Ардагерлердің «Арқа әуендері» ансамбліне 15 жыл

Ардагерлердің  «Арқа әуендері» ансамбліне 15 жыл
фото: Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Халықтық» атағына ие «Арқа әуендері» зейнеткерлер ансамблінің құрылғанына 15 жыл толуына орай есептік концерт өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Он бес жыл бұрын шағын шығармашылық ұжым ретінде құрылған ансамбль бүгінде ұлттық музыка мен Арқа өңірінің ән-күй мұрасын дәріптеп жүрген танымал өнер ұжымына айналды. Осы уақыт аралығында ансамбль мүшелері түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттауға және аға буынның шығармашылық әлеуетін танытуға елеулі үлес қосып келеді.

Салтанатты іс-шара барысында ансамбль мүшелеріне Есіл ауданы әкімдігі мен аудандық Ардагерлер кеңесінің атынан гүл шоқтары табысталып, ұжымның шығармашылық жолына құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар,  мерекелік кеште Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Есжан Әміров құттықтау сөз сөйлеп, өнерпаздарға шығармашылық шабыт тілеп, алғысхатпен марапаттады. Өз кезегінде  қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов пен Есіл ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа  Үстемірова да жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ансамбль мүшелерін мерейтоймен құттықтады. Олар ұжымның өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады.

Концерт бағдарламасы көрерменге қазақтың дәстүрлі музыкасы мен вокалдық және би өнерінің сан түрлі үлгісін ұсынды. Кеш барысында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, «Армандастар» хоры, «Айқаракөз», «Дударай», «Ақсәуле», «Отырардағы той» әндері орындалып, «Аққу» биі мен домбырашылардың музыкалық попурриі концерттің сәнін келтірді. Әрбір өнер көрсетілімі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеште ансамбль жетекшісі  Кенжетай Жанұзақова мен көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші Теміреш Кереевтің өнер ұжымының шығармашылық дамуына қосқан үлесі ерекше атап өттілді.

Он бес жыл бойы өнерге адалдық танытып, ұлттық мәдениетті дәріптеп келе жатқан «Арқа әуендері» ансамблінің мерейтойы шығармашылық жетістіктер мен ортақ еңбектің жарқын көрінісіне айналды.