Кеткеннің кегі жаман ба?..

Кеткеннің кегі жаман ба?..

Ажырасуды отбасындағы кішігірім сойқанмен, төңкеріспен теңеуге болады. Мұнда да кім жеңеді деген дилемма тұрады. Әдетте, ерік-жігері мықтысы әлсіздеуін өмірдің жолайрығында қалдырып, тастап кете барады. Кей жағдайда, жанұясында жағдай болмай, көрген күні күн болмағаны ажырасуға тәуекел етеді. Әр үйдегі төңкерістің сипаты әртүрлі, ерлі-зайыптының ортасына кім түскен?!

Ал ажырассын делік. Бірақ кеткеннің кегі жаман болады екен. Өзінің ақылы жетпесе «Threads» көмекке келеді. Осыдан үш жыл бұрын ғана ашылған жаңа әлеуметтік желінің ерекшелігі сол, әдеттегідей фото-видеоға емес, мәтінге құрылады. Кім не жазса да, мұндағының бәрі тақырыптық жауаптар мен талқылауларға негізделіпті. Сондағы бір жазбаға көзім түсіп кетті. Екі балалы әйел күйеуі­нен көңілі қалған. Не істеймін деп елден ақыл сұрайды. Ақылшылар да аянбады. Сөзге келместен «ажырас» дегені ештеңе емес. «Әуелі үндемей жүріп, күйеуіңді ірі сомаға несие алуға көндір. Үйін, мәшинесін өзіңнің атыңа жаздырып ал. Сосын әке-шешесін шақырып, ортаға сал. Кінәсін мойнымен көтерсін» дейді. Кісіге ақыл айту оңай ғой, бірақ осылайша азғыруға бола ма?!

Жасыратыны жоқ, күйіп-жанып күйеуге тиіп, артынша бұрынғы қыз күніндегі бостандықтарын сағынып, кей жастар ажырасуға қайым келеді. Көптеген зерттеулерге сәйкес, біздің елімізде және басқа да дамыған елдердегідей күйеуі емес, көбіне әйелдері күйеулерін тастап кететін үрдіс басым екен.

Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай қоймайды дейміз, айтуға оңай. Қыздарымыз жыламаса дейміз, бірақ әр нәрсенің шегі болады. Сол шектен асып кеткен жағдайда отбасын сақтап қалатындар кемде кем. Ең оңайы – ажырасу. Ажырасқанда да кеткеннің кегі қатты, күйеуін тентіретіп жіберуге даяр. Кей азаматтар бұрынғы әйелінің қос қанатын қиятындары да бар. Бұл жақсы емес. Басын ашып айтсақ, айналып келгенде, ажырасу әйелдерді ауыртпалықтан босатпайды. Керісінше, бұрынғысы бұрынғы ма, енді жауапкершілігі еселене түседі. Азды-көпті болса да күйеуінің кетуіне (немесе қуылуына) байланысты табысы кемиді. Күн көріс үшін әйелдер ажырасқанға дейінгі күніне қарағанда әлдеқайда көп жұмыс істеуге мәжбүр. Тұрмыста болғанда армандаған құрбыларымен қыдыруға да мұршасы болмайды. Бала тәрбиесі, үй, әйелдердің бәрі ұнатпайтын ас әзірлеуді ешкім олардың міндетінен айырған жоқ. Егер байыптап қарасақ, көбіне тұрмыстың күйбеңімен қажығандар ажырасуды тығырықтан шығудың жолы деп санайды. Бұл қате.

Ажырасуды амал қылып, өз ұясынан безінген адам, қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті бұза тұра, келесі некеден үміттенеді. Әйел қырық шырақты деп, тіпті, әйел өлсе де «қамшының сынғанындай» көретін халықпыз. Шиеттей бала да арыздасқан екеудің қорғаны бола алмайды. Әсіресе екінші некеге тұрса, баланың жауапкершілігін тез ұмытады. Әйелі ажырасуды бастаса, одан да жаман, күйеуіне ерегісіп, ұлдарын өз жұртымен араластыр­май қояды. Мұндайда әйелі күйеуін жаман әке болғаны үшін кінәлайды, бірақ негізгі себеп бұл емес. Дәл баланы ойлаған ана әкесінен бездірмейді. Ол да келесі күйеуі алдыңғысынан, ең алдымен, жұбайы ретінде жақсырақ болады деп сенеді, әйтпесе, ажырасудың себебі неде? Белінен тумаған балаға бөтен еркектің мейірімі түсіп, бала үшін жақсы әке болатынына үміттенеді.

Тәтті үміттер жарға жықпаса жақсы. Қираған ұясының үстінен зәулім үй тұрғызу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық.

Не міндеті барын қайдам, кейбір әйелдер өз ұясын өзі бұзып жатса да, барлық материалдық игіліктер өзінікі деп есептейді. Оған көнбеген күйеуі сотқа арызданып, дүние бөліссе, жөнге санамайды. Ортақ балалары үшін десек те, орта жасқа келген еркек үшін де барлық материалдық игіліксіз қалу өте қиын. Қорасында тышқақ лағы жоқ еркек те ешкімге керек болмайды. Қоғам да кедейленеді. Сол себепті екі жақ та жақсылап ойлануы тиіс.

Жастықты жас дейік, ал қырыққа жақындаған екі-үш балалы әйелдің ажырасатындай несі бар деп ойлайсыз? Одан да жан-жағынан жақсылық іздеп, сабыр­ға келіп, өмірді қайта бастау­дың мүмкіндіктерін жіберіп алмағаны жақсы.

Ажырасуды жалғыз жол деп көретіндер, бақытсыздықтың себебін бір-бірінен көрмей, кез келген отбасында сөзсіз болатын мәселелерді өздері шеше алмайтындықтан екенін түсінбейді. Жаңа некеде олар дәл осындай мәселелерге, сондай-ақ өгей балалармен қарым-қатынас жасаудың жаңа қиындықтарына тап болады. Адамның пенделіктерін түсініп, кешірімді болу – отбасының іргетасының мықты болуының кепілі.

Жұбайлар өзара кем­шілік-міндеріне төзбеушілік отбасыларды бұзып қана қоймай, қайта некеге тұруға және оны сақтап қалу мүмкіндігіне де кедергі келтіреді. Жасында отбасынан ажырап, ғұмырын ұл-қызын жетілдіруге жұмсағандардың еңкейген сәттерінде өкінгендерін көрдік. Жасында ескермеді. Уақыт өте өмірлік серік табу мүмкіндігі азаяды. Уақыттың тезінен аман өтіп, немере-шөбересінің ортасында жүргендерді көргенде ғана қолдан ұшырған бақыттың қадірін түсінеді.

Біздің елдің неке туралы заңында егер ерлі-зайыптылар ажырасуға өзара келісіп сотқа жүгініп отырса, себебін сұрамастан ажырата салады.

Тағы бір мәселе, отбасын сақтауда әйелдердің жауапкершілігі көп ескеріле бермейді. Сот отбасының бұзылуына алып келген кімнің кінәсі ауыр­лау, кім жауапкершіліктен қашқанын анықтамайды және сұралмайды. Содан кейінгі балаларға кім ие, алиментті кім төлейді, ортақ мүлікті бөліске салғанда қайсысының таразысы ауыр деп сараптамайды.

Егер отбасы институты ажырасудың негізгі себептерін тізімдеп, кімге қатысты болғанда кеме суға кеткенін сараптау қажет. Ерлі-зайыптылар арасындағы дауларды ажырасуға себепші емес адамның пайдасына шешу некелік қажет. Әлеу­желінің ақылмандарының кеңесімен әрекет еткеннің бет пердесі сонда ашылады. Сұрау солардан болсын. Бұл әсіресе, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деп тұрған әйелдер феминизмі асқақтап тұрған заманда тоқтам болар еді.

 Әйел сөз басында айтқан отбасының жағдайын әдейі нашарлату, тығырыққа тіреу әрекеттерін ешкім байыбына барып, бағаламайды. Отбасының бұзылуындағы әйелдің үлесі екшелмейді. Әйелдікі дұрыс деп қолтығына су бүріккеннен алысқа бармаймыз. Бұрындары «баламның бабын таппады, жағдайын жасамады» салақ, олақ дегендей, тәрбиеге көнбейтін жаман қасиеттері үшін, келінді әкесінің үйіне апарып тастау дәстүрі болатын, көрші елдерде әлі де бар.

Ақылшысы әлеуметтік желі болған мына күнде бұлай сұрау­дың жөні бар. Әйелдер де, ер-­азамат та отбасындағы өз орны мен құндылығын сонда түсінеді. Айнала ажырасып, сыбай-сылтай жүріс тренд, ақылшың «Threads» болғанда отбасын ұстап қалу өте қиын.

Ажырасу процесі қаншалықты оңай болса да, оның салдары ауыр. Балалар біржақты әйел тәрбиесін алады, әкелер де балаларынан ажырасудан зардап шегеді, ал тұрғын үйді бөлу көбінесе шешілмейтін мәселелерді тудырады.

Дегенмен, қоғамдық пікір ажырасудың барлық басты себептерін нақтылап, бір сәттік әлсіздік үшін, жиналмай қалған үй үшін, қойылмай қалған шәй үшін ажырасуға мүмкіндік беретін заңдарды қатайтқан да дұрыс.

Заңдарды өзгертпес бұрын, алдымен ажырасуға қатысты қоғамның көзқарасын өзгерту қажет. Бұл енді, аналар мен ақсақалдардан бастап, ардагерлер кеңесі бар, заңгер, психолог, педагогтар мен ислам дін басшылары және басқа да дәстүрлі дін өкілдерінің діни қызметкерлерінің араласқаны жөн. Білім беру сабақтарында, сондай-ақ отбасылық өмірге арналған фильмдер мен теледидар бағдарламаларында түкке тұрмайтын кінәрат үшін шаңырақты шайқау адамгершілікке жатпайтынын түсіндіру қажет.

Ерлі-зайыптының астам­шылығы мен менмендігі ұрпағының тағдырын өзгертеді, ажырасқаннан кейінгі өмір еркекті де, әйелді де жарылқамайтынын түсінгеннің босағасы берік болмақ.