер дүниетанымын өзіндік көзқараспен жеткізген.

Халықаралық көрменің ерекшелігі – әр елдің суретшілері жылқы тақырыбын өзінше бейнелегенімен, барлығының шығармаларынан адам мен табиғаттың, жылқы мен адамның арасындағы ерекше байланыс айқын аңғарылады. Бұл көрме мәдениеттерді жақындастырып, ұлттық өнердің шекара талғамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.

Алматыдан келген суретші Жұмахан Қайранбаев көрмеге тарихи және танымдық мазмұндағы екі туындысын әкелгенін айтты.

«Көрмеге екі картинамды алып келдім. Біріншісі – «Адам ат», яғни кентавр, екіншісі – «Көшпенділер». Бұл туындылар арқылы ата-бабаларымыздың көшпенді өркениетін, олардың дүниетанымы мен мәдениетін көрсеткім келді. Бабаларымыз көшіп-қонып жүрсе де, кең байтақ жерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етті. Ал кентавр бейнесі – Батыс әлемінің біздің халықты жылқымен етене байланыстырып танығанының бір көрінісі. Жылқыға қатысты көптеген тарихи жәдігер дәл біздің жерімізден табылғаны белгілі. Бүгінгі көрмеге қатысушылардың барлығы дерлік Жылқы күніне орай жылқы тақырыбындағы туындыларын әкеліпті. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің шығармаларымен танысып, олардың өнерінен де үлкен әсер алып жатырмыз», – деді ол.

«Қамбар ата» көрмесі ұлттық мұраны насихаттаумен қатар халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға да мүмкіндік берді. Әртүрлі елден келген суретшілердің басын қосқан шығармашылық алаң өнердің ұлт пен шекараға бағынбайтын ортақ құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жылқы мәдениетін жаңа қырынан танытуға жол ашты.