Ұстаздық - ұлы жол

Ұстаздық - ұлы жол
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елімізде 5 қазанда Мұғалімдер күні аталып өтіледі. Бұл күн – ­ұстаздың мерейін асырып, еңбегін елеп, істеп жатқан жұмыс­тарын қадірлеуге бағытталады. Ұстаздар мерекесі жақындаған сайын, қадірменді педагогтерді қадірлеу парыз. Өйткені баланың зейінін ашу, оқыту, тағылым мен тәрбие сіңіру оңай шаруа емес. Әр үйдің баласы әртүрлі. Бір-бірне ұқсамайтыны тағы бар. Шәкірттің білім жолындағы көзін ашу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұлы қасиет. Ұстаздар мерекесі қарсаңында, Астана қаласында  № 9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде 2009 жылғы 20 шілде айынан  18 жылдай уақыт директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және  «педагог-шебер» біліктілік санатты география пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүрген, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Гүлназия Сабырқызы ой бөліскен еді.

– Ұстаздық жолымда қиындығы мен қызығы мол мамандықты таңдағанымды мақтан етемін. Алдымнан шыққан шәкірттерім елімізде өз орнын тауып қызмет жасап жүргеніне қуанамын. Бір оқушым қазіргі таңда Құрылтайға депутат болып сайланды. Ол – Ахмедиев Дархан.  Шәкірттерге саналы тәрбие мен сапалы білім беру керек. Сонда мықты азамат болып қалыптасады. Ал ұстаздар үлкен жауапкершілік пен өз мамандығыңды жақсы көру керек. Сонда жұмыс үйлесімді бола түседі, – деп пайымдайды.

Мұғалімдік қызметте Гүлназия Сабыр­-қызы 46 жылдан аянбай еңбек етіп келеді. Ол ауыл өзі туған Қарағанды өңірінен бастап, еңбек жолын елордада жалғап, жемісті қызмет істеп келеді. Құрметті ұстаз адал еңбек жасалса, маңдай тер төгілсе, еңбек бағаланады деп санайды.

– Еңбегім еленіп жатыр. 2021 жылы Педагог мәртебесі Заңның негізінде енгізілген педагогтерді қолдау, құрметтеу мақсатындағы, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік құрметті атақпен марапатталдым. Қобалжыдым да. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. 2024 жылы Ы.Алтынсарин төсбелгісін иелендім. Тәубе, еткен еңбек осылайша ақталып жатыр, – деді тәжірибелі ұстаз.

Ол сондай-ақ, өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге боп жүретінге ұқсайды. Мектепте қызмет етіп, ұстаздық жолға бет бұрған жастарға бір ауыз тәжірибесін айтып, лебіз білдірді.

– Жастарға айтарым таңдаған мамандығын адал , жауапкершілікпен атқаруын тілер едім. Сонда ғана биік жетістіктерді бағындыруға болады. Жалпы адамға тәжірибе, көрген-түйген, оқыған-білген дағдылармен қалыптасады. Адам егер алғыр болса, өз ісінің маманына айналса, талай асуды бағындырып, билік белестерді артқа тастап, өмірде өз орнын табады деп байып­таймыз, – деп түйді Гүлназия Байұлова.