Ақ бата – қазақ ауыз әдебиетінің бір тармағы, ұлтымыздың игі қам-қарекетінің фатихасы, жыраулықты жалау еткен, өлең ұйқасымен айтылатын жақсы тілектің беташары. Ал баталасу – серт, уәде, қасам тәріздес аса киелі, әрбір істің ең соңғы нүктесін қоятын тоқтам таңбасы. Батаны бұзу қазақ үшін ең ауыр күнә, бұзық нышан, жаман ырым болып табылады. Бата жолы – қазақтың ата жолы. Ол еліне, ұрпағына, болашағына шарапат-шапағаты мәуелі, ең өнеге-өсиетке бай ұғым. Ол – жай ғана тілек емес, елдің арман-мұратын, ізгі ниетін, ұрпаққа деген ақ ниетін білдіретін рухани мұра.
Мен бұрын аты әйгілі батагөй де, бата жанрын арнайы зерттеген фольклортанушы да емеспін. Дегенмен, бала кезімнен қазақтың ақ батасын қадір тұтып, үлкендердің батасынан өнеге алып өстік. Батаға деген ықыласым кейін келе өмірлік әуестікке, ізденіске айналды. «Бата бер» дегенде екі ауыз сөз айта алмай қалған кездерім де болды. Жасы үлкен адам ретінде менен бата күткенде, жауап бере алмай қысылған сәттер аз емес. Сол кезден бастап бата кітаптарын жинап, баталарды жаттай бастадым. Бірте-бірте жаттаған баталарымды өмірдің нақты жағдайына қарай қолдануға, қажет болса өзім құрастырып айтуға машықтандым. Келелі жиын, қуанышты той, жаңа бастама болсын – сол жағдайға лайықты сөз тауып, бата сұраған адамның көңіліндегі тілек пен арманды дөп басуға тырыстым.
2023 жылы «Ақ батаммен Алашқа дәт, ата тарихымнан бауырға хат» атты кітабым жарық көрді. Кітапта 73 жасқа толуыма орай 73 тақырыпта құрастырылған баталарым жарияланды. Сонымен бірге «Бал бата – қазына, баташыларға – базына» атты мақалам да оқырманға ұсынылды. 2023 жылы Талдықорған қаласында өткен бата сайысында жүлдегер атансам, биыл наурызда Астана қаласында ұйымдастырылған «Ақ бата» байқауында да жүлдеге ие болып, диплом және ақшалай сыйлық алдым. Бұл жетістіктер мен үшін атақтан гөрі, қазақтың қасиетті бата дәстүріне деген құрметтің бір белгісі ретінде қымбат.
«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген халық нақылдарының өзі батаның қазақ дүниетанымындағы орнын айқын көрсетеді. Қазақ ұғымында бата – жақсы істің жолын ашатын, адамның ниетін бекемдейтін, елдің береке-бірлігін тілейтін рухани күш. Сондықтан ата-бабамыз ұлы іс бастарда, сапарға аттанарда, қуанышта, тойда, жаңа шаңырақ көтергенде, ұрпақ дүниеге келгенде үлкендерден бата алған.
Батаның шығу төркіні туралы ел ішінде түрлі аңыз-әпсаналар бар. Кейбір әңгімелерде оның арғы бастауы адамзаттың алғашқы дәуірлерімен, Қызыр бабамен байланыстырылады. Мұндай аңыздардың барлығы халықтың батаға деген айрықша сенімін көрсетеді. Қазақ тарихында елге белгілі талай тұлғаның үлкендерден бата алғаны, келелі істерді де батамен бастағаны айтылады. Мәселен, Абылай баһадүр 19 жасында жоңғардың бас батыры Шарыштың басын жекпе-жекте кесіп алып, ерлік көрсеткені үшін Әбілмамбет хан тағын ұсынарда, ел ішіндегі тоқсан жақсымен барып, арғын шақшақ Жәнібектен Абылайға бата алған. Данышпан Абай Шөже ақыннан, қарт Бөжейден бата алған. Даңсалы ақын, ғұмырлы қария Жамбыл, Сүйінбайдан бата алған. Мұның бәрі қазақ үшін батаның жай ғана рәсім емес, адамның өмір жолындағы рухани бағдар болғанын көрсетеді. Демек, қанымыз да, қариямыз да бісмилласіз, батасыз ас ішіп, атқа қонбаған халықпыз. Қазақ салтында ұлы іс, игі бастама, мереке-қуанышта қонақ иесі бата сұрамаса жетесіздік, әбестік саналған. Ал қонақ иесі қонақтан бата сұрағанда, ақсақалдар дұрыстап бата бере алмаса, бата сұраушының қуанышына, жақсылығына, игі ісіне құрмет етпегендік; көңілі надан, тілеуі сараң есептеліп, ақсақалдығына, азаматтығына сын болған.
Елімізде батагөй ақсақалдар көп. Мемлекет жағынан түрлі байқаулар әр жылы, әр жерде өткізіліп жатыр. Дегенмен, бата берушілердің барлығы шешен, жырау, тапқыр болуы екіталай. Кім бата берсе де, өзінің шама-шарқына қарай батасын қысқа да, нұсқа шақ еткізіп, жұртына тілеу достығын, көңіл қоштығын, азаматтық ойын, білген батасын айтса болды. Дегенмен, бата беретін ақсақалдарымыздың арасында батаның құтын қашырып, салауатын түсіретін, азды-көпті кемшілік, келеңсіздіктер де жоқ емес. Мысалы, кейде тойларда, келелі бір игі бастамада, бір топ ақсақалдардың ішінен бата беретін адам шықпай жатады. Ал кейбір ақсақалдардан бата сұрағанда, араққа тост көтергендей ұзын-сонар қара сөзбен әр нәрсені бір айтып созып тұрып алады. Ал енді бір адамдар батаны жазып алып, оны өзі танып оқи алмай, ежіктеп, мыжып тұрады. Ал енді біреулер байырғы баталардан жаттап алып, өз батам деп беріп жатады. Кейбір ақсақалдарымыз батасының мазмұнына мән бермей кәрілерге беретін батаны жастарға, отағасыға беретін батаны келін, қыздарға; әйелдерге беретін батаны ұл балаларға беріп жатады. Мысалы, әуелі құдай жеке берсін, жеке берсе теке берсін, жаздай берсін, жазбай берсін, қыстай берсін, қыспай берсін деп келеді де, жаз жайлауын жаусыз ет, қыс қыстауын қарсыз ет, барған жерін мұңсыз ет, көтергенін ұл ет, би бәтимәні пір ет деп соғып жатады.
Бұрынғы бабалардың алтын баталарын айтпа демейміз. Десе де, әрбір батаның өзіне сай айтылатын орны бар. Қазіргі таңда өмір басқа, кәсіп, қам-қарекет басқа, мәдениет түрлері әр алуан, бұрынғылардың батасы деп ел үміт еткен тілектен шалғайлап, нақты болмыстан шығып кететін жағдайлар де аз емес. «Көш жүре түзеледі» десек те, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Бүгінгі өмір бұрынғыдан өзгеше. Кәсіп те, тұрмыс та, қоғамдық қарым-қатынас та өзгерді. Сондықтан дәстүрлі батаның мазмұнын сақтай отырып, оны қазіргі өмірмен сабақтастыра білуіміз қажет. Меніңше, жақсы батаның өлшемі – оның ұзақтығында емес, мазмұнында. Бата сұраушының көңілінен шығып, сол сәттегі жағдайды дәл танып, елдің жүрегіндегі арман-мұратты айта білсе, оның өзі үлкен өнер.
Бата – ақсақалдың азаматтық ойы, елге деген тілеулестігі, кейінгі ұрпаққа қалдырар өнегесі. Сондықтан бата айтатын адам әр сөзінің салмағын сезінуі керек. «Батамен ел көгерер» деген сөздің мәні осында. Жақсы сөз адамға үміт береді, жүрегіне қуат береді, ізгі іске жігерлендіреді.
Қазақтың қасиетті батасы – халқымызбен бірге жасайтын рухани мұра. Оны жаттап қана қоймай, мәнін түсініп, заманға сай дамытып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Қариялардың ақ батасы елімізге, жерімізге, ұрпағымызға бақ болып, шарапаты тие берсін! Қазақтың қасиетті батасы қазақпен бірге жасай берсін!
Пәрменбек Жұмабайұлы