Әуежолының әлеуеті қалай артады?

Әуежолының әлеуеті қалай артады?

Еліміз тоғыз өзеннің түйісінде, тоғыз жолдың мүйісінде, Еуропа мен Азияны әуе жолы арқылы тұтастырып тұр. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, жаһандық логистикалық хабқа айналуына жол ашып отыр. Әлбетте, бұл – көлік қатынасы ғана емес, экономиканың көптеген саласына серпін беретін мүмкіндік. Сондықтан да еліміздегі инфрақұрылымды, сервисті және техникалық әлеуетті заман талабына сай дамытсақ, халықаралық тасымал көлемін ұлғайтып қана қоймай, туризм, сауда, инвестиция және қызмет көрсету салаларын да жаңа деңгейге көтеретініміз анық.

ІШКІ РЕЙСТЕР СУБСИДИЯЛАНАДЫ

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке  Қазақстанды жетекші авиация­лық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет жүктеген болатын. Міне, осы тапсырманы орындау аясында Премьер-министр Олжас Бектенов биыл Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарында жаңа төрт әуежайды (Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, Арқалық әуежайларын) уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

Ал ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жыл соңына дейін Қазақстанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп авиация саласын 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспары әзірленіп жатқанын айтады.

«2026 жылдың алғашқы 4 айында отандық әуе компаниялары 4,6 млн жолаушы тасымалдады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 15,4 млн), өңделген жүк көлемі шамамен 50 мың тоннаны құрады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 173,3 мың тонна), еліміздің әуежайлары 9 млн жолаушыға қызмет көрсетті (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 31,8 млн). Бұдан бөлек, биыл жалпы қаржыландыру көлемі 6,4 млрд теңгені құрайтын 24 әлеуметтік маңызы бар бағыт субсидияланады. Ішкі маршруттық желінің дамуына туристік бағыттардың (Үржар – Алматы, Үржар – Астана, Үшарал – Астана, Үшарал – Алматы, Балқаш – Алматы, Балқаш – Астана) іске қосылуы қосымша серпін береді» деді ол.

Жалпы жыл басынан бері қазақстандық әуе компания­ларының паркі 3 ұшақпен толыққан. Бүгінгі таңда әуе кемелерінің  111 паркі бар. Жыл соңына дейін тағы 6 әуе кемесі келеді деп күтілуде, 2040 жылға қарай отандық әуе компаниялары әуе флотын 2,5 есеге (261 әуе кемесіне дейін) ұлғайтылмақ. Астана және Шымкент қалаларында екі ұшу-қону жолағы бойынша жобаларды іске асыру, сондай-ақ елдің 5 әуежайын (Алматы, Атырау, Үржар (терминал), Павлодар (ұшу-қону жолағы), Ақтау (перрон) жаңғырту көзделген. Кешенді жаңғыртуды қажет ететін барлық жобаларды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, аэрохабтарды қалыптастырудың жеке бағыты әуежайларды дамыту үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасау болып табылады. Алты әуежайдың (Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды және Шымкент) функционалдық мамандануын ескере отырып, экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту көзделеді. Бұл ретте әуежай инфрақұрылымын жаңғыртудың айтарлықтай бөлігі жеке инвестицияларды тарта отырып жүзеге асырылмақ.

Тіпті, бұл бойынша Түркия Республикасы Президентінің осы жолғы сапары барысында Алматы әуежайын жаңғырту бойынша 190 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімге қол да қойылған.

ЖАНАРМАЙЫ ӨЗ ЕЛІМІЗДЕН...

Соңғы бес жылда еліміз арқылы өтетін транзиттік ұшулар саны төрт есе артқан. Қазір аэронавигациялық қыз­меттен түсетін табыстың басым бөлігі дәл осы транзиттік рейстердің есебінен қалыптасып отыр. Бұл Қазақстанның халықаралық әуе дәлізіндегі маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар авиаотын бағасын тұрақты ұстап тұру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Үкіметтің қолдауының арқасында «ҚазМұнайГаз-Аэро» арқылы сатылатын авиаотын өңірдегі ең тиімді бағалардың бірі болып отыр. Отандық әуе компаниялары мұнай өңдеу зауыттарынан жанармайды тікелей алу мүмкіндігіне ие болған. Соның нәтижесінде Қазақстанға жанармай құю үшін қонатын транзиттік рейстер саны 16 пайыздан астам өскен. Бұл да еліміздің транзиттік әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Бұдан бөлек, мемлекет шағын авиацияны дамытуға да басымдық беріп отыр. Әуе техникасын сертификаттау құны екі есеге жуық арзандатылған. Сақтандыру жүйесі жаңартылып жатыр. Сондай-ақ туристік ұшуларды дамыту, азаматтық авиацияға әскери ұшқыштардың келуін жеңілдету бағытында жұмыс­тар жүргізілуде. Бұл ішкі әуе қатынасын кеңейтіп, туризм саласына да оң әсер етеді. Қазіргі таңда әлемде қарқынды дамып келе жатқан Urban Air Mobility, яғни қалалық әуе көлігі жүйесін қалыптас­тыру бойынша да жұмыстар басталған. Бұл – болашақта әуе таксиі секілді жаңа технология­ларды енгізуге жол ашатын маңызды қадамдардың бірі.

ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ

Астана мен Алматы әуежайларында орнатылған Q-Gate жүйелері жолаушылардың шекаралық бақылаудан өту уақытын 50 секундқа дейін қысқартқан. Енді мұндай жүйе­лер Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау әуежайларында да іске қосылмақ. Алдағы уақытта ішкі рейстерде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПСІЗ?

Бүгінде Қазақстан азаматтық авиация саласында қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда еліміз әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7 пайызға жетсе, отандық авиакомпаниялардың қауіпсіздік көрсеткіші 82 пайызды құрайды. Бұл – халықаралық талаптарға сай келетін жоғары деңгейдегі көрсеткіш. Осындай жетістіктердің арқасында Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ICAO бағалауы бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді. Бұл көрсеткіштер еліміздің авиация саласына деген сенімнің артып келе жатқанын аңғартады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 15 миллион жолаушы тасымалдаған. Ал ел әуежайлары арқылы 32 миллион адамға қызмет көрсетіліп, 173 мың тонна жүк өңделген. Бұл – әуе тасымалына деген сұраныстың жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жылдың алғашқы төрт айында ішкі рейстер арқылы 4 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Яғни, халықтың әуе көлігіне деген сұранысы тұрақты деңгейде қалып отыр. Бұл бір жағынан ішкі туризм­нің дамуын көрсетсе, екінші жағынан өңірлер арасындағы байланыстың күшейіп келе жатқанын білдіреді.

АЭРОТАКСИ ЖӘНЕ БИОМЕТРИЯ

Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту шеңберінде отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алуда, сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысын бастады. Бұдан басқа, әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кең ауқымда енгізіліп, бақылау уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады: биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Келесі қадам – Астана – Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске қосу.

Сондай-ақ Астанадан әлемнің түрлі елдеріне 34 халықаралық әуе бағыты бойынша рейстер қатынайды. Жыл соңына дейін тағы 5 бағыт ашу жоспарлануда. Токиомен тікелей әуе қатынасын іске қосу осы жылдың IV тоқсанында, АҚШ-пен тікелей рейстерді ашу келесі жылдың II тоқсанына жоспарланған.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы авиа­хабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғыр­ту бағытында кешенді жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты салада жоғары білікті мамандарға сұраныс өсіп отыр. Бұл сала бойынша соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артқан. Егер 2022-2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылына 618 грант қарастырылған.

ІШКІ ТУРИЗМГЕ КӨМЕГІ БОЛА МА?  

Маңғыстаудағы «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы жүргізілуде. 599 гектар аумақты қамтитын нысан Қарақия ауданында Кас­пий теңізінің жағалауынан 13 км қашықтықта салынып жатыр. Бұл әуежай 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады.

«Бірінші кезеңде Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға қабілетті 2200 метрлік ұшу-қону жолағы салынуда. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа авиабағдар ашу жоспарлануда» дейді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Ал Шығыс Қазақстан облысының Зайсан әуежайы бойынша дайындық деңгейі 76 пайызды құрайды. Әуеайлақ бөлігінің құрылысы толық көлемде аяқталды. Катонқарағай әуежайының дайындық деңгейі 55%-ды құрайды. Ұшу-қону жолағының асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, ғимараттар салу, инженерлік желілер жүргізу, автомобиль жолдарын және периметрлік қоршауды орнату жұмыстары жалғасуда. Жаңа әуежайлар бойынша бірінші кезеңде Өскемен, Алматы және Астана қалаларына ішкі әуе қатынасын ұйымдастыру, кейіннен халықаралық бағыттарды пысықтау жоспарланып отыр. Аталған іс-шараларды іске асыру жолаушылар ағынын жылына 100 мың жолаушыға арттыруға – 700 мыңнан 800 мың жолаушыға дейін, заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға, ішкі және сырттан келу туризм саласына инвестициялар тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.