Мәслихат сайлауы қалай өтеді?

Мәслихат сайлауы қалай өтеді?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Орталық сайлау комиссиясы 13 қазандағы отырысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 29 қарашаға белгіледі. 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайланады. 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған: 668 мандат – 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат – 38 қалалық, 2 153 мандат – 170 аудандық.

Орталық сайлау комиссия­с­ы­ның мәліметінше, үміткерлерді ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасты. Партиялық тізімдер мен үміткерлерді тіркеу 1 қарашада сағат 18:00-ге дейін аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша – тыныштық күні. 29 қараша – сайлау күні.

Сайлау жарнасы қанша? Оны кім төлейді?

Мәслихат депутаттығына үміткерлер сайлауға қатысу үшін 425 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Заңда белгіленген талаптарға байланысты кейбір саяси партиялар жарнаны толық төлеуден босатылады. «Мәслихат сайлауы аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылған үміткерлер да қатыса алады. Азаматтар мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен де үміткер бола алады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізім ұсынған саяси партиялар тізімге енгізілген әрбір үміткерге белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Қазіргі уақытта бұл сома 425 мың теңгені құрайды. Өзін-өзі ұсынған азамат сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін дәл осындай мөлшерде жарна енгізуге міндетті» деп түсіндірді заңнаманы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жәнәбілова.

Сайлау жарнасы қайтарыла ма?

Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, саяси партия сайлауға қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған жағдайда жарнасын қайтарып алады. Сондай-ақ партиялық тізімдегі жалғыз үміткер қайтыс болған жағдайда да жарна қайтарылады. Ал өзін-өзі ұсынған үміткер мәслихат депутаты болып сайланса немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алса, енгізген жарнасы өзіне қайтарылады. Ол қайтыс болған жағдайда да жарна қайтарылады.

Заңнамада алдыңғы сайлау­дың нәтижесіне қарай саяси партияларға жеңілдіктер қарастырылған. Тиісті сайлау округінде өткен мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған партиялар жарна төлеуден босатылады. 3 пайыздан 5 пайызға дейін дауыс жинаған партиялар – белгіленген жарнаның 50 пайызын, ал 1 пайыздан 3 пайызға дейін дауыс алған партиялар оның 70 пайызын төлейді.

Додаға 7 партия қатысады

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 7 саяси партия қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды. Орталық сайлау комиссиясы мүшелері тиісті қаулылар қабылдап, сайлауға қатысуға рұқсат алған партиялардың тізімін бекітті. Олардың қатарында «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы бар. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Amanat партиясынан ресми хат түскенін хабарлады. Құжатта партияның мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтыны айтылған.

Үкімет резервінен қаражат бөлінеді

Сайлауды өткізуге қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Себебі биылғы бюджетте осы сайлау науқанына қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді. Ол сайлауға бөлінетін қаражаттың нақты көлемін Үкімет аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері мен дауыс беруді ұйымдастыруға жұмсалатын нақты шығындарды ескере отырып айқындайтынын айтты. Алдын ала жасалған есеп бойынша, қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеу­ге жұмсалады. Бұл мақсатқа сайлаудың жалпы бюджетінің шамамен 75-80 пайызы жұмсалады. 86 мыңнан астам комиссия мүшелеріне еңбекақы төленеді. Бұл сайлау науқанының бірқатар ерекшеліктері бар. Мәселен, қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы жұмысқа тартылып, құрамына тағы 15 110 адам кіреді. Олардың еңбегіне де қосымша ақша қажет. Одан бөлек, бірмандаттық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына бақ сынайтын үміткерлерді мемлекеттік қаржыландыруға қаржы қарастырылады. Заңнамаға сәйкес, тіркелген үміткерлердің сайлауалды үгіт жүргізуіне мемлекет қаржы бөледі. Оның нақты көлемін Орталық сайлау комиссиясы жеке айқындайды. Сайлау бюллетеньдерін басып шығаруға да қосымша шығын жұмсалады. Құрылтай сайлауынан айырмашылығы, бұл жолы облыстық қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары сайланады. Сондықтан бюллетеньдердің саны мен оларды басып шығару шығыны әр өңірдегі дауыс беру ерекшеліктеріне қарай есептеледі.

12 млн-нан аса адам дауыс бере алады

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионнан астам азамат дауыс бере алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұлов брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беруге 20 күн қалғанда әкімдіктерден сайлаушылар тізімін алады. «Биыл сайлауға 12 миллионнан астам сайлаушы қатысады деп жоспарланып отыр. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, дауыс беруге 20 күн қалғанда аумақтық сайлау комиссиялары әкімдіктерден сайлаушылар тізімін алады. Содан кейін тізімдер түпкілікті қалыптастырылады» деп түсіндірді Азамат Айманқұлов.

Күнтізбелік жоспарын бекітті

Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталады және 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталады. Партиялық тізімдер және кандидаттарды тіркеу кезеңі 1 қарашада сағат 18:00-де аяқталады. «ҚР Сайлау туралы заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдер және кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталған сәтте басталады. Үгіт-насихат кезеңі сайлауға бір күн қалғанда сағат 00:00-де аяқталады. Яғни, 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қарашада сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі» деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман. Сайлау учаскелерінің шекараларын және учаскелік комиссиялардың құрамдарын жариялау мерзімі сайлау тағайындалғаннан кейін 15 күннен кешіктірмей, яғни 28 қазанға дейін анықталуы керек. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімдерін дауыс беру басталардан 20 күн бұрын – 9 қарашада сайлау учаскелеріне жібереді. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен 15 күн бұрын, яғни 13 қарашадан бастап ұсынылады. 2026 жылғы 28 қараша – Тыныштық күні. «Дауыс беру сайлау күні сағат 7:00-ден сағат 20:00-ға дейін өтеді. Аумақтық сайлау комиссиялар дауыс беруді бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгілеуге құқылы. Бұл жағдайда дауыс беруді 6:00-ден ерте бастауға және сағат 22:00-ден кеш аяқтауға болмайды» деп түсіндірді М.Ерман. Мәслихаттар депутаттарының сайлау қорытындылары 5 күн мерзімде анықталады.

Сайлаушылардың тізімін кім жасайды?

Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы хабарлағандай, сайлаушылардың тізімін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Сайлаушылар тізіміне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша сайлау округінің тиісті сайлау учаскелері аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей, яғни 2026 жылғы 29 қазанға дейін енгізіледі. Әкімдік азаматты ол дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдас­тырады. Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады. 2026 жылғы 13 қарашадан бастап сайлаушыларға нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміндегі немесе тиісті әкімдіктің колл-орталығы арқылы өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.