Біз бұрын кісіні ісіне қарап құрметтейтін ел едік. Қазір күшіне, түсіне қарап құрметтейтін болдық-ау. Бұл үрдіс қоғамның барлық саласына дендеп кірді. Кімнің танысы бар – сол қадірлі. Кімнің атағы бар – сол данышпан. Сенің не жазған кітабың, не тапқан жаңалығың, не айтқан сөзің қызық емес сияқты. Мүмкіндігі, байланысы бар ма, атағы бар ма – соған қарай бағалаймыз.
Өкінішке қарай, осы індет әдебиет саласына да таралды. «Вакцинасы» әлі табылмай жатыр. Сондықтан біз қазір жазушының шығармасына емес, алған сыйлығы мен марапатына қарап оның өресін бағалайтын, соған қарап мақтайтын үрдіс қалыптастырдық. Кітаптың өзіне үңілмей тұрып, автордың атағын түгендейміз. «Қай байқауда жеңді? Қандай медаль алды? Қай сыйлыққа ие болды?» деген сияқты. Оған соңғы кезде «қай блогер мақтады?» деген де сұрақ қосылып жүр. Қазір әдебиет мүлдем дамымай қалды деуге болмайды. Қаулап шығып келе жатқан жас ақын-жазушылар көп. Бүгін оларды бір-екі адам ғана оқып жүрген шығар. Ертең іздеп оқитындар көбейеді. Өйткені уақыт әділ. Ол бәрін іріктейді. Бүгінгі даңқыңның құны ертеңгі әдебиеттің алдында көк тиын. Ал бүгін елеусіз көрінген жақсы шығарма уақыт өте келе өз оқырманын бәрібір табады.
Әдебиетте медаль тағып алғандар бедел сатып ала алмайды. Сондықтан түңілуге де жол жоқ. Дейтұрғанмен біздің әдебиетіміз бір күнде дамып кетпейтіні де анық. Егер әдебиет бір ғана атақпен, бір ғана қонақпен, бір ғана кездесумен дамып кететін болса, Қытайдың Нобель сыйлығын алған жазушысы Мо Янь елімізге келіп, сапарлап кеткен күні-ақ қазақ әдебиеті дүркіреп дамып кетер еді. Бірақ олай болмады!
Негізі, біз Мо Яньның шығармасын білсек те, білмесек те, оқысақ та, оқымасақ та, оның Нобель алғанынан хабардармыз. Сондықтан оны құрметтедік. Сыйладық. Қасына тұрып суретке түсуге асықтық. Атағын абыройынан бұрын көрдік. Себебі белгілі, жаңағы «дерт» меңдеген қоғамбыз ғой. Адамның өзіне емес, атағына қарайтын қоғам екеніміздің дәлелі де сол.
Шынтуайтында, бізге Мо Яньның өзі емес, шығармалары керек еді. Мо Янь елге келгенше оның шығармаларының тоқсан пайызы қазақ тілінде сан алуан нұсқада сөйлеп тұрса ғажап болар еді немесе ол елден аттанып кеткен соң, кітапханаларымызда оның шығармаларының әртүрлі аудармалары қаптап тұрса да жөн дер едік. Бірақ олай етпедік. Себебі бізге «Нобель алған жазушы келіпті» деген атақ қана керек болды. Тым құрығанда сол кезде Мо Яньмен Төлен Әбдік сияқты өзіміздің ірі жазушыларымыздың тікелей сұхбаты ұйымдастырылса. Сол әңгімеде айтылған сөздер толық аударылып, елге таратылса. Біз Мо Яньмен түскен суретке емес, оның айтқан сөзімен ауырсақ. Оның әдебиет туралы ойларын талқыласақ, шығармаларын оқысақ, жастарға ұсынсақ керемет болар еді ғой. Міне, сонда әлдебір әдеби қозғалыс пайда болар еді. Сонда оның да бекер келіп, бекер кетпегені болар еді. Мылқау адам құсап келді де кетті, ал не болды? Сондықтан бізге Нобель сыйлығын алған қаламгердің өзі емес, еңбектері, мақалалары, Нобель дәрісінде сөйлеген сөздері, сұхбаттары, романдары, әдебиет туралы ойлары керек. Бізге Нобель алған адамның бір ғана марапаты емес, оның сол марапатқа дейінгі ондаған жылдық еңбегі маңызды.
Мейлі қалай болмасын, осы күнге дейін жүзден аса қаламгер Нобель сыйлығын алса, солардың ең болмаса Нобельді алған кезде сөйлеген сөздерінің өзі жастарға үлкен азық болар еді. Қаламгердің сол мінберде айтқан бір ауыз сөзі кейде бір кітаптың орнын баспаса да, бір кітапқа жол ашуы мүмкін. Соны аударайық. Соларға күш салайық. Тіпті енді Нобель сыйлығын алады-ау деген жазушыларды күні бұрын аударайық. Әдебиет әлемінде кім не жазып жүр, қандай шығарма дүниеге келді, қандай идеялар айтылып жатыр – соны халыққа жеткізейік. Сонда ғана біз атақты адамның соңынан ерген қоғам емес, шығарманың соңынан еретін оқырман қоғамына айналамыз!