Жаңа қабылданған Ата Заңымыздың алғашқы тармақтарында «Әділетті Қазақстан» идеясын және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың қажеттілігі жайында айтылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы да өз Жолдауында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деп қағидаттың маңызына ерекше тоқталған болатын.
«Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті» деп атап өтті Президент. Бұдан түсінгеніміз, «Заң мен тәртіп» қағидаты – жоба немесе бағдарлама емес, Конституциямен бекітілген стратегиялық мақсат. Ал бұл мақсатты орындау үшін аппаратымыздың қызметкерлері үздіксіз еңбек етуде. Соған бір мысал – заңсыз қоқыс полигондарымен күрес. Жүйелі жұмыстың және жан-жақты саралаудың арқасында ауданымызда бүгінде заңсыз қоқыс орындарының саны 2 есеге дейін төмендеді. Айталық, былтыр «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ өткізген ғарыш мониторингі нәтижесінде аудан аумағынан заңсыз қоқыс жиналған 10 ірі учаске анықталды. Аппарат мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бұл учаскелердегі қалдықтарды жою жұмыстарын жүргізіп, кіреберістерге бөгеттер мен бейнебақылау камераларын орнатып, профилактика шараларын қолданды. Алдын алу шараларының нәтижесінде заңсыз қоқыс орындарының саны биыл азайып отыр. Яғни былтыр 10 ірі учаске анықталса, биыл ғарыш мониторингі нәтижесінде 5 ірі учаске анықталып, жойылды. Аппарат мамандары биыл да осы заң бұзушылықтың алдын алуға атсалысты, нәтижесі – алдағы жылдың еншісінде.
Жалпы Есіл ауданы – елорданың үлкен аудандарының бірі. Қызметкерлеріміз аумақтағы санитарлық тазалықты, көгалдарды қырқу, жасыл желектерді суару, көпір жақтаулары, жарық бағаналары, жол жиектері мен аялдама кешендерін жуу, жарықтандыру, көше жиһаздарының сынған бөлшектерін жөндеп, қалпына келтіру, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және өзге де жұмыстармен күнделікті айналысады. Жұмыстардың барлығын үнемі әлеуметтік желіде жариялап, тұрғындармен қарым-қатынас орнатып отырамыз.
Әлеуметтік желі демекші, бүгінде осы заманауи құрал халықпен тілдесудегі ең қолжетімді тетік болып отыр. Мәселен, тұрғындар желідегі біздің ресми парақшаларға өз өтініштері мен ұсыныстарын жолдап, тиісті жауаптарын алып жатса, әкімдік үшін бұл – жұмыстардың барысы мен қорытындысын көрсетуге таптырмас алаң. Айталық, биыл қыркүйекке дейін Instagram, Facebook, Threads, TikTok арқылы түскен мыңға жуық өтініш орындалды. Ал парақшаларға 600-ге жуық материал жарияланды.
Тұрғындармен тиімді байланыс орнатудың тағы бір құралы – Telegram мессенджеріндегі «Есіл ауданы тұрғындары» чаты. Ол жерге тұрғындар аудан аумағындағы жөндеуді талап ететін аумақтар мен шешімін табуы қажет мәселелерін қалдырады. Аппарат мамандары ондағы өтінімдерге мейлінше жылдам уақытта жауап беріп, сұрақтың шешілу жолын қарастырады.
Бұдан бөлек, тұрғындармен жұмыс барысында iKomek109, e-Otinish жүйелері пайдаланылады. Олар арқылы абаттандыру, санитариялық тазалық, жарықтандыру, жолдар мен аулалардың жағдайы, қалдықтарды шығару және қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау және сол сияқты басқа да мәселелер бойынша өтініштер түседі. Мәселен, e-Otinish арқылы бүгінге дейін 7 мыңға жуық, ал iKomek109 арқылы 10 мыңға жуық өтініш тіркелді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының негізгі мәні – мемлекеттік аппараттар азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Бұл әсіресе халықпен тығыз жұмыс істейтін жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау мақсатында аппарат қызметкерлерімен бірлесіп жыл басынан бері 100-ге жуық жеке қабылдау, 100-ден астам көшпелі кездесу өткіздік. Тұрғындармен, пәтер иелері кооперативтері, меншік иелері бірлестіктері, басқарушы компаниялар, қоғамдық кеңестер және бастамашыл топтардың өкілдерімен ұйымдастырылатын мұндай ашық кездесулер мәселелерді тікелей сол жерде талқылауға һәм шешілу жолын айқындауға мүмкіндік береді.
Ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ететін тетіктердің бір мысалы – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Шарт бойынша аудан тұрғындары аулаларын абаттандыру жоспарын әзірлеп, әкімдік сайты арқылы өтінім жібере алады. Кейін дауыс беруге қатысып, ең өзекті бастамалар анықталады. Мәселен, 2026 жылы Есіл ауданы тұрғындарынан 111 жобалық ұсыныс келіп түсті, оның ішінде жоба талаптарына сай 27 ұсыныс дауыс беруге жіберіліп, оның 5-еуі жеңімпаз атанды. Әрбір өтінімнің артында тұрғындардың нақты қажеттілігі тұр: ауланы абаттандыру, жарықтандыру орнату, балалар немесе спорт алаңын жөндеу, аумақты көгалдандыру, қауіпсіз жаяу жүргіншілер аймағын құру. Бүгінгі таңда аталған 5 аула аумағы толығымен жаңарып, тұрғындар игілігіне берілді. Жоба ерекшелігі – оның жүзеге асуының ашық түрде өтуінде.
Аппаратта заң бұзушылықтармен күрес оның салдарымен емес, заңды бұзуға әкелуі мүмкін себептерді анықтаудан басталады. Осы орайда аудан әкімі аппаратының нормативтік және ұйымдастыру-басқару қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жыл сайын ішкі талдау жүргізіледі. Мәселен, биыл 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» бағыты бойынша ішкі талдау жұмыстары өтті. Мұндай талдау барысында жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің орындалуы, кадр саясатындағы ашықтық, құрылымдық бөлімшелердің қызмет сапасы жіті бақылауда. Бұл – тек құжат жүзіндегі шара емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс. Биыл да әкімдік тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы жұмыс тобы құрылды.
Бүгінгі таңда Есіл ауданы айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Бұл – тұрғындардың, мемлекеттік қызметкерлердің және белсенді қоғам өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,
Астана қаласы Есіл ауданының әкімі