Елорданың Алматы ауданында тағы 3 заманауи жылы аялдама іске қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстанда алғаш рет қоғамдық көлікті күтуді жайлы, қауіпсіз әрі баршаға қолжетімді ететін заманауи шешімдер кешенімен жабдықталған аялдама павильондары ұсынылды.
Кедергісіз орта және автоматты есік жапқыштары қозғалысы шектеулі азаматтар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналарға қолайлы жағдай жасайды.
SOS батырмалары полициямен аудио және бейнебайланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аялдамалар тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталығына қосылған.
Павильондарда күшейтілген жылыту және салқындату жүйелері, маршруттар туралы ақпарат көрсететін экрандар, USB және Type-C қосқыштары, электр розеткалары, тегін Wi-Fi, кофе және сауда автоматтары қарастырылған.
Жаңа аялдамалардың мекенжайлары: Тәуелсіздік даңғылы – Қ.Мұнайтпасов көшесі бағыты бойынша; «7-Я» тұрғын үй кешені ауданы – Б.Момышұлы даңғылы бағыты бойынша; Амман көшесі – Ж.Тәшенов көшесі бағыты бойынша.
Алматы ауданы әкімінің аппараты кәсіпкерлермен және инвесторлармен ынтымақтастықты жалғастырып, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауда.