Үлкен Дихан

Үлкен Дихан

(Ғасырға жуық ғұмыр)

Баршаға белгілі кіші Дихан – академик ­Дихан Қамзабекұлының жастау кезінде үлкен Дихан – көрнекті ақын, талғампаз жазушы Дихан Әбілев қазақ жұртшылығына аса танымал еді. Оның қолынан шыққан «Баян­ауыл баурайынданы» қолдан қолға түсірмей құныға оқыдық.

Жасыбайды жағалап жыр селдеткен Сұлтанмахмұт сері мен бойжеткеннің бәдендісі Мәлике сұлудың мөлдір махаббатына әбден қанық болдық. Тылсым дүниенің түбіне терең бойлаған Мәшһүр Жүсіп атамыздың ғибратты ғұмырнамасының тағылымды деректерін қалың оқырманға алғашқылардың бірі болып жайып салған да осы Дихан ағамыз еді. Ал соғыста жүргенде жазған «Майданбек» деген толғауы үшін қапасқа қамалып, әскери трибуналмен сотталғалы тұрғанда сол бөлімге келе қалған Мәлік Ғабдуллиннің араша түсіп, аман алып қалғанын тағдыр­дың тамаша сыйы демеске әддіміз жоқ. Сондағы Дихан көкемнің бар кінәсі – қан қасаптың ортасына жаңа ғана кірген Майданбектің адам баласын бірден өлтіруге қимай, ептеп қана толқығаны. Соған бола командирі: «Жауды аяйтын кейіпкерді неге бейнелегенсің?!» – деп қырғидай шүйіліп, оны жалғыз оқпен жер жастандыруға шақ қалған.

Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған, өлеңдерін орыс тілінде жазған Невель Әбілев Дихан ағаның талантты ұлы еді. Тым жас кезінде өмірден өтті. Қазақтың алғашқы парашютші қыздарының бірі Жұмаш Оспанова Дихан Әбілевтің зайыбы болатын. 1935 жылы парашютпен тұңғыш рет секірген Зағипа Күленованың ерлігінен кейін тура екі сағат өткенде Жұмаш Оспанова Балқаштың аспанында ақ желкенін керіп, қырандай қалықтап келе жатты. Осыған орай Жұмаш апаймен арнайы жүздесіп, «Лениншіл жас» газетіне «Жұлдызды жақыннан көрген» деген мақала жазғанымыз бар. Оған да қырық жылдай уақыт өтіпті. Сол сұхбатты алған кезімізде Дихан аға мен Жұмаш апайдың шаңырағында болғанбыз. Екеуінің жарасымды сыйластығын көргенбіз.

«Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүргенімізде Баянауылға барып, Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы деректі дүние әзірлегенміз бар. Сол бағдарламамызға Дихан Әбілев те қатысты. Жасы ұлғайғанына қарамастан ойы орнықты, пікірі пайымды, қимылы ширақ көрініп еді. Көп ұзамай өмірден өтті.

Сөзі де, өзі де салмақты үлкен Дихан ғасырға жуық ғұмыр кешті. Сондай салиқалы, ардақты ақсақал көңілді кейіпке еніп, домбыраны қолға алып, әуелетіп ән салуға кіріскенде сол маңайда жүрген елгезек фототілші Шүкір Шахайдың көзіне түсе қалған да...

Айтпақшы, осы Жетісу өңірінде «Үлкен Дихан» және «Кіші Дихан» деген елді мекендер бар сияқты еді... Қайдан еске түсіп отыр­ғанын...

Ертелі-кеш кіші Диханның қасында жүрген соң шығар...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ