Астанада жас таланттардың басын қосқан «Кітап оқитын ұлт – зерделі ұлт» тақырыбындағы дәстүрлі республикалық оқушылар айтысы басталды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған өнер додасы 25-26 қараша күндері Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және ЕҰУ Филология факультеті бірлесіп ұйымдастырды. Оған еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы 20 ақын оқушы қатысуда. Айтыстың іріктеу кезеңі 12 қазан мен 17 қараша аралығында одақтың өңірлік филиалдары арқылы ұйымдастырылып, үздік өнерпаздар ақтық сынға жолдама алған.
Айтыстың басты мақсаты – жас ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнерді дәріптеу, талантты балаларды қолдау және олардың сөз өнеріндегі шеберлігін шыңдау. Жас ақындар бас тақырып пен берілген тақырып аясында кітап оқу мәдениеті, зерделі ұлт, адал азамат, әділетті қоғам, заң мен тәртіп, ұлт бірлігі, мектеп пен ұстаз мәртебесі секілді өзекті тақырыптарды жырға қосады.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Халық кеңесінің мүшесі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Аманжол Әлтай ұлттық өнердің ұрпақ сабақтастығы арқылы дамып келе жатқанына тоқталды.
– Ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлық болмысын айқындаған ата мұрамыз – айтыс өнері жылдар бойы жаңарып, түрленіп, үлкен даму үстінде келеді. Қазақ айтысы небір қиын-қыстау, тағдырлы кезеңдерде ұлтымыздың рухын асқақтатып, еңсесін көтерген, тарихи сананы жаңғыртқан қасиетті өнеріміз. Кейінгі жылдары осы өнерді ұрпақ сабақтастығы негізінде дамытуды қолға алдық. Соның аясында «Қола домбыра», «Күміс домбыра» және «Алтын домбыра» деп аталатын үш сатыда ақындар айтысын өткізіп келеміз, – деді ол.

Ақынның айтуынша, «Қола домбыра» – оқушылар арасындағы өнер бәсекесі болса, «Күміс домбыра» 30 жасқа дейінгі студенттер мен жас ақындардың сайысына арналған. Ал «Алтын домбыра» елге танылған айтулы ақындардың басын қосатын үлкен аламан. Биылғы «Алтын домбыра» айтысы 4-5 желтоқсан күндері елордада өтеді деп жоспарланған. Аманжол Әлтай жас буынның кітап оқуға ден қоюы ел болашағы үшін маңызды екенін де атап өтті.

– Кітап оқитын ұлт – зерделі ұлт. Абай хәкім айтқан толық адам қалай қалыптасады? Ол кітап оқу арқылы қалыптасады. Баланы кітапқа баулу – болашақтың кепілі. Ұлтты кітап оқуға үндеу – өркениеттің үлкен даңғыл жолы. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп бекер айтпаған. Ендеше, кітаппен сусындаған, парасатты, білімді, ғылымды жастар көбейсін. Біз осындай зерделі ұрпаққа сенеміз, – деді ақын.
Сондай-ақ ол үш жылдан бері «Қола домбыра» жобасын жүйелі түрде ұйымдастырып келе жатқан жобаның жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазыға, байқауды өткізуге қолдау білдірген Еуразия ұлттық университетінің басшылығы мен ұжымына, Оқу-ағарту министрлігіне және демеушілерге алғыс айтты.

Айтыскерлердің өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ринат Зайытов бастаған қазылар алқасы баға береді. Оның құрамында Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев, Талант Арынғали және Рауан Қайдаров сынды айтыс өнерінің белгілі өкілдері бар. Айтыстың өтуіне «Белес» компаниясы бастаған бірқатар демеуші қолдау көрсетіп отыр. Компания басшысы Махат Төрәлі қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерді қолдауға қашан да дайын екенін білдіріп, кітап оқу мәдениетін насихаттайтын бастамалардың маңызын атап өтті. Екі күнге созылатын республикалық дода жас ақындардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға құрмет пен кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ