Қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында мал саудасы жай ғана зат алмасу емес, өзіндік тәртібі, әдебі мен жазылмаған заңдары қалыптасқан үлкен мәдениет саналады. Сол мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі – бедекшілік. Бедекші – мал сатушы мен сатып алушының арасында жүріп, екі жақтың келісімге келуіне ықпал ететін тәжірибелі мәмілегер. Кей өңірлерде мұндай адамдарды қуашы деп те атаған. Қуашы да саудаға ара ағайындық жасап, екі тараптың тілін табыстыратын, сауданың сәтті аяқталуына ықпал ететін делдал.
Ал ұйғыр халқы осы кәсіп иесін салакеш деп атаған. Бұл кәсіп Жетісу мен Шыңжаң өңіріндегі қазақтар мен ұйғырлардың сауда қатынасында кең тараған. Классик жазушы Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романында: «Мұндай да бедекші, делдал дейтіндер болады» деп жазуы да бұл кәсіптің өмірде болғанын айғақтайды. Алайда бедекшінің қызметі екі адамды кездестіріп, қол алыстырумен ғана шектелмеген. Оның кәсіби шеберлігі өзгелер біле бермейтін ерекше мәмілегерлік өнерінде жатыр. Соның ең қызықтысы – саусақ тілі. Бүгінде мал базарында сауда жасап жүргендердің көбі бедекшінің делдалдық қызметін білетін шығар. Бірақ оның қол алысып тұрып, ешкімге байқатпай саусақ арқылы саудаласатын құпия белгі жүйесі болғанын көпшілік біле бермейді.
Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романында осы тәсілді қазақтың «жең ұшынан жалғасу» деген тұрақты тіркесімен байланыстырады. Бұл тұжырымның қисыны бар. Өйткені бедекші сатушымен немесе сатып алушымен қол алысқан сәтте екі қолын жеңімен көлегейлеп, сырт көзге байқалмайтындай жағдайда саусақтарының қимылы арқылы мәміленің мән-жайын анықтап отырған. Мәселен, саусақтың бір бүгілуі немесе қысылуы белгілі бір ақшаны, қосылатын үстеме бағаны немесе соңғы келісім бағасын білдіруі мүмкін. Сатушы малын ең төмен болғанда қаншаға беруге келісетінін, ал сатып алушы ең жоғарғы қанша қаржы төлеуге әзір екенін бедекші осы құпия белгілер арқылы біліп отырған. Кейін екі жақтың да мүддесін ескеріп, ортақ мәміле бағасын ұсынып, сауданы аяқтаған. Бұл тәсілдің басты артықшылығы – ешкімнің алдында сауданың ішкі қыр-сырын жария етпеу. Мал базарында бағаны ашық айтып, бірінің сөзін бірі естіп қоюы сауданың бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан саусақ тілі бедекшіге екі жақтың сенімін сақтауға, сауданы құпия жағдайда жүргізуге мүмкіндік берген.
Этнографтардың айтуынша, мұндай жасырын белгі жүйесі тек қазақтарда ғана емес, Орталық Азия мен Таяу Шығыстың кейбір халықтарында да кездескен. Алайда қазақ бедекшілерінің саусақпен саудаласу дәстүрі өзіндік ерекшелігімен дараланған. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан дала саудасының тәжірибесінен туған кәсіптік код іспетті. Бедекшінің еңбегі тегін болмаған. Сауда сәтті аяқталып, екі жақ мәмілеге келгеннен кейін бедекші сатушыдан да, сатып алушыдан да «сіріңкелік», «шайпұл» немесе «делдал ақысы» ретінде азын-аулақ ақы алған. Бұл – қомақты сыйақы емес, бедекшінің еңбегіне көрсетілген ризашылықтың белгісі. Яғни бүгінгі тілмен айтқанда, мәмілені ұйымдастырғаны үшін берілетін символикалық комиссия немесе қызмет ақысы.
Бүгінде электронды сауда мен цифрлық төлем жүйесі дәстүрлі мал базарындағы көптеген әдет-ғұрыпты ығыстырды. Соның салдарынан бедекшілік кәсіп те, оның өзіндік рәсімдері де біртіндеп ұмытылып барады. Дегенмен бедекшінің саусақ тілі – қазақтың тұрмыс мәдениетін, іскерлік дәстүрін және халық дипломатиясын танытатын құнды этнографиялық мұра. Осындай ұғымдар мен дәстүрлерді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа таныстыру өткеннің бір көрінісін ғана сақтау емес. Бұл – қазақ қоғамының сауда мәдениеті, кәсіп әдебі мен ұлттық дүниетанымының тереңдігін таныту деген сөз. Өйткені әрбір көне атаудың, әрбір ұмыт қалған кәсіптің артында тұтас бір дәуірдің өмір салты мен рухани болмысы жатыр.