Кітапхана оқырманы көбейген

Кітапхана оқырманы көбейген

Елордада кітап оқырмандары көбейе бастады. Бас қаладағы кітап­ханалардың бәрінде оқырман үшін барлық жағдай жасалуда. Биыл қалалық кітапхана желісінің тұрақты оқырмандарының саны 100 мыңға жетіп қалды. Ал бірқатар кітапхана жұмыс кестесін ұзартып, сағат түнгі 23:00-ге дейін кітап оқуға мүмкіндік жасап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқитын ұлт – келешегі кемел ұлт. Біз жас ұрпақтың бойына кітап оқу мәдениетін сіңіріп, олардың білімге, ғылымға деген құштарлығын арттыруымыз керек» деді. Президент пәрмені жүзеге аса бастады.

Қазірдің өзінде оқырманның кітап оқуға құштарлығы артқан. Мұны Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесі» растап отыр. Айталық, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 91 мың оқырман тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 85 мың адамды құрады. Осылайша, оқырмандар саны 7 пайызға өскен. Ал, кітапханаларға барудың жалпы саны жылына 900 мыңға жетіпті. 2026 жылы қалалық кітапхана желісінің тұрақты оқырмандарының саны 100 мың адамға жетеді деп жоспарлануда.

– Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі халықтың кітап қорларына, ақпаратқа, білім беру және мәдени-ағарту ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ететін елорданың жалпыға қолжетімді кітапхана желісі болып есептеледі. 2023 жылдан бастап қалада кітапхана инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыр­ту жүргізілуде. 2023-2025 жылдары жұмыс істеп тұрған 11 кітапхана жаңғыртылып, 7 жаңа бұқаралық және балалар кітапханасы ашылды. Нәтижесінде мекеме желісі 18-ден 25 кітапханаға дейін өсті. Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ құрылымына Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана, Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы, 14 бұқаралық кітапхана, 8 балалар кітапханасы және зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана кіреді. Жалпы кітап қоры шамамен 900 мың дананы құрайды, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» басшысы Гүлбадам Мәдібаева.

Гүлбадам Сақтапқызының айтуынша кітапханалардың сырт­қы келбетін ғана емес, олардың қызметінің мазмұнын да өзгерген. Жаңартылған кітапханалар көпфункционалды мәдени-білім беру кеңістігі ретінде жұмыс істейді. Онда заманауи оқу залдары, коворкинг-аймақтар, интерактивті және мультимедиялық алаңдар, жеке және топтық жұмыс, балалар мен жастарды оқыту және шығармашылық дамыту үшін арнайы орындар белгіленген. Кітапханаға келушілерге интернет, электрондық ресурстарға және ақпараттық-библиографиялық қызметтер алу үшін барлық жағдай қарастырылған.

– Оқырман үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Оқуды ілгерілетуге, ұлттық мәдени мұраны сақтауға, қазақ әдебиетін, тарихын және мемлекеттік тілін дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді. Әдеби кездесулер, кітап көрмелері, пікірталас алаңдары, зияткерлік ойындар, шығармашылық сабақтар, кәсіптік бағдарлау іс-шаралары және медиа сауаттылықты дамыту бойынша жобалар өткізіледі. Ұлттық кітап күні, KitapFest, «Абай оқулары», «Бір ел – біркітап», «Менің Қолтаңбам», «Жұлдызды қітапханашы», «Ертегі – ел ертеңі» жобалары да іске асуда. Сонымен қатар кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін жұмыс режимі ұзартылды. Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана 23:00-ге дейін, Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 21:00-ге дейін жұмыс істейді, – деді кітапхана басшысы.

Ұққанымыз ойлы оқырман қатары көбейген. Күндіз де түнде де әр оқырман кітапхана төрін босатқан емес.