Шәкірт жүрегіне шырақ жаққан

Шәкірт жүрегіне шырақ жаққан
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар». Мұны ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өсиеті десек болады. Ал балалардың жүрегіне шырақ жағу – мұғалімнің міндеті. Оқушыларды «өмір – теңіздің» бетінде «білім – кемемен» жүздіріп жүрген тәжірибелі ұстаздың бірі – елордадағы №113 келешек мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бағдат Сайдалина.           

Бағдат Төлеутайқызы бас­тапқыда арнаулы орта білім алып, одан соң Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алды. Мұнымен шектелмей, білімін жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді. Ұстаздық еңбек өтілі 30 жылға жуықтайды.  

Кейіпкеріміздің Қайрат, Жанна және Сағадат деген туған бауырлары – мұғалімдер. Бағдат да осы жолды таңдады. Жетістіктері де аз емес. Оның бәрін тізбелемей, Жезқазған қаласының «Жыл мұғалімі» атанғанын айтсақ та жеткілікті болады деп есептейміз.  

Қазіргі  цифрландыру  дәуірінде заман көшінен қалмай, түрлі заманауи  технологияларды меңгеру – адам баласына керек шаруа. Соны күнделікті өмірінде, істеп жатқан кәсібінде қолдана білгендердің ісі алға жылжиды. Бағдат Сайдалина сондай жаңашыл және шығармашыл ұстаз. Бұл тұрғыдан «Оқу үдерісі және ЖИ генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» курсын, «Білім  берудегі жасанды интеллект, инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» курсын аяқтады.

Жұмыс барысында білім беру саласындағы жаңа үрдіс­тер мен бағыттарды зерттеп, қолданады. Атап айтқанда, АКТ, сыни тұрғыдан ойлау, жобалау әдістері, деңгейлік, инклюзивті білім беруге негізделген Қараев технологиясы сынды заманауи инновациялық технологияларды меңгеріп, сабақ үдерісіне енгізді. Жалпы оқушыларды оқыту мен тәрбие­леуде қолданылатын әдістер мен құралдарды жетілдіруге көп көңіл бөледі.

Бағдат Төлеутайқызы – бірнеше әдістемелік жобалардың авторы. Мәселен, «Математикалық логика» авторлық жобасы бастауыш сынып оқушыларының ерте жастан логикалық, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін арттыруда жақсы нәтиже көрсетті. Ал «Әдебиет өнері» авторлық бағдарламасы балаларды шешендік өнерге баулуға, көркем мәтінмен жұмыс істеуге және ұлттық құндылықтарды терең ұғынуға бағытталған.

Кейіпкеріміздің үлкен қызы Мархаба Толықбаева да анасының жолын қуып, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жатыр. Мұғалім күні – ұстаздардың мейірленетін мерекесі. Қазақ әдебиетінің классигі Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп айтқандай, ұстаздардың орны әрқашан да төр болсын!