Елімізде биыл мектептерде 4 миллионға жуық оқушы білім алып шықты, соның 215 мыңнан астамы 11-сынып бітірді. Демек осынша бала жоғары білім алуға ұмтылыс жасайды. Қазақстандағы ЖОО-на бакалавриат бағдарламасы бойынша 2026–2027 оқу жылына 75 371 білім гранты бөлінді. Олар негізінен инженерлік, IT, педагогикалық және ауылшаруашылығы мамандықтарына бағытталған. Осылайша мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы студенттердің оқуы бюджет есебінен төленеді. Алайда гранттар саны шектеулі, сондықтан елдің көпшілігі баласын ақылы оқуға түсіруге мәжбүр болады. Жетекші жоғары оқу орындарының коммерциялық ұсыныстарына назар аударар болсақ, олардың баға саясаты жоғары білім нарығындағы қазіргі жағдайды айқын көрсетеді.
Оқу ақысы қанша?
Алматыдағы еліміздің маңдайалды ЖОО-ы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биылғы оқудың бағасы 1 млн 100 мың теңге мен 1 млн 900 мың теңге аралығын қамтиды. Мұнда болашақ техникалық элитаны дайындайтын механика-математика және физика-техникалық факультеттерінде оқу үшін төлем ең аз.
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2026-2027 оқу жылында оқу құны орта есеппен 1 млн 250 мыңнан 1 млн 900 мың теңгеге дейінгі мөлшерде белгіленген. Алайда одан да қымбат бағдарламалар бар: «Стоматология» – 2 млн 100 мың теңге, «Клиникалық психология» – 2 млн 230 мың 700 теңге. Құны бойынша ең қолжетімді мамандықтарға «Мейіргер ісі» жатады, ол жылына 600 мың теңге және «Фармацевтика» 890 мың теңгені құрайды. Ашылғанына көп болмаған Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Мұнай-газ ісі» бағдарламасы бойынша оқу 3 млн теңге болып бекітілген.
Астанадағы Назарбаев Университеті қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік университеттерден кейінгі жоғары білімі ең қымбат оқу орны болып отыр. Бастапқыда жетекші еуропалық және американдық университеттердің моделі бойынша құрылған университте білім беру бағдарламалары мен мамандықтары шетелдік университеттермен ұқсас етіп қалыптастырылған. Олардың қатарында «Еуразиялық бизнес саласындағы іскерлік әкімшілендіру бакалавриаты», «Неврология бойынша резидентура бағдарламасы», «Химия саласындағы философия докторы (PhD)», «Мемлекеттік басқару саласындағы докторантура» және тағы басқалар бар. Алдағы жаңа оқу жылында мұнда мамандығына қарамастан оқу құны 7 млн 170 мың теңгені құрады.
Елордадағы тағы бір маңдайалды оқу орны – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде биылғы оқу жылындағы оқу құны «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Бизнес, басқару және құқық» және т.б. білім беру бағдарламаларының ірілендірілген топтары бойынша оқу құны 1 млн 600 мыңнан 1 млн 900 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ал ең қымбаты – «Халықаралық қатынастар», «Бизнес, басқару және құқық», сондай-ақ «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттары. Ең төменгі баға «Педагогикалық ғылымдар» тобында, оны оқу бағасы – 1 млн 600 мың теңге.
Жалпы елдегі топ – 15 қымбат университеттің жылдық оқу ақысы 1,2 млн теңгеден 7,6 млн теңгеге дейін барады. Ең жоғары баға шетелдік университет филиалдары мен Назарбаев Университетінде байқалғанын айттық. Ал жергілікті жеке жоғары оқу орындарының ішінде КИМЭП, Narxoz, AlmaU және КБТУ алда тұр. Cardiff University Kazakhstan бакалавриаты 16 мың доллар, 478 теңге бағамымен бұл 7,65 млн теңге болады. Бұл тізімдегі ең жоғары көрсеткіш. Ұлыбританияның беделді Russell Group қауымдастығына кіретін университет – Астана қаласындағы алғашқы шетелдік кампусы. Ол толығымен ағылшын тілінде оқытады және оқуды аяқтаған соң халықаралық дәрежеде мойындалатын британдық диплом береді. Одан кейінгі Coventry University kz оқу орнында бір жылдық білім алу құны – 7 млн 230 мың теңге.
Мемлекеттік қолдау және ішкі жеңілдіктер
Назарбаев Университетінде оқу, стипендия мен сақтандыруды қамтитын мемлекеттік білім беру гранттары, сондай-ақ шетелдіктерге арналған ЖОО-ның өзінің «Абай Құнанбаев» деген гранты бар. Байқау шарты қиын, себебі 12000-нан астам үміткерге шамамен 1250 гранттан келеді, сондықтан егер студент толық қаржыландыру мүмкіндігіне ие болмаса, 2026 жылдан бастап ішінара енгізілген NU гранттарына үміткер бола алады, бұл 10-20% жеңілдік қарастырылған гранттар. ҚР азаматтарына арналған грант конкурсына қатысу үшін бакалавриат бағдарламаларына түсушілер Nazarbayev University Entrance Test емтиханына немесе халықаралық стандартталған SAT / ACT тесттеріне өтінім беріп, бейіндік емтихандарды және IELTS / TOEFL ағылшын тілін білу тестін де тапсыруы қажет. Қазақстан азаматтары іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен кезде мемлекеттік грант конкурсына автоматты түрде қатысады. Құжаттарды тапсыру және тіркеу NU-ға түсу ресми порталында онлайн жүзеге асырылады.
Астананың жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер ҚР БҒМ бөлетін республикалық гранттарға және қала әкімдігінің жергілікті атқарушы органдар бойынша гранттарына да үміткер бола алады. Жергілікті гранттар дәстүрлі түрде өте тапшы мамандықтарға бөлінеді, яғни бұлар – педагогика, көлік қызметтері, IT және медициналық бағыттар.
Елорданың жетекші университеттері де қаржыландыру бойынша өз бағдарламаларын ұсынады. Атап айтқанда, Astana IT University сұранысқа ие IT-бағыттар бойынша оқыту үшін гранттарын береді. Еуразия ұлттық университеті Астананың жергілікті атқарушы органдарының гранттарына өтінімдер қабылдауды жүргізеді. Астана медицина университеті «Медицина» және «Педиатрия» бағдарламаларына жүздеген гранттар бөледі. «Тұран-Астана» университеті және Қазақстан-Америка еркін университеті (AIU) сияқты коммерциялық ЖОО-лар олимпиадалардағы жүлделі орындар үшін ректордың гранттарын және жеңілдікті санаттарға жеңілдіктер береді.
Биыл наурызда Астана қаласы әкімдігі 2026-2030 оқу жылдарына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітті. Сол бойынша 100 грант беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға конкурс жарияланды.
Мемлекеттік қолдау шетелдік оқу орындарында да көрсетіледі. Биыл Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдары мемлекеттік гранттарға ие болатынын айтқан болатын.
Мемлекет Қазақстанда ашылып жатқан жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын қолдайтын болады. Ол үшін мұндай ЖОО жұмысының алғашқы жылдарында қазақстандық студенттерге білім беру гранттарын бөлу көзделген. Осы филиалдардың дамуын қолдау үшін алғашқы 5-10 жылда Қазақстан азаматтары үшін гранттар бөлінетін болады. Мәселен, Астанада Cardiff Британдық зерттеу университеті ашылды және біз бірінші оқуға 317 студент қабылдадық, оның ішінде жыл сайын 300 грант біздің үздік студенттерімізге бөлінетін болады. Талантты жастар ел ішінде халықаралық білім алуы үшін Қазақстанда филиалдар ашатын басқа шетелдік жоғары оқу орындары үшін де осындай тәжірибе қолданылады, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бәрі бірдей оқыта ала ма?
Елордада биыл мектептерде 11-сыныпты 16 мыңнан астам оқушы бітірді. Жаңа өмірге аяқ басқан жастар бірнеше рет Ұлттық бірыңғай тест тапсыру арқылы ЖОО-ға түсуге бағын сынады. Биыл ҰБТ-ның негізгі кезеңдері мен балдары, емтихан форматы өзгеріссіз қалды, яғни түлектер 3 міндетті және 2 бейіндік пәннен тест тапсырды. Оқуға түсу үшін ең жоғары бал – 140. Ұлттық жоғары оқу орындары үшін ең төменгі шекті бал 65-тен басталады. Негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Талапкерлер екі рет тест тапсырады, соның ішінде ең жақсы нәтиже есепке алынады. Грантқа өтініш беру 13-20 шілде аралығында ҚР электрондық үкіметі немесе ЖОО-ның Виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн өтті. Грант тізімдері 10 тамызға дейін жарияланады.
10-15 тамыз аралығында оқуға ақылы негізде түсу үшін қайта тапсыруға ниетті талапкерлер үшін тағы ҰБТ өтеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жоғары білім беру қызметтері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 10,8% қымбаттады. Жалпы оқу ақысы бірнеше жыл қатарынан өсіп келеді: 2022 жылдан бастап жыл сайынғы бағаның өсуі шамамен 10-16% деңгейінде сақталды. Негізгі себеп – инфляция. Жалдау ақысы, коммуналдық қызметтер, оқытушылардың жалақысы, университеттердің жабдықтары мен күтімі қымбаттайды. Мұның бәрі оқу бағасына әсер етті. Бір айта кетерлігі, бағаның өсуіне қарамастан студенттер саны арта түскен. Finprom мәліметтері бойынша, 2025/2026 оқу жылында 130,8 мың студент ақылы оқуға түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,6% көп. Коммерциялық негізде оқитын студенттердің жалпы саны да соңғы жылдары ең жоғары деңгейге жеткен, яғни, көптеген отбасылар шығындардың өсуіне қарамастан, жоғары білімді маңызды инвестиция деп санайды.
Тамызда грант тізіміне ілікпеген түлектер ақылы білім алуға құжат тапсырады. Қалтасы қымбатты көтермейтіндер арзанын таңдайды немесе мүлдем оқытпайды. Сондықтан жоғары білімнің бағасы заман ағымына сай қымбаттап жатыр десек те, бәрінің оған қолжетімділігі әзірге бірдей емес. Сол себепті мемлекеттік қолдау шаралары мен оқу орындарының өзінің ішкі жеңілдіктерін көбейту керек. Өйткені қалай дегенмен инфляция қарапайым отбасылардың табысына да әсер етіп, халыққа жылдан жылға сапалы білім алу ақысының қымбаттауы оңай тимейді. Бұл алдағы уақытта бір-бір мамандық иесі болып, елінің бір кетігіне кірпіш болып қаланатын өскелең ұрпақ білімінің деңгейін төмендетуге әкеліп соқтырмауы қажет.