Жастар театрының жемісті жорығы

Жастар театрының жемісті жорығы

Астанадағы Жастар театры Қарағанды, Шымкент, Әндіжан, Ош және Қызылорда қалаларын қамтыған шығармашылық сапарын сәтті қорытындылады. Бірнеше қала мен екі мемлекеттің сахнасында өнер көрсеткен ұжым үшін бұл сапар кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа көрер­менмен жүздесуге және театр өнеріндегі шығармашылық мүмкіндіктерін саралауға жол ашты.

Сапар барысында театрдың «Қаракөз» қойылымы екі республикалық фестивальге қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ал «Жібек» мюзиклі халықаралық фестивальде жоғары бағаланып, шетелдік сахнада өнер көрсетуге жаңа мүмкіндік алды.

Қарағанды қаласында өткен Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын…» III республикалық театр фес­тивалінде «Қаракөз» қойы­лымы «Үздік сценография» және «Үздік ансамбль» номинациялары бойынша марапатталды. Бұдан кейін қо­йылым Қызылордада ұйым­дастырылған Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестиваліне қатысып, тағы да «Үздік сценография» номинациясын иеленді. Бір қойылымның екі республикалық фестивальде қатар бағалануы театр ұжымының көркемдік ізденісіне берілген баға болды. Жастар театры үшін ендігі міндет – қол жеткізген жетістіктерді сақтап қана қоймай, жаңа көркемдік белестерге ұмтылу. Репертуарды байыту, режиссерлік ізденістерге кеңістік ашу, актерлердің шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және халықаралық театр кеңістігіндегі байланыстарды нығайту екенін айтады театр директоры Мақпал Мыса.

«Сапар барысында театрымыздың ұжымы үшін тағы бір қуанышты жаңалық болды. «Қаракөз» қойылымының режиссері Дәурен Серғазин Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды. Өнер жолындағы табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісі жоғары бағаланған әріптесінің марапаты театр ұжымы үшін де ерекше мақтаныш. Ал Әндіжан қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық театр фестивалінде Жастар театрының «Жібек» мюзиклін көрермен назарына ұсындық. Қойылымның режиссері, Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай «Ең үздік режиссер» атанды. Бұл жетістік мюзиклдің көркемдік деңгейін танытып қана қоймай, оның халықаралық сахнадағы мүмкіндігін де кеңейтті. Нәтижесінде қойы­лым Түркияның Анталия қаласында өтетін халықаралық фестивальге жолдама алды» дейді Мақпал Мыса.

Осылайша, Қарағандыдан басталып, Шымкент, Әндіжан, Ош арқылы Қызылордада түйінделген бұл сапар театрдың шығармашылық тынысын кеңейтіп, жаңа белестерге жол ашты.