Ақпарат технологияларының жедел дамуы цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндігін ашты. Оның кез келген қызмет саласына ықпалы асып, тиімді басқаруы қазіргі бизнесте шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды пайдаланбайтын және жаңа технологияларды енгізбейтін компаниялар бәсекелесінен артта қалып, өздерінің бизнес-процесін тиімді басқара алмайды.
Күннен-күнге цифрлық әлемнің сан түрі пайда болып, жеке тірлігімізге еніп те үлгерді. Солардың бірі – «1045» платформасы. Бір сөзбен айтқанда, платформа құралдары тауарлар мен қызметтер каталогын, сатушылардың цифрлық парақшаларын, пікірлерді және ілгерілету мүмкіндігін қамтиды. Мұндай тәсіл әлеуметтік кәсіпорындарға өз қызметі туралы кеңінен ақпарат таратуға және күнделікті сатып алулары арқылы оларды қолдауға дайын тұтынушыларды табуға мүмкіндік береді. Бұл – тұтынушылар мен әлеуметтік кәсіпкерлерді біріктіретін экосистема және маркетплейс. Біздің назарымызды аударған жайт – платформаның ұстанымы. «1045» – пайдамен сатып ал. Пайдамен бөліс. Әлемді кішігірім қадамдармен өзгерт» деген ұранмен ашып, өз бағытын айқындаған платформа – Орталық Азия мен басқа да аймақтардағы әлеуметтік кәсіпкерлер мен қолөнершілердің өнімін қолдау, жасалған саудадан қоғамға және қоршаған ортаға пайда әкелу. Цифрлық кеңістіктің басында тұрған Ерғали Баймамировты халықаралық волонтерлер форумдары мен ТМД, түркі әлемі деңгейіндегі түрлі әлеуметтік және бизнес-саммиттерге белсенді қатысып жүрген азамат ретінде сұхбатқа тарттық.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қоюыңыздың себебін айтсаңыз.
– Кәсіпкерлік саласында 20 жылға жуық уақыт жүргендіктен, әлеуметтік кәсіпкерлердің өздері байқамайтын кейбір мәселелерге басқа қырынан қарай бастадым. Халықаралық форумдар мен кездесулерге қатыса жүріп, әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі әлсіз тұсының бірі сату мен нарыққа шығу мәселесі екенін байқадым. Керемет әлеуметтік жобалар бар. Олардың артында үлкен еңбек, тағдыр, миссия және қоғамға пайда әкелуге деген шынайы ниет тұр. Бірақ сол өнімді кім сатып алады? Қызметін кім пайдаланады? Жоба туралы қоғам қайдан біледі? Осы сұрақтардың жауабы ретінде «1045» әлеуметтік цифрлық платформасын құру идеясы пайда болды. Бұл жай ғана интернет-дүкен емес. Біз әр әлеуметтік жобаға өз тарихын, миссиясын, өнімін және командасын таныстыратын бейне-визитка беруді көздедік. Себебі кейде бір минуттық шынайы әңгіме адамның жобаға деген көзқарасын толық өзгерте алады.

– Жеке пайдасын ғана ойламай, әлеуметтің де жүгін арқалауыңызға не итермеледі?
– Мен Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының алғашқы күндерінен бастап оның қалыптасуына атсалысып келе жатқан мүшелерінің бірімін. Тіпті қауымдастықтың негізін қалаушылардың бірі деуге болады. Қауымдастықты Эмин Аскеров ұйымдастырды. Оның маған телефон соққаны әлі есімде: «Сәлем! Не істеп жатырсың? Кофеханаға кел, осында бір идеяны талқылап жатырмыз» деді. Осы қоңырау әлеуметтік кәсіпкерлікпен танысуыма, кейін қауымдастықтың қалыптасу үдерісіне араласуыма себеп болды. Сол жерде біз қауымдастықтың логотипін әзірлеп, стратегиясын бірге қалыптастырдық. Алайда мен үшін есте қалғаны – бизнестегі көзқарасымды, тіпті өмірге деген ұстанымымды түбегейлі өзгерткен бір сөз. Эмин: «Біз балық бермейміз. Қармақ та бермейміз. Біз адамға қармақ жасауды үйретеміз» деді. Яғни біздің мақсатымыз мүмкіндігі шектеулі адамға бір реттік көмек көрсету ғана емес. Ең бастысы – оған өз бетінше табыс табуға, кәсіп етуге, қоғамға араласуға мүмкіндік беретін құрал беру. Адам бізбен бірге бола ма, жоқ па – оның өз еңбегімен ақша тауып, өмір сүру сапасын жақсарта алуы маңызды.
– Бүгінгі қоғам әсіресе цифрлық өзгерістердің қадамына ілесе алмай жатады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, біздің заманымыздың міндеттерінің бірі – осындай жобалар туралы қоғамға көбірек айту. Олардың еңбегін көрсету арқылы адамдардың әлеуметтік кәсіпкерлікке деген көзқарасын өзгерту және жақсы бастамаларды қолдауға шақыру. Өйткені әр адамның жүрегінде жақсылық жасауға, біреуге пайдасын тигізуге деген ниет бар. Көптеген кәсіпкерлермен сөйлесе келе, олардың қоғамға көмектескісі келетінін байқадым. Бірақ екінші жағынан алғанда алаяқтықтан қорқу да бар. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы бұл мәселені одан әрі күрделендірді. Адам кейде кімге сенуге болатынын білмейді. Сондықтан «1045» платформасында біз үшін ашықтық пен сенім өте маңызды.
– «Бейне-визитка» сол сенімнің алғашқы сүзгісі дейсіз, оны қалай түсінуге болады?
– Адам жоба авторын көре алады, оның не үшін осы іспен айналысатынын естиді, өнімін немесе қызметін көре алады. Яғни біз тек тауарды емес, оның артындағы адамды және оның миссиясын таныстыруға тырысамыз. Бүгінде шамамен 800 әлеуметтік жобаны білемін. Өкінішке қарай, олардың шамамен жартысы жабылудың алдында тұр. Себебі қоғам олардың бар екенін білмеуі мүмкін немесе әлеуметтік өнім мен қызметке сұраныс әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Меніңше, бұл жерде ең үлкен мәселенің бірі – ақпараттың аздығы. Кейде жақсы жоба қаржының жоғынан емес, оған қажетті адамдардың жете алмауынан тоқтайды. Сондықтан «1045»-тің негізгі мақсаты – әлеуметтік кәсіпкер мен қоғамның арасында көпір болу. Тіпті әлеуметтік кәсіпкерлік бизнестің келесі эволюция кезеңі деп ойлаймын. Бүгінгі таңда бизнес тек пайда табуды көздеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе кәсіптің қоғамға қандай пайда әкелетіні де маңызды өлшемге айналады деп сенемін. Арманым – қоғамда «жай ғана бизнес» болу жеткіліксіз болатын кезеңге жету. Кәсіпкер ақша табумен қатар, қоғамға пайда әкелуге ұмтылса, қызметкердің, тұтынушының, қоршаған ортаның және жалпы қоғамның мүддесін ескерсе – міне, мен үшін бизнестің болашағы осында. «1045»-тің ұстанымы да осы: «Пайдамен сатып ал. Пайдамен бөліс. Әлемді кішігірім қадамдармен өзгерт». Өйткені әлемді бір күнде өзгерту мүмкін емес. Бірақ әрқайсымыз күн сайын бір кішкентай жақсы қадам жасасақ, үлкен өзгеріс дәл сол жерден басталады.
Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС