Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Астана қаласындағы Білім беру институтында «Абай тағылымы: хакім сөзі және заманауи ойлау» тақырыбында дәріс өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәріс барысында филология ғылымдарының кандидаты Динара Бисмильдина мен белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, мәдениет қайраткері Жандос Әубәкір Абайдың әдеби-рухани мұрасына тоқталып, ұлы ойшылдың шығармаларының тәрбиелік мәні мен бүгінгі қоғамдағы маңызын сөз етті. Ал Астана қаласының «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев хакімнің өсиеттерін қазіргі жастардың өмірлік таңдауы, кәсіби бағдарлануы және өзін-өзі дамыту мәселелерімен байланыстырып түсіндірді.

Іс-шара барысында Абайдың білім, ғылым, еңбек, адамгершілік және рухани кемелдену туралы ойлары талқыланды. Сонымен қатар, «Толық адам» ілімінің мәні, жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру және саналы азамат болып қалыптасудағы Абай мұрасының рөліне ерекше назар аударылды.
Кездесуге университеттің Білім беру институтының басшылығы мен 1-2 курс студенттері қатысты. Ашық пікір алмасу форматында өткен дәріс студенттердің Абай дүниетанымын тереңірек түсінуіне, рухани көзқарасын кеңейтуіне және ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.