Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінде Астана қаласы Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес «Кураторлардың түйінді құндылықтар негізінде әзірлемелер алмасуы» тақырыбында ашық алаң өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты - Колледждің тәрбие жүйесінде түйінді құндылықтарды басшылыққа ала отырып, кураторлардың кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін арттыру, тәрбие жұмысын ұйымдастырудың мазмұнды әрі тиімді әдіс-тәсілдерін жетілдіру, озық педагогикалық тәжірибелер мен авторлық әдістемелік әзірлемелерді жинақтау, жүйелеу және тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін кеңейту.

Ашық алаң жұмысы барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының 6 жобасы бойынша тақырыптар қамтылып, кураторлардың тәрбие бағытындағы өзара тәжірибе алмасуы, шығармашылық ізденістерін дамыту, заманауи тәрбиелік технологияларды меңгеру және білім беру ортасында құндылыққа бағдарланған тәрбие моделін қалыптастыру мәселелері ортаға салынды.
Сонымен қатар, білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру, азаматтық ұстанымын нығайту, отансүйгіштік сезімін арттыру, адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, ынтымақтастық, өзара құрмет пен қамқорлық қасиеттерін дамытуға бағытталған тәрбиелік жұмыстардың тиімділігін арттыру көзделді.

Ашық алаң аясында кураторлардың әдістемелік қорын толықтыру, «Адал азамат» бағдарламасының 6 жобасына сәйкес тәрбие сағаттарының, кураторлық жобалардың, интерактивті іс-шаралар мен тәрбиелік бастамалардың жаңа үлгілерін ұсыну арқылы колледждегі бірыңғай тәрбие кеңістігін дамыту және құндылықтарды білім алушылардың күнделікті өмірлік тәжірибесі мен нақты іс-әрекетіне айналдыруға ықпал ету міндеті қойылды. Жиын кураторлардың кәсіби тәжірибесі мен әдістемелік қорын молайтуға, тиімді тәрбиелік әзірлемелерді жинақтауға, өзара тәжірибе алмасу мәдениетін қалыптастаруға, ең бастысы, колледждегі тәрбие жұмысы құндылықтарды тек насихаттаумен шектелмей, оларды білім алушылардың күнделікті мінез-құлқы мен іс-әрекетінде жүзеге асыруға бағытталды.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы тәрбие жұмысы бойынша үйлестіру және ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Күнімбала Баяхметова мен Еуразия гуманитарлық институты жоғары колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ажар Ғазизова ашып берді. Тиісті тақырыптардағы баяндамаларды аталмыш колледж оқытушылары Ақбота Ахметқалиева, Айжан Жандосова, Мәдина Баилдилова, Зәуре Жұмабаева, Әйгерім Бектемісова, Ұлжан Айталы жасады. Колледж оқушыларымен диалог жүргізіліп, әр тақырып бойынша олар ойларын жеткізді.