Кітап оқуға құлшыныс артты

Кітап оқуға құлшыныс артты

Кітап оқығаннан адам санасы жетіліп, танымы тереңдеп, ой-өрісі кеңейеді. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бала күнімізде кітап оқуды санамызға сіңірген әкем болды. Бұйыра тіл қатпады, алайда өзі оқып жатқан кітаптың қызықты сәттерін дастарқан басында айтып беретін.

Құлақ түріп, тыныш отырып тыңдай түсеміз. Әңгімесіне ұйығанымызды аңғарады да сөзін кілт тыяды. Жалынамыз келіп, айта түсіңізші деген өтініш орындалмайды. Сөйт­сек кейін есейгенде білдік, әкейдің оқуға деген құлшынысымызды арттыру үшін тауып алған айласы екенін. Сол кезден бастап, ауылдың шағын кітапханасынан шықпаймыз. Сондағы бар ойымыз кітапты бірінші болып оқып, әкемізге түсінгенімізді айтып беру еді.

Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтың кітаптарын жата-жастана оқыдық. Ауыл ат төбеліндей шағын болғанымен, 1990 жылдары тұрғындардың кітап оқуға деген ықыласы ерекше болды. Кітапханаға келген жаңа кітаптарға кезекке тұратынбыз. Ел тәуелсіздік алғалы бері бұл үрдіс тыйылған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқудың адам тәрбиесі мен қоғамның рухани дамуындағы маңызына тоқталып, кітаптың жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан екенін жеткізді.

– Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан. Сондықтан мен биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзінен кейін ел бойынша кітапқа деген құштарлық артты. Қазір қай жерде болмасын кітап оқудың насихаты қарқын алды. Қолына кітап ұстаған қарттан бастап, жастарға дейін жарыса оқитын болды. Нәтижесі де жоқ емес. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына сұрау салғанымызда жыл басынан бері оқырмандар саны артқан.

– Ұлттық кітапхана есебінше 55 380 оқырман қамтылды. Бұл аз көрсеткіш емес. Жаппай кітап оқуға деген құлшыныс артып келеді. Ал көп оқылған кітаптар санының көшін бастап тұрған Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері». Осыдан-ақ оқырман ықыласын білуге болады, – дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Айтоты Жақыпова.

Құптарлық және қуанарлық жағдай. Кітап оқуды насихаттауға астаналық ағайын белсене кіріскен. Бұған күн сайын куә болып келеміз. Әсіресе жастардың белсенділігі – бір төбе. Есілдің жағасында кітап оқып отырған жастарды өз басым сан мәрте көрдім.

– Мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабын оқыдым. Шынайы. Өзіме қатты әсер етті. Сол кездегі сәулелі сәтті ерекше суреттеген. Мұны құрбыларыма да айтып мақтандым. Оларға оқуға кеңес бердім, – дейді астаналық жас оқырман Баян Мәдіғалиқызы.

Астана қаласының орталық­тан­дырылған кітапхана жүйесіне бас сұғып, кітап іздей барғанымда оқырмандардың көп екеніне көз жеткіздім. Бір оқыр­ман Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» кітабын жаздырып алып жатты. Қалалық кітапхана мамандарын сөзге тартқанымда жиі оқылатын кітаптардың тізімін ұсынды. Мұнда Дулат Исабековтың «Қарғыны» мен «Гаухартасы», Немат Келімбетовтың «Күншілдігі», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Сейдахмет Құттықадамның «Ұлтқа қызмет ету» кітаптары бар. Мамандардың айтуынша, осы кітаптар оқырман қолынан жиі табылады.

Жалпы алғанда, Астанада кітапқұмар ағайын баршылық. Кітапқұмар оқыр­мандардың өз бетінше әр жерлерде кездесу өткізіп жатуларынан-ақ оқыр­ман қарасы қалың екенін бағамдауға болады.