Атырау қаласында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Ел біріншілігіне еліміздің 20 өңірінен 260 спортшы қатысып, бірнеше нысана мен қашықтық бойынша сынға түсті. Аталмыш жарыста Астана қаласының спортшылары бір алтын және төрт күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елорда құрамасының қоржынына алтын жүлдені Анжела Тарыца салды. Ол «Пута» нысанасы бойынша 60 метр қашықтықта үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ спортшы «Қалқан» нысанасында 50 метрден және Орта Азия нысанасында 40 метрден ату сайыстарында екі күміс медаль иеленді.
Қасымхан Қанат «Пута» нысанасында 70 метр қашықтықта екінші орын алса, Абылайхан Қанат «Қалқан» нысанасында 50 метрден ату бойынша күміс жүлдегер атанды.
Жекелей сындардағы нәтижелермен қатар, Астана қаласының құрамасы чемпионаттың жалпыкомандалық есебінде үшінші орынға ие болды.