«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында спорт фестивалі өтті

«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында спорт фестивалі өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы Триатлон саябағында «Астана – есірткісіз қала» қалалық акциясы аясында жүздеген адамның басын қосқан ауқымды спорттық фестиваль өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спорт фестивалін Алматы ауданының әкімдігі Life Fitness ұйымымен бірлесіп өткізді. Іс-шараның құрметті қонағы ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин болды. Белгілі спортшы қатысушылармен жаттығу жасатып, шеберлік сабағын өткізіп, ауыр атлетика бойынша жарыс ұйымдастырды.

Фестиваль аясында елорда тұрғындары үшін зумба, Hyrox, йога, сайкл жаттығулары, спорттық ойындар, балаларға арналған анимациялық бағдарлама, крио-шоу, би қойылымдары және өзге де белсенді шаралар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – спортты насихаттау, дамыту және есірткі қылмысының алдын алу.

Бұл фестиваль бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және тұрғындарды спортпен жүйелі түрде айналысуға ынталандыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар әсіресе ересектер арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге басымдық береді. Сонымен қатар фестиваль отбасылық форматта өтіп, ата-аналар мен балаларды бір алаңда тоғыстырады.

«Бұл шара фитнес индустриясын, салауатты өмір салтын дамытуға және қаламыздың, Астананың, Қазақстанның өркендеуіне бағытталған. Біздің басты мақсатымыз – ересектердің денсаулығын нығайту. Дегенмен көптеген қатысушылардың балаларымен бірге келгеніне қуаныштымыз. Мұндай формат бүкіл отбасының спортқа деген қызығушылығын арттырады», – деді Илья Ильин.

Спортшының айтуынша, фестивальдің «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында өтуі спорттың зиянды әдеттердің алдын алудағы және салауатты қоғам қалыптастырудағы тиімді құралдардың бірі екенін көрсетеді.

«Спортпен айналысқан адам көп күш жұмсайды, бірақ оның орнына ерекше эмоция алады. Бұл – өзін дамытуға ұмтылатын адамдардың ортасы. Спортпен шұғылданған кезде есірткі, алкоголь немесе басқа да зиянды әрекеттер туралы ойлауға уақыт болмайды. Тұрақты жаттығу тәртіпке баулиды әрі салауатты өмір салтын таңдауға көмектеседі», – деді Илья Ильин.

#законипорядок #заңментәртіп