«Астана – есірткісіз қала» тұжырымдамасы аясында елорданың «Өндіріс» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде балалар, жасөспірімдер мен юниорлар арасында кикбоксингтен ашық қалалық турнир өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жекпе-жектер «лоу-кик», «фулл-контакт» және «кик-лайт» бөлімдері бойынша өтті.
«Турнирге 180-ге жуық жас кикбоксшы қатысып жатыр. Жарыс ашық форматта ұйымдастырылғандықтан, елордалық клубтардың өкілдерімен қатар еліміздің бес өңірінен келген спортшылар да бақ сынауда. Үш күнге созылған жарыста жас спортшылар алдағы уақытта қажет болатын баға жетпес тәжірибе жинады. Үздіктері ел көлемінде елорданың спорт намысын қорғайтын болады. Мәселен, 17-21 қараша аралығында Астанада Қазақстанның Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған кикбоксингтен республикалық турнир өткізу жоспарланған. Бұл – ең мықты спортшылар қатысатын өте беделді жарыс», – деді Астана қаласы Кикбоксинг федерациясының вице-президенті, турнир супервайзері Ернар Омаров.
Турнир елордалық Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды. Жекпе-жектерден бөлек, көрермендер мен қатысушылар роботтандырылған полиция итімен де танысты.
«Полиция департаменті қаланың спорт ұйымдарымен тұрақты түрде ынтымақтастық орнатып келеді. Кикбоксшылар мен каратэшілердің қатысуымен 40-тан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Байқоңыр ауданында скейтбордингке арналған арнайы алаң ашылды. Біз спортпен айналысу – жастардың уақытын тиімді өткізудің ең дұрыс жолы әрі нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі деп санаймыз. Жастарды спортпен айналысуға шақырамыз!» – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов.