Азық-түлік қымбаттаса, халықтың үнемдейтін жері — өз дастарқаны. Бір өнімнің орнына арзанырақ баламасын таңдау, бұрынғыдай молынан алмау немесе саудаға шығар алдында әр дүкеннің бағасын салыстыру күнделікті әдетке айналып келеді. Алайда мәселе тұтынушының үнемшілдігінде ғана емес. Өнімнің дүкен сөресіне жеткенге дейінгі жолында қандай шығындар қосылады? Бағаның өсуіне не әсер етеді және халықтың табысы күнделікті қажеттіліктерін өтеуге жете ме?
Бағаның ар жағында не тұр?
Осы мәселе төңірегінде экономист Жадыра Сұңғатқызы азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторларды саралап, нарықтағы ахуалға экономикалық тұрғыдан баға берді. «Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуіне бірнеше себеп бар. Ең алдымен, өнім өндіруге кететін шығын көбейген. Жанармай, электр энергиясы, тыңайтқыш, жем-шөп пен жұмысшылардың жалақысы қымбаттаса, өнімнің өзіндік құны да артады. Оған қоса, шетелден әкелінетін тауарлардың бағасы валюта бағамы мен тасымал шығындарына байланысты өзгереді. Мысалы, импорттық жемістердің бағасына шетел валютасының қымбаттауы әсер етсе, ет пен сүттің бағасына мал азығы мен өндіріс шығындары ықпал етеді. Бірақ дүкендегі баға тек өнімді өндіруге кеткен шығынмен шектелмейді. Тауар өндірушіден дүкенге жеткенше бірнеше қолдан өтеді. Оны тасымалдау, сақтау және сату кезінде де қосымша шығындар пайда болады. Әр кезеңдегі үстеме баға тауардың соңғы құнына әсер етеді. Сондықтан бағаның нақты қай кезеңде өсетінін білу үшін өнімнің өндірушіден қаншаға сатып алынғанын және дүкенде қаншаға сатылатынын салыстыру қажет. Ал жеміс-жидек пен көкөністің бағасына маусым, өнімнің мол не аз болуы және оны сақтау мүмкіндігі де әсер етеді. Сондықтан азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тауардың не себепті қымбаттағанын нақты анықтау қажет. Өндіріс шығынын азайту, тасымал мен саудадағы қосымша шығындарды бақылау және нарықтағы бәсекелестікті күшейту маңызды. Өйткені бағаның өсуі ең алдымен күнделікті азық-түлік сатып алатын халыққа салмақ түсіреді. Егер отбасы табысының басым бөлігін тамаққа жұмсаса, басқа қажеттіліктеріне ақша аз қалады. Демек, мәселе дүкендегі бағада ғана емес, әр отбасының күнделікті қажетіне еркін қаражат жеткізе алуында» дейді ол.

Бағаның өсуіне әсер ететін себептерді саралау маңызды болғанымен, мәселенің екінші қыры — оның халықтың күнделікті тұрмысына тигізетін әсері. Өйткені дүкен сөресіндегі баға өскен сайын тұтынушының таңдау мүмкіндігі тарылып, отбасы бюджетіндегі азық-түлік шығыны көбейеді. Ал табыс көлемі қымбатшылықпен қатар өспесе, бұл салмақ одан әрі арта түседі.
Қымбатшылықтың салмағы кімге түседі?
Сарапшы Марғұлан Ермағамбетұлының пайымдауынша, азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін факторлар көп. «Қымбатшылықтың бір себебі — экономикадағы бәсекелестіктің жеткіліксіздігі мен монополиялардың ықпалы. Мұнай бағасының өзгеруі де жанармай құнына әсер етіп, одан әрі тасымал мен өзге де тауарлардың бағасына ықпал етуі мүмкін. Азық-түлік бағасының өсуіне өндіріс шығыны ғана емес, нарықтағы бәсекелестік те әсер етеді. Егер нарықта бәсекелес аз болса, кейбір компаниялардың бағаға ықпалы күшеюі мүмкін. Жанармай қымбаттаса, тауар тасымалдау шығыны да артады. Соның салмағы азық-түлік бағасына түседі. Яғни бір тауардың немесе қызметтің қымбаттауы басқаларының бағасына да әсер етеді. Бірақ баға өсімінің салмағын кім көбірек сезінеді? Әрине, күнделікті азық-түлік сатып алатын халық. Егер жалақы өспей, баға көтеріле берсе, отбасы бұрынғыдай сауда жасай алмайды. Бірі етті сирек алады, енді бірі жеміс-жидекті азайтады. Ал табысының едәуір бөлігін несиеге жұмсайтын отбасылардың жағдайы тіпті қиындайды. Міндетті төлемдерден кейін күнделікті қажеттілікке ақша жеткізу оңай емес. Шығынды есептеп, отбасылық бюджетті жоспарлау маңызды. Бірақ бәрін үнемдеуге тіреп қоюға болмайды. Үйде нан пісіру немесе бақшада көкөніс өсіру әр адамның қолынан келе бермейді. Оның үстіне, үнемдеудің де шегі бар. Халықты үнемдеуге шақыру оңай, ал бағаның неге өсіп жатқанын анықтап, оны тежеудің нақты жолын табу - маңызды міндет. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін нарықтағы жағдайды бақылап қана қоймай, бағаға әсер ететін шығындар мен бәсекелестікті де реттеу қажет. Өйткені халыққа құр үнемдеу туралы кеңес емес, күнделікті қажет азық-түлікті қалтасы көтеретін бағамен сатып алуға мүмкіндік керек» дейді ол.

Сарапшының пікірі азық-түлік қымбатшылығының тек экономикалық емес, әлеуметтік мәселе екенін де аңғартады. Бағаның өсуі мен табыстың арасындағы алшақтық ұлғайған сайын, халықтың күнделікті қажеттіліктерін өтеуі қиындай түседі. Ал осы өзгерістердің саудадағы нақты көрінісін тауарды тұтынушыға жеткізетін кәсіпкерлер күн сайын байқайды.
Дүкен сөресіндегі баға қалай қалыптасады?
Азық-түлік бағасының тұтынушыға жеткенше қалай қалыптасатынын дүкен иесі Әнел Букенбаева былай түсіндірді: «Дүкендегі тауардың бағасы тек оның сатып алу құнынан тұрмайды. Бөлшек сауда бағасына салық, электр энергиясы, қызметкерлердің жалақысы және сауда орнын ұстауға байланысты басқа да шығындар әсер етеді. Кәсіпкер тауар бағасын белгілегенде осы шығындарды ескеруге мәжбүр. Алайда бағаны көтеру де оңай емес, өйткені қымбаттаған өнімді сатып алушылардың бір бөлігі арзанырақ балама іздейді. Мысалы, нанның бағасы 10 қыркүйекте 180 теңгеден 200 теңгеге көтерілді. Тауар бағасының өсуі тұтынушының таңдауына бірден әсер етеді. Тіпті бір пайыздық өсімнің өзі кейбір сатып алушылардың санын азайтуы немесе оларды сол өнімнің арзанырақ баламасын алуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бір өнімді бірнеше жеткізуші компания ұсынғанымен, олардың бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Кәсіпкер тауарды бір жеткізушіден арзанырақ алса, үстеме шығындарын есептегеннен кейін де тұтынушыға тиімді баға ұсына алады. Ал келесі жолы басқа компаниядан қымбатырақ сатып алуға тура келсе, дүкендегі баға да өзгеруі мүмкін. Сондықтан тұтынушы байқайтын баға айырмашылығы әрдайым сатушының шешіміне ғана байланысты емес, тауардың сатып алу құны да маңызды рөл атқарады. Мұны күнделікті саудадағы өнімдерден де көруге болады. Мәселен, дүкенде «Bonduelle» жүгерісі 1 050 теңгеден сатылса, «Sano» маркасының өнімі 350 теңге тұрады. Макарон өнімдерінің арасында да айырмашылық бар: «Цесна» макаронының дүкенге сатып алу бағасы — 420 теңге, ал «Bottega» өнімінің баламасы арзанырақ. Мұндай жағдайда тұтынушылардың бір бөлігі брендке емес, қалтасына қолайлы өнімге басымдық береді. Энергетикалық сусындардың бағасы да өзгеріп отырады. Бұл өнімдердің негізгі тұтынушыларының қатарында жастар бар. Сұраныс көлемі бағаға ықпал ететін факторлардың бірі болғанымен, нақты қымбаттаудың себебін анықтау үшін жеткізушілердің бағасы мен басқа да шығындарды салыстыру қажет».
Дүкен иесінің мысалдары бағаның өзгерісі тұтынушыға да, кәсіпкерге де әсер ететінін көрсетеді. Бірі тауарды қолжетімді бағамен сатуға тырысса, екіншісі күнделікті қажеттілігін өтеу үшін арзанырақ өнім іздейді. Алайда бағаны салыстырудың өзі барлық мәселені шеше алмайды. Әсіресе көп адамнан тұратын отбасылар үшін азық-түлікті жеткілікті мөлшерде сатып алу күнделікті қаржылық сынаққа айналуы мүмкін.
Бір отбасының күнделікті таңдауы
Қымбатшылықтың салмағын күнделікті сауда жасайтын тұрғындар айқын сезінеді. Астана тұрғыны Перизат Әлімнің айтуынша, алты адамнан тұратын отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығыны едәуір артқан. Ол күнделікті тұтынатын өнімдерді жеткілікті мөлшерде сатып алу да оңай еместігін айтады. «Азық-түлік бағасы қатты шарықтап кетті. Айлық табыс күнделікті қажеттіліктерге толық жетпейді. Нан таусылады, май бітеді, тұз алу керек. Осындай күнделікті қажет заттардың өзі жинала келе үлкен шығынға айналады. Еттің бағасы удай. Ет алсаң, басқа азық-түлікке ақша жетпейді, ал басқа қажетті заттарды алсаң, етсіз қаласың. Қазір ет жеуден де қалдық. Сүт өнімдері мен жеміс-жидекті айына бір-екі рет қана аламыз. Үйде күйеуім, екі балам, анам, сіңлім және мен тұрамыз. Сондықтан алған азық-түлігіміз де ұзаққа жетпейді. Қайта сатып алайын десең, ақша жетпейді. Балаларға жеміс-жидек алып бергің келеді, бірақ ең арзан алмаларды таңдауға мәжбүрсің. Біз көбіне көтерме сауда базарларынан сатып аламыз. Соның өзінде барлық қажеттілікті бірдей алуға мүмкіндік жоқ. Бірін алсаң, екіншісінен бас тартуға тура келеді» дейді ол.
Перизат Әлімнің сөзі азық-түлік бағасының өсуі отбасының күнделікті таңдауына қалай әсер ететінін көрсетеді. Нан, май, тұз секілді күнделікті тұтынатын өнімдердің әрқайсысына жұмсалатын қаражат жеке алғанда аз көрінуі мүмкін. Алайда оларды үнемі сатып алу қажеттілігі отбасылық бюджетке тұрақты салмақ түсіреді. Ал ет, сүт өнімдері мен жеміс-жидекті тұтынуды шектеу отбасының таңдау мүмкіндігін одан әрі тарылтады. Азық-түлік бағасының өсуін тек нарықтағы қымбатшылықпен шектеуге болмайды. Мәселенің маңызды қыры — халықтың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қаржылық мүмкіндігі жете ме деген сұрақ. Егер отбасы бір өнімді сатып алу үшін екіншісінен бас тартуға мәжбүр болса, бұл оның сатып алу қабілетінің шектеулі екенін көрсетеді. Әсіресе балалары бар отбасылар үшін ет, сүт өнімдері мен жеміс-жидекті тұрақты тұтыну маңызды. Сондықтан азық-түлік бағасының өзгерісін бағалағанда оның халықтың тұрмыс деңгейі мен отбасылық бюджетке әсерін де ескеру қажет.
Қымбатшылықтың түйіні
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін әлем елдері түрлі іс-шараларды жүзеге асырады. Мәселен, Таиландта әлеуметтік маңызы бар 71 тауардың бағасы бақылауға алынып, жеңілдікпен сату бағдарламасы енгізілген. Кипрде ет, құс еті мен балыққа қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі қолданылса, Испания фермерлердің тыңайтқыш шығындарын өтеуге 500 миллион еуро бөлген. Бұл тәжірибелер азық-түлік бағасын реттеу үшін тұтынушы шығынын азайтумен қатар, өнім өндірушілерді қолдау да маңызды екенін көрсетеді (FAO.org сайтынан алынды). Қазақстанда да осы тәжірибелерді жергілікті нарықтың ерекшелігіне бейімдеп қолдану азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі мүмкін. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеңілдікпен сату бағдарламасын кеңейту халықтың күнделікті шығынын азайтса, отандық өндірушілерге тыңайтқыш, жанармай және басқа да өндірістік шығындар бойынша қолдау көрсету өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік берер еді. Ал жекелеген азық-түлік түрлеріне салықтық жеңілдіктер енгізу мәселесін қарастыру тұтынушыға түсетін салмақты жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен мұндай шаралардың нәтижелі болуы үшін олардың бағаға нақты әсері, бюджетке түсетін салмағы және отандық өндірушілердің мүддесі қатар ескерілуі қажет.
Азық-түлік қымбатшылығының түпкі өлшемі — статистикадағы пайыз емес, халықтың дастарқанындағы жағдай. Баға өсіп, табыс сол қарқынмен артпаса, үнемдеу қажеттіліктен туындайды: біреу еттен, біреу жеміс-жидектен, енді бірі басқа маңызды шығыннан бас тартады. Сондықтан мәселені тек бағаны бақылаумен шектеуге болмайды. Өндіріс шығынын азайту, делдалдық тізбекті ашық ету, нарықтағы бәсекелестікті күшейту және халықтың сатып алу қабілетін қолдау қатар жүруі керек. Өйткені азық-түлікке қол жеткізу — жай ғана сауда мәселесі емес, әр отбасының тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіш. Қымбатшылықтың салмағы халықтың күнделікті таңдауын тарылтқан сайын, бағаны тұрақтандырудың нәтижесі де сөзімен емес, тұрғынның қалтасына қаншалықты жеңілдік әкелгенімен өлшенуге тиіс.
Аружан Есенгелді,
Л.Н. Гумилев атындағы Еурази ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 3-курс студенті