Тәуелсіздік сарайында өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті

Тәуелсіздік сарайында өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті
фото: Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті

Астанада Тәуелсіздік сарайында адам көп шоғырланатын нысанда өрт болған жағдайда өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің іс-қимылдарын пысықтау мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тактикалық жоспарға сәйкес, ғимараттың бірінші қабатындағы қойма бөлмесінде шартты өрт шықты. Шартты өрттің аумағы 175 шаршы метрді құрады. Оқу-жаттығу барысында ғимараттан 150 адам эвакуацияланды.

Шартты өртті сөндіруге жеке құрамнан 28 адам және 7 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысында нысан қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі және өрт сөндіргіштерді пайдалану ережелері бойынша нұсқама берілді.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру, шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау, сондай-ақ нысан қызметкерлерінің адамдарды ұйымдасқан түрде эвакуациялауға және өрт кезіндегі әрекеттерге дайындығын тексеру.