Жаңа тарихи кезеңдегі бағдарымыз

Жаңа тарихи кезеңдегі бағдарымыз
фото: Астана қаласының әкімдігі

Жаңа Жолдаудың мазмұны алдағы ұзақмерзімді перспективаның негізгі басымдықтарын айқындайды: елдің инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға үлкен қаржы бөлінеді және республиканы одан әрі дамыту бойынша негізгі басымдықтар белгіленеді. Яғни негізгі бағыттар – егемендікті нығайту, ішкі тұрақтылық, экономиканы, ғылымды және инновация технологияларын дамыту, ал негізгі міндеттер – барлық өңірдің инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңарту.

Экономикалық даму мәселелері бойынша инвестицияларды басқарудың бірыңғай жүйесін және орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын құру қажеттілігі бар. Қоғамдағы тұрақтылық Қазақстанға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сол үшін де Мемлекет басшысы жаңа кезеңдегі негізгі стратегиялық міндеттерді атап өтті.

«Халықтық құрылыс» – бұл жолғы Жолдауда ұсынылған ауқымды инфрақұрылым жобасы. Әлеуметтік-экономикалық блокта да даму бар. Жолдарды абаттандыруға, ауруханалар мен мектептер салуға үлкен қаражат бөлінді.

«Қазақстан Еуразиялық көлік хабына, халықаралық жүк тасымалдарын ұйымдастырушыға айналуы тиіс, бұл – стратегия­лық міндет. Республикалық, жергілікті ауқымдағы сапалы жолдармен Үкімет, Көлік ми­нистрлігі айналысуға тиіс» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жолдауда сервистік инфра­құрылым, толық цифрландыру қажеттілігі, барлық азаматтық инфрақұрылымды қайта құру туралы айтылды. Дамыған инфра­құрылым халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді. Өңірлерді жайластыруға ерекше назар аударылды. Күшті аймақтар – мықты ел. Тарихи жауапкершілік – заманауи инфрақұрылымы, өмір сүру деңгейі жоғары сапалы жаңа ел құру. Тарихи ауқымның миссия­сы – адами капиталды дамыту.

Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды, енді оның ұйымдастырушылық рөлі артуы тиіс. Шешуді қажет ететіні – су тапшылығы мәселесі. Президент ауыз суды тұтынуды бақылауды, сондай-ақ су ресурстарының ақпарат жүйесін құруды айтты. Суға ұқыпты қарау әрбір қазақстандыққа қатысты. Президент Үкіметке ірі әлеуметтік-экономикалық жобаларды, сондай-ақ бизнесті экономиканың қозғаушы күші ретінде қолдауды тапсырды.

Қазақстан Республикасы халықтың әл-ауқаты үшін цифрлық экономика құруы, елдің цифрлық трансформациясының барлық мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Стратегиялық мақсат – «Халықтық цифрлық экономика». Барлық азаматтар заңды табыс алу үшін смартфонды пайдалана білуі тиіс.

Халықтың әл-ауқатына келсек, Президент инфляцияға қарсы күресті жалғастыруға шақырып, оны төмендету қажеттігін атап өтті. Банктер қосымша қаржы көздерін жұмылдыру арқылы бизнеске несие беруі керек. Салық салу ашық және әділ болуы шарт.

Мемлекет басшысы шын мә­нінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсете отырып, әлеуметтік саясатты қайта қарауға шақыр­ды. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша алдымен пилоттық режимді сынақтан өткізіп, содан кейін ғана іске асыруды ұсынды. Мұғалімдер еңбегінің өзекті мәселелеріне және инклюзияны мемлекет тұрғысынан қолдауға көп көңіл бөлінді.

Президенттің айтуынша, жаңа тарихи цикл Үкіметтің жоспарлары мен стратегияларын қайта қарауды талап етеді. Ал прогрессивті Қазақстанды құру үшін стратегиялық озық режимде жұмыс істеу керек.

 

Сансызбай ЕСІЛОВ,

Астана қаласы Ардагерлер

кеңесінің төрағасы, Астана

қаласының құрметті азаматы