ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті "Абайлаңыз, балалар!" кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық жедел- профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны өткізу кезеңінде кәмелетке толмағандардың түнде жалғыз жүруіне назар аударылды. Полицейлер осындай 25 мыңнан астам фактіні анықтады.
ІІМ ата-аналарды балалардың қайда және қай уақытта жүргенін бақылауды күшейтуге шақырды, әсіресе кешкі және түнгі уақытта қатаң қадағалау керектігін еске салды. Ведомствода кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік бар екені туралы еске салынды.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарына іргелес аумақтарда жол инфрақұрылымына тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою бойынша 3 мыңға жуық ұйғарым берілді. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді. Кәмелетке толмағандарды оқыту орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп объектілердің техникалық нығаюын арттыру және оқушылар үшін қауіпсіз жағдайлар жасау бойынша жұмыс жалғасуда.
Іс-шара аясында балалар мен ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әкімшілік полиция комитеті балалардың қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін еске салады. Баланың қайда және кіммен жүретінін білу, оның мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайына назар аудару және қауіпсіздікке қауіп төнген кезде дереу полиция органдарына хабарлау маңызды.
Білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда және жолдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс жалғасуда.