Кейбір ата-аналар балаларының мектепке күн сайын 4–5 келі болатын сөмке көтеріп баратынын айтады. Осыған байланысты күнделікті оқу жиынтығының салмағына қандай талаптар қойылатынын және олардың сақталуын кім бақылайтынын білу маңызды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес, күнделікті оқу жиынтығының салмағы 1–3-сынып оқушылары үшін 1,5–2,0 келіден, ал 4–5-сынып оқушылары үшін 2,0–2,5 келіден аспауы тиіс. Бұл ретте сөмкенің өз салмағы есепке алынбайды.
Сондықтан сөмкенің жалпы салмағы 4–5 келі болған жағдайда, санитариялық талаптардың сақталуын бағалау үшін күнделікті оқу жиынтығының салмағын бөлек анықтау қажет. Егер ол оқушының сыныбына сәйкес белгіленген нормативтен асып кетсе, бұл санитариялық талаптарға сай келмейді.
Оқу жиынтығының салмағы сабақ кестесін құру кезінде де ескерілуі тиіс. Санитариялық қағидалардың 74-тармағына сәйкес, сабақ кестесі оқушылардың күнделікті оқу жиынтығының салмағына қойылатын гигиеналық нормативтерді ескере отырып жасалады.
Аталған талаптардың сақталуын мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары өз құзыреті шегінде бақылайды. Бұл жерде күнделікті оқу жиынтығының жалпы салмағына қойылатын талап пен жеке оқулықтың салмағына қатысты мәселені ажырата білген жөн. Нормативтен асып кетудің себептері мен жауапкершілік мәселесі нақты жағдайды қарау барысында анықталады.
Баласының күнделікті оқу жиынтығы белгіленген салмақтан асып кетеді деп есептеген ата-аналар тиісті аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жазбаша өтінішпен жүгіне алады.
Оқу жиынтығының салмағына қойылатын талаптарды сақтау — оқушыға түсетін күнделікті жүктемені дұрыс ұйымдастырудың маңызды бөлігі.
Мұхамғали Арыспаев,
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары