Елімізде алғаш рет dark-триллер жанрында түсірілген «Бүркітші» көркем фильмінің жабық көрсетілімі Астанада 9 қыркүйекте көрсетіледі. Ал 10 қыркүйектен бастап фмльм еліміздің кинотеатрларында кең прокатқа шығады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фильмде жауапкершілік, әділдік және таңдау жасау секілді маңызды мәселелер қозғалады.
Туынды ауылдағы бүркітші мен полиция қызметкерінің қылмысты тергеуінен басталады. Тергеу барысында олар бірінен соң бірі орын алған жұмбақ оқиғаларға тап болады. Түрлі кедергілерге қарамастан, басты кейіпкер ақиқатты іздеу жолынан қайтпайды.
Картинада бүркітшілік өнеріне айрықша мән берілген. Бүркіт бейнесі детективтік оқиғаны ұлттық дәстүрмен сабақтастырып, туындының мазмұнын толықтыра түседі.
Фильм Алматы облысында түсірілген. Режиссері – Қуаныш Стаханов. Басты рөлдерді Зарина Кармен мен Берік Айтжанов сомдады. Сондай-ақ фильмге Қуандық Жүнісов, Айнұр Бермұхамбетова, Елдос Шайкенов, Ермек Шынболатов, Мерей Мақажан, Жасұлан Көпберген және Айжан Пернебекова түскен.
«Бүркітші» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді.
Айта кетейік, «Бүркітші» әлеуметтік маңызы бар фильмдер санатына жатады. Картина 2024 жылы «Заң мен тәртіп» тақырыбы бойынша өткен киножобалар байқауында жеңімпаз атанған.