Жылыту маусымында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жылыту жүйелерінің жай-күйін тексеруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Құтқарушылар елордада төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кемшіліктерді дер кезінде жоюға бағытталған кезекті профилактикалық рейд өткізді.
Жеке тұрғын үй секторын аралау барысында әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын үйлерге, сондай-ақ пешпен жылытылатын баспаналарға ерекше назар аударылады.
173 үйге көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктері, сондай-ақ түтінге қарсы өрт хабарлағыштары орнатылды. Бұдан бөлек, профилактикалық іс-шаралар барысында 50-ден астам үйдің мұржасы тазартылды. Мамандар жылыту жүйелері мен электр сымдарын тексеріп, олардың жай-күйін бағалады және бұрын орнатылған автономды өрт хабарлағыштарының қуат элементтерін ауыстырды.
ТЖД қызметкерлері барак үлгісіндегі үйлер мен жатақханаларға да ерекше көңіл бөлуде. 15 қыркүйектен бастап департамент қызметкерлері полиция, жергілікті атқарушы органдар, АРЭК өкілдері және еріктілермен бірлесіп, күн сайын профилактикалық аралау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жылыту маусымы аясында 1 000-ға жуық қызметкердің қатысуымен екі рет ауқымды рейд ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге дейін 544 тұрғын үй тексеріліп, түсіндіру жұмыстарымен 13 мыңнан астам адам қамтылды.
Үйлерді аралау кезінде мамандар пештер мен мұржалардың жай-күйін тексеріп, жарықтардың бар-жоғына және электр сымдарының жарамдылығына назар аударады. Тұрғындарға жылыту маусымы басталар алдында пешті тексеріп, ақауларды жою және мұржаны тазарту қажеттігі ескертіледі.
Сонымен қатар электр сымдарының жай-күйін бақылап, олардың сенімсіз жалғануына жол бермеу маңызды. Жарамсыз жылыту жабдықтары, бітелген мұржалар мен электр жүйесіндегі ақаулар өртке әкелуі мүмкін. Сондықтан анықталған кемшіліктерді уақытылы жою қажет.
«Үйлерді аралау барысында қызметкерлеріміз анықталған кемшіліктерді тіркейді. Кейін олардың жойылғанын тексеру үшін тұрғын үйлерге қайта барады. Егер кемшіліктер жойылмаса, түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, қажет болған жағдайда тиісті қызметтер мен ұйымдарды тартамыз. Біздің міндетіміз – тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеп, анықталған кемшіліктердің жойылуына қол жеткізу. Бұл ең алдымен адамдардың өз қауіпсіздігі үшін қажет», – деді Астана қаласы ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Жалғасбек Маратов.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – көміртегі тотығын анықтайтын датчиктерді орнату.
Рейд барысында мамандар құрылғыларды орнатып қана қоймай, тұрғындарға олардың жұмыс істеу тәртібін және қуат элементтерінің жай-күйін бақылаудың маңызын түсіндіреді. Аталған құрылғылар батарея арқылы жұмыс істейді.
Өрт қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жоюда көмекке мұқтаж тұрғындар Төтенше жағдайлар департаментіне жүгіне алады. Ведомство қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп, тұрғындарға осындай мәселелерді шешуге көмектеседі. Бұл тек мұржаларды тазартуға ғана емес, тұрғын үйлердегі қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін өзге де мәселелерге қатысты.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір бағыты – қарт ата-аналар мен жақындарының қауіпсіздігіне қамқорлық жасау. Акция аясында ТЖД қызметкерлері өз үлгілері арқылы, әсіресе күн суытпас бұрын, жақындарының баспанасындағы қауіпсіздік жағдайын тексерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетуде.
«Ата-анамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің парызымыз. Біз бұл жұмысты өзімізден бастадық. Үйге барып, пештің жай-күйін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереміз, қажет болған жағдайда датчиктер орнатамыз. Өз үлгіміз арқылы жақындарға қамқорлық жасау қарапайым, бірақ өте маңызды әрекеттерден басталатынын көрсеткіміз келеді. Төтенше жағдайдың орын алуын күтпей, үйдегі қауіпсіздікке алдын ала көз жеткізу қажет», – деп атап өтті Жалғасбек Маратов.