Құқық

LRT-да көлік полициясы ақпарат беру іс-шараларын күшейтті

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың қатысуымен LRT объектілеріне жұмыс сапары өтті. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы жеңілрельсті көлік объектілеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын LRT объектілеріндегі полиция бөлімі жүзеге асырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Теміржан Рамазановтың айтуынша, бүгінгі күні орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 60–70 мың адамнан асады. Мереке және демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есеге артады. Осыған байланысты азаматтардың станцияларда да, жылжымалы құрамда да өздерін толық қауіпсіз сезінуін қамтамасыз етуге баса назар аударылуда.

Ол қабылданып жатқан шаралардың қатарында адамдар көп шоғырланатын орындарда арнайы техникалық құралдар мен бейнебақылау камераларын пайдалану бар екенін айтты. Бұл жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және кез келген өзгерістерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Күн сайын көлік полициясы мен Ұлттық ұланның 100-ден астам қызметкері станциялар мен пойыздарды патрульдеп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Полицейлер вагондар мен станцияларды тексеріп, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда шұғыл шаралар қабылдайды. «Жалпы, LRT қауіптілігі жоғары аймаққа жатады. Сондықтан жолаушылар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру зор маңызға ие»,- дейді Рамазанов. Осы орайда, «City Transportation Systems» ЖШС-мен өзара тығыз іс-қимыл жолға қойылған. Компания басшылығы мен қауіпсіздік қызметі өкілдерінің қатысуымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрақты негізде жұмыс кездесулері мен бірлескен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұған қоса, ықтимал төтенше жағдайларға уақтылы ден қою, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және полиция қызметкерлері мен LRT мамандарының іс-қимылдарын үйлестіру мақсатында бірыңғай радиобайланыс жүйесі ұйымдастырылған.

«Жолаушылар станциялар мен вагондарда қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерінің дереу көмекке келетініне сенімді болуы тиіс», – деді полиция полковнигі.
Тәртіп сақшылары адамдар көп жиналатын орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізудің маңызды екендігін айтады. Сапар барысында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жолаушыларға көлік нысандарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты ақпараттық брошюралар мен жадынамалар таратылды.

Еске сала кетейік, LRT объектілерінегі полиция бөлімі Көліктегі полиция департаментінің құрылымдық бөлімі болып табылады. Қызмет көрсететін учаскенің жалпы қашықтығы 23 шақырымды құрайды және 18 станцияны қамтиды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button