Жүзеге асқан жобалар

Жүзеге асқан жобалар
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері елордадағы төрт инвестиция нысанын аралап, олардың жұмысымен және даму жоспарымен танысты.

Қоғамдық кеңес мүшелері алдымен Stadler Kazakhstan зауытына барды. Мұнда Қазақстан теміржолдарына арналған заманауи жолаушылар вагондары құрастырылады. Кәсіпорынның өндіріс қуаты жылына шамамен 90 вагон шығаруға мүмкіндік береді. Былтыр 51 вагон жасалса, биыл 92 вагон өндіру жоспарланған. Қазір зауытта 720 адам еңбек етеді. Өндіріс аумағы 32 мың шаршы метрді құрайды. Қосымша 16 мың шаршы метрлік жаңа цех салынып жатыр. Онда 2027 жылдың ортасынан бастап алюминий вагон қаңқаларын дайындау көзделген. Жаңа өндіріс іске қосылғанда тағы 100-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Келесі нысан – Modex Astana зауыты. Кәсіпорын тұрғын үй құрылысына арналған көлемді блок құрылымдарын шығарады. Бұл технология ғимараттың негізгі бөліктерін зауытта дайындап, құрылыс алаңында құрастыруға мүмкіндік береді. Зауыт өнімдері пайдаланылған жобалар аясында бүгінге дейін 12940 пәтер тапсырылған. Былтыр 170 мың шаршы метр­ге жуық модуль құрылымы шығарылса, биыл өндіріс көлемін 210 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіп­орында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Мұнда мамандарды өндіріс орнында оқыту жүйесі қалыптасқан. Биылдың өзінде 200-ден астам қызметкер арнайы даярлықтан өткен.

Қоғамдық кеңес мүшелері биыл қыр­күйекте ашылған Sabis халық­аралық мектебінің жұмысымен де танысты. Құрылысы 2024 жылы басталған білім беру мекемесінде қазір 150 оқушы білім алады. Жобаның алғашқы кезеңінде мектепке де­йінгі балаларға 300, ал оқушыларға 500 орын қарастырылған.

Тағы бір нысан – «Лес» экопаркі. Wellness Resort Mountains ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба елордадағы туризм мен демалыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Кешенде 71 қонақүй нөмірі мен демалыс орны қарастырылған. Екі, төрт және алты адамға арналған үйлер бар. Экопарк бір мезгілде 300-ге дейін келушіні қабылдауға есептелген. Алдағы уақытта балаларға арналған жабық ойын алаңы, ашық бассейндер және қысқы демалыс бағыттарын дамыту жоспарланып отыр.

Қоғамдық кеңес мүшесі Азамат Оспанов «Мониторинг нәтижесіне жоғары баға беремін. Кәсіпорындардың жұмысын өз көзімізбен көрдік. Әсіресе, өндіріс орындарының қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр­ғаны маңызды. Бір зауытта 700-ден астам, екіншісінде 600-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл – жүздеген отбасы үшін тұрақты табыс көзі. Инвестиция жобаларының халыққа беретін нақты пайдасының бірі де осы» деді. Ал Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы мұндай кездесулер кәсіпкерлердің мәселелерін анықтап, қажетті қолдау шараларын қарастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Нұрдәулет КӘКІШ