Aulafit жазғы маусымын бастады

Aulafit жазғы маусымын бастады
фото: Сұлтан Сейіт

Елордада  жыл сайынғы әлеуметтік-спорттық AULAFIT жобасының ашылу салтанаты өтті. «Құлагер» тұрғын үй кешенінің ауласында ұйымдастырылған іс-шараға құрметті қонақтар және қала тұрғындары белсенді қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара барысында жоба таныстырылып, оның негізгі мақсаты мен жүзеге асу барысы туралы айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

«Алты  жыл қатарынан өткізіліп жатқан AULAFIT жобасы Астана қаласының 6 ауданындағы 30 аулада аптасына 6 күн тегін жаттығулар ұйымдастырады. Таңертең ересектерге, ал кешке балаларға арналған жаттығулар өткізіледі. Бұл - тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және аула мәдениетін дамытуға үлкен мүмкіндік» дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Жоба аясында қаладағы тұрғын үй кешендерінің аулаларында кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен тегін спорттық жаттығулар өткізіледі. Ашылу рәсімінде қатысушылар да белсенді түрде спорттық жаттығуларға қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті. Сонымен қатар балаларға арналған көңілді ойын бағдарламалары ұйымдастырылды.

AULAFIT жобасы елорданың 30 ауласын қамтып, маусымнан қыркүйекке дейін төрт ай бойы жүзеге асырылады. Бағдарлама жас ерекшелігіне бейімделіп, жалпы дене дайындығы, фитнес жаттығулары және спорттық ойын түрлерін қамтиды.

Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті