Әлеужеліге тәуелділік: қызық па, қауіп пе?

Әлеужеліге тәуелділік: қызық па, қауіп пе?
фото: ЖИ

Күн сайын интернетке 1-2 сағатқа кіріп, қалған уақытта планшетті немесе смартфонды қолына ұстамайтын балаға жағымсыз қылық әлеуметтік желіден жұға ма? Жуырда осы сұрақтың жауабын таптым. Балаға жаһанторды қарауға тыйым салған сайын, оның қызылды-жасылды әлеужеліге деген қызығушылығы артады. Тіпті, күн сайын белгілі бір бейнеойындарды, футболды 1 сағат көретін баланың алдынан әлеужелідегі жағымсыз нәрселер шығып отырады. Баланың психологиясы былай жаратылған: ол айтқанды емес, көргенін істейді. Қазір «трендте болу» деген сөз тіркесін жиі айтып жүрміз. «Трендте болуға» үлкендер де, балалар да үнемі ұмтылып, жұртты таң қалдырғысы келіп тұрады. Міне, осы жерде әлеуметтік желінің адамның танымы мен болмысына жағымсыз ықпалы деген күрделі мәселе алдымыздан шығады. Осы мәселеге сараптама жасалық.

Тәуелділіктен не жоғалтамыз?

Биыл 26 наурызда АҚШ-та болған оқиға әлемді елең еткізді. 20 жасар америкалық бойжеткен Alphabet (Google-дің қожайыны) және Meta компанияларының үстінен сотқа арыз жазды. Арызда ол YouTube пен Instagram-ның дизайны өзінің психологиялық тәуелділігін күшейткенін айтыпты. Алқа билер аталған компаниялардың осы платформалар интерфейсін әзірлеуде немқұрайдылыққа жол бергенін анықтап, әлеуметтік желіні пайдаланушыларға мұндай салақтықтан болатын қауіп-қатерлер туралы ескерту жасамағанын негізге алған. Сөйтіп, арызды қараған сот алпауыт компанияларды интернетті қолданушыға әлеуметтік желілерге тәуелділік салдарынан келген психологиялық зиян үшін 4,2 миллион АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді. Екі компания зардап шегушіге қосымша 1,8 миллион доллар айыппұл төлеуге тиіс. Сайып келгенде, Google мен Meta әлеуметтік желіге тәуелділік туғызғаны үшін әлгі азаматшаға 6 млн АҚШ доллар төлейді. Алайда Meta мен Alphabet соттың бұл шешімімен келіспеді. Алдағы уақытта бұл іс сотта қайтадан қаралатын болды.

Осы оқиғаның өзі адамдардың қазір әлеуметтік желілерге тәуелділігінің күшейгенінің дәлелі. Шынында да біз күн сайын әлеужеліге кіріп, қаншама алтын уақытымызды жоғалтамыз. Әлеуметтік желілердің механизмі физиологиямызға ерекше әсер етеді. Оған қарсылық білдіру қиын: бұл жерде адамның бір нәрсені көруден ләззат алуы бірінші орында тұрады. Мысалы, күнделікті Facebook-ке бір жазба салып, оған қанша адам лүпіл басып, пікір жазғанын тағатсыздана күтеміз. Егер әлеужелідегі достарың, өзге желі қолданушылары пікір жазып, репост жасаса, сол жазбаны қайта-қайта ашып оқып, рахаттану сезімін бастан кешіреміз. Егер сол жазбаны аз адам оқыса, лентаны жаңартып, жазбаның кейбір жерлерін өзгертіп, тағы да басқалардың тарапынан болатын іс-қимылдарға елеңдеп отырамыз. Міне, бұл – тәуелділік. Сол әлеужеліге қайта-қайта кіріп, жазылған пікірлерді оқып, оған жауап жазып, қаншама уақытымызды зая кетіреміз. Оның орнына қызықты бір кітап оқысаң я болмаса досыңмен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме айтсаң, жүз есе пайдалы болар еді. Әлеужеліге тәуелділіктен не жоғалтатынымызды біле тұра, солай істейміз.

Ашу-ыза мен пікірді бұрмалау

Мәліметтерді көзбен шолып шығу (визуализация) және биометрикалық технология саласындағы америкалық ғалым Жарон Ланье «Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жоюдың 10 аргументі» атты кітабында әлеуметтік медианың адамды ашушаңдыққа, ызақорлыққа итермелейтінін айтады.

«Әлеуметтік желілерден адамға төнетін қауіп көп. Соның бірі – ашушаңдыққа, ызақорлыққа ұрындыру. Әлеужелілердің бәрінің негізгі механизмі біреу, ол – желі қолданушыны өзіне тәуелді етіп ұстап, сана-сезіміне, таным-түйсігіне ықпал ету. Мысалы, алғашқы кезеңде әлеужелілер адамдарды біріктіретін құрал болды, ал қазір ол әр адамның ақыл-есін ауыстыратын, ашу-ызаға жетелейтін қызмет атқарады. Адамдар қазір бір-бірінен алыстап, ашу-ызасын төгетін алаң да – осы жер. Дербестендіру жүйесі әр адамның интернетті өзінше танып-білуіне әкелді. Сол себептен баламалы пікірге бірден үн қосамыз. Демек пікір алуандығын туғызатын жазбалардың өзі желі қолданушыларын адастырады. Өйткені, алгоритм ең белсенді адамдардың пікірлерін жұрттың назарына ұсынып, оған қарсылардың үні естілмей қалады. Осы механизм біздің лүпіл аз басылған пікірлерге деген қызығушылығымызды жояды. Ақиқатты айтқан осы пікір тасада қалып, әділетсіздік салтанат құрады» дейді ғалым.

Пікір демекші, The New York Times басылымы арнайы зерттеу жүргізіп, бөтен бір адамның пікірін оқығандар өз пайымын тез өзгертетінін анықтаған. Бұған көптеген социолог-мамандар қарсылық білдірді, себебі өмірде көрмеген адамның ойын оқып, өзіңнің ойыңды өзгерте салу деген ақылға сыймайды. Әлеуметтік желілер кеңістігінде әр адамның ой-пайымын бұрмалау өте оңай, соның зор қаупін ескермейміз. Бұл жерде жай ғана ой-пікіріңді жазумен іс бітпейді: адамның бойындағы ашу-ыза желіден шығып, шынайы өмірімізге араласып кетеді. Әлеужеліден «жұғатын» қауіпті кеселдің бірі – басқаға еліктеу, өзіңді өзгемен салыстыру. Тіпті, өзіңде жоқ нәрсені жұртқа өтірік бар қылып көрсету. Біз әлеуметтік желіде көп оқылатын, көп пікір жазылатын, көп репост жасалатын контент жасау үшін өмір сүретін сияқты көрінеміз. Бір алаңдатарлығы, осы кесел жас ұрпақтың санасына сіңіп, трендке айналды.

Құмарлықтың бастауы

Қазіргі кезде мектепте 4-8 сыныптарда оқитын балалардың 30 пайызы күн сайын 2-3 сағат уақытын интернет ойындарына жұмсайды. Осыған орай, Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназия шығарған «Мен және терезеден тысқары әлем» атты әлеуметтік зерттеуден алынған деректермен бөліскім келеді. Онда интернет ойындардың пайдасы мен зиянына зерттеу жүргізген 8 сынып оқушылары өте қызықты ғылыми тұжырымдар жасаған. Зерттеудің сұрақтарына жауап берген 27 бала интернет ойындарының үш пайдасы ретінде уақытты қызықты өткізу, дос табу және логиканы дамыту деп көрсетсе, үш зиянды жағы ретінде тәуелділікке әкелуі, денсаулыққа зиян келтіруі және психикаға әсер етуі деп жазған. Назар аударарлығы, балалар интернет ойындарының пайдасымен қатар 5 негізгі қауіп-қатерді тарқатып жазыпты. Соның ішінде тәуелділікке әкелуі, психологиялық әсері және онлайн грумингке тоқталайық. «Көптеген ойындар арнайы мотивациялық жүйемен жасалған: ойыншы ұпай жинап, жаңа деңгейге өтуге тырысады. Бұл үдеріс баланың ойында «тағы ойнағым келеді» деген құмарлық қалыптастырып, тәуелділікке әкеледі. Мұндайда бала уақытта тоқтата алмай, күнделіктегі өмірдегі жауапкершілікті ұмытып кетуі мүмкін. Кейбір ойындардағы зорлық-зомбылық элементтері жасөспірімдердің психикасына кері әсер етеді. Ондай ойындарды ойнаған бала да ашушаңдық, агрессия немесе шынайы өмірге деген сенімсіздік пайда болуы ықтимал. Сондай-ақ, виртуалды әлемге әуестік балаларды шынайы қарым-қатынастан алыстатып, жалғыздық сезімін күшейтеді. Интернет ойындарда бөтен адамдармен байланыс орнату мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда балалар кибербуллингке немесе алаяқтыққа тап болуы кәдік. Жеке мәліметтерін жариялау қауіп-қатерге әкелетінін жасөспірімдер әрдайым түсіне бермейді» дейді зерттеуші балалар. Алаңдатарлығы сол, сауалнамаға қатысқан балалардың 35 пайызы бөтен адамдармен тілдескен, 40 пайызы кибербуллингке ұшыраған, 1-5 пайызы – жеке деректерін бөтен адаммен бөліскен. Зерттеушілер соңынан мынадай қорытындыға келеді: интернет ойындары  - заман талабы, одан толық бас тарту мүмкін емес. Дегенмен пайдасымен қатар қаупі де зор екенін естен шығармаған жөн. Ойын уақыты шектеліп, мазмұны дұрыс таңдалса пайдасы тиеді. Бұл жерде ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі ерекше: олар балаларға ойын мәдениетін қалыптас­тырып, уақытты дұрыс жоспарлауға көмектесуі тиіс.

Өмір өтіп барады...

Әлеуметтік желілер біздің бұрынғы тыныш, шынайы өмірімізді өзгертіп, жасанды, мазасыз қалыпқа түсірді. Әртүрлі жастағы желі қолданушылары күн сайын өзінің жақсы, бақытты (шын мәнісінде керісінше) өмірін жарнамалаумен жарысады. Алайда біреудің әлеужелідегі парақшасын ақтарып шығып, өзін бақытсыз сезінетіндер жетерлік. Жарон Ланьенің пайымдауынша, қандай да бір нақты мақсаты жоқ, бітпейтін жарыстан кейін осындай сезімді бастан кешеміз. «Сен біреудің жариялаған жазбасына пікір айтып, оны сынап-мінеп отырасың, тура сол сияқты сені де біреулер айыптап, кінәлап өз пікірін жазады. Бұл жарыс­тан бар тартудың өзі қиынға соғады. Өйткені адамның миы оның ойымен сәйкестікте жұмыс істеп, белгілі бір жағдайда қысымға, күйзеліске ұшыратады. Басқа біреудің мол табысқа, зор жетістіске жетуі бір жағынан қызғаныш туғызса, екінші жағынан әлгіндей әлеу­желідегі жұрттың құрметіне бөленген адаммен өзін салыстырып, қайраңда шөгіп қалған қайықтай сезінетіні рас. Әлеуметтанушы-ғалымдар мұндай бәсекеде алға озғандарды қуып жетуге ұмтылу ақымақтық деп санайды. Мұндай жағдайда тығырықтан шығатын бір ғана жол бар, ол  - аккаунтты өшіру» дейді ғалым. Сонда ғана тыныштық орнап, «өмір өтіп барады» деген қорқыныш сезімінен толық арылатының анық.

Енді қызықты сәтті өткізіп алуға деген қорқыныш (ағылшын тілінде FOMO) туралы айтайық.  Әр адам өзіне керексіз болса да жеңілдікпен бір тауарды сатып алуға, ыңғайсыз уақытта смартфонға келген хабарламаны тезірек ашуға бейім тұрады. Заманауи псхологияда мұндай хал-күй FOMO (Fear of Missing Out) синдромы немесе айрылып қалған тиімділіктің үрейі деп аталады. Бір жердегі маңызды кездесуге бара алмай қалғандағы психологиялық күйіңізді көз алдыңызға елестетіңізші. Ол әлеужелідегі тренд, тиімді инвестиция, мансап жолымен өсуге мүмкіндік, достардың бас қосуы және өзге де қызықты оқиға болуы мүмкін. Көп ұзамай әлеуметтік желілерге сол оқиғаға қатысқан жандардың салған суреттері мен жазбалары шыққан кезде өкініш пен күйініш ұлғая береді. Әсіресе, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы болса, оған өте ауыр соққы осы. Ол жасқа қарамайды. Көбінесе FOMO басқа біреудің пікіріне тәуелді жандардың, сондай-ақ табысты сапасымен емес, санымен өлшейтіндердің бойынан бірден байқалады. Мұндай жағдайда әлеужелі айналаңдағы адамдардың бәрі жақсы өмір сүреді, сол себептен сен де кез-келген мүмкіндікті жібермей, тұра жүгір деген иллюзияны қалыптастырады.

FOMO синдромы ә дегенде пайдалы болып көрінуі мүмкін, ол адамға күш-қуат сыйлап, тез шешім қабылдауға ықпал етеді деп ойлайсың. Алайда, сол белсенділіктің арғы жағында адреналиннің шектен тыс артуы мен күйзелістің жақсылық әкелмейтіні анық. Артық жобаны жоспарға енгізу, керексіз курсқа жазылу, адамның санын көбейту үшін пайдасыз жиынға бару, соңынан өзіңді кінәлі сезініп, шаршаңқы күйге түсу. Ұзақ уақыт осындай күйде болған адам апатияға, үрейге бой алдырып, дұрыс ойлау мен шешім қабылдау қабілетінен айрылады. Ол жақындарынан алыстап, неше түрлі депрессиялық жағдайды басынан кешеді. Мінеки, осының бәрі әлеуметтік желінің адам баласының танымын тамырынан үзіп, зақымдап, денсаулығына зиян келтіріп қана қоймайды, сондай-ақ рухани әлемін зақымдайды.

Зиянды контенттен қорғауға кім дайын?

Осы мақаланы жазып отырғанымда жаңалықтар таспасынан «ЕуроОдақ кәмелеттік жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерге шектеу қояды» деген ақпаратты көзім шалды. 13 шілдеде Брюссельде ЕО-ның сарапшылар тобының атынан баяндама жасаған Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен осылай мәлімдеді. Құжатта сарапшылар 13 жасқа толмаған балаларға ата-анасының бақылауынсыз әлеужеліні қолдануға тыйым салуды ұсынды, себебі бір жыл бойы мамандар әлеуметтік желілердің балалар мен жасөспірімдерге жағымсыз ықпалымен күрес тәсілдерін талқылап, талдаған. Сарапшылар егер онлайн-сервистер баланы тәуелділіктен зорлық-зомбылық пен жеккөрушіліктен қорғай алмаса, жасы үлкен жасөспірімдерге шектеу енгізуді де жақтаған. Бірқатар Еуропа елдері ұлттық заңнамасына өзгеріс енгізіп, мұндай шектеуді бұған дейін де қолданғаны мәлім. Олардың арасында Ұлыбритания, Франция, Испания және т.б. мемлекеттер бар. Балалар мен 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеужеліні пайдалануына тыйым енгізген Британ Үкіметі мектептер мен жергілікті қауымдастықтарда әртүрлі үйірмелер мен спорт секцияларын көбейтті. Француз Парламенті 15 жасқа дейінгі балалардың әлеужеліге кіруіне тыйым салатын заңды мақұлдады.  Заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Франция 11-15 жастағы балалардың коллежде ұялы телефон ұстауына тыйым салған ел. 2026 жылдың 1 шілдесінде Әзербайжан Үкіметі заңнамаға өзгеріс енгізіп, 16 жасқа дейінгі балаларға әлеу­желілерге тіркелуге тыйым салатын норманы іске қосты. Ал Қазақстанда осы мәселе қашан қолға алынар екен?