Басты ақпаратРуханият

Есімі ел жүрегінде…

18 жасында майданға аттанып, өмір мен өлім­нің арасында от кешкен даңқты батыр Әлмұқан Оспанұлы Сембинов Ақмола облысының Ақмола ауданында 1924 жылы 21 сәуірде дүние­ге келген.

Дүйсекей байдың қызы Рысқали кезінде әкесіне жалданып жұмыс істеп жүрген, қолынан өнер тамған, алтын-­күмістен әшекей бұйымдар жасайтын зергер «алтыншы Оспанмен» көңіл жарастырып, әкесі рұқсат бермеген соң қашып кетеді. Үй-күйі жоқ жастар біраз қиындық көреді, дүниеге екі ұл келеді. Азамат соғысы кезінде, 1918-1920 жылдары Ақмола өңірінде әр түрлі жұқпалы аурулар тарағаны, аштық жайлағаны тарихтан белгілі. Ақмола қаласы маңындағы қазіргі Оразақ ауылында тұратын Оспан да, ұлдары да сүзек ауруынан төсек тартып жатып қалады. Оспан мен балаларының ыстығы көтеріліп, еріндері кезеріп, жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Рысқали ана көз жасына ерік береді. Сонда ересектеу, 10-11 жастағы баласы «Анашым, жылама, біз өлеміз, біздің орнымызды басатын бізден де күшті батыр ұлдарыңыз болады» дейді. Рысқали екі ұлынан ­айырылады, Оспанның беті бері қарай бастайды. «Оспан аман болса, мен тағы ұл табамын» деп, Рысқали ана бойын тез жинап алады. Артынша Алтыншаш атты қызы, ал Оспан 40-тың бел ортасына келгенде Әлмұқан атты ұлы, 1933 жылы Мария деген қызы дүниеге келеді.

Оспан мен Рысқали 1924 жы­лы дүниеге ұл келгенде, қайғы жұттырған қазаны ұмытып, келешекке үміт арта қуанды. Сол жылы ата-анасы Ақмола қаласына көшіп келеді. Әкесі Оспан темір жол бойына слесарь болып жұмысқа орналасады. Әлмұқан 1933-1942 жылдары орта мектепте оқиды. Есіл мен Нұраның жағасында – қос өзеннің ортасында еркін өскен Әлмұқан әкесімен балық аулап, аңға шығып, даланың қыр-сыры­на қанығып өседі. Мектепте футбол, хоккей ойындарына қатысып, жарыстардан шет қалмайды. Архив деректері бойынша ол Ақмола станция­сындағы №32 орта мектепті 1942 жылы аяқтайды, сонымен қатар Ақмола аудандық халыққа білім беру бөлімінің 1942 жылғы 7 наурыздағы №93 бұйрығымен Островной ауылындағы жеті жылдық мектепке жұмысқа орналасып, сол жылдың наурыз айынан бастап 5-7-сыныптарға қазақ тілінен, дене шынықтыру пәндерінен сабақ береді.

1943 жылдың ақпанынан бастап соғыс аяқталғанға дейін Ә.Сембинов ІІ Беларусь майданына қарасты 1210-жаяу әскер полкінің, 362-атқыштар дивизиясы барлаушылар ротасының құрамында жау тылына талай рет аттанып, тың мәліметтер жеткізді. Жаумен бетпе-бет шайқасып, ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Үш жыл бойы жау тылын шолып, майданның қиямет-­қайымын көзімен көрген Әлмұқан нағыз майдангерге айналды. Ол үшін сақтық тірі қалудың кепілі, сергектік әр қадамының серігі еді.

Қара түнді жамылып, жау шебіне жортқан сәттері аз болмады. Ажалмен сан мәрте беттесіп жүріп, «тіл» де әкелді, жаудың оқ жаудырған ұяларын, темір тісті техникасы мен қырып-жоятын қаруын дәлме-дәл әшкерелеп, шешуші сәттерде қажет деректі штабқа уақытылы жеткізіп отырды. Сол бойынша әскери бөлімшенің орталық штабында жаудың ниет-пиғылы алдын ала мұқият ескеріліп, соғыс жоспары жасалатын. Майдандағы әр қимыл – шабуыл не шегіну, қорғаныс шебін нықтау не қарсы соққы беру – барлығы барлаушылардың өмірін бәйгеге тіге жүріп жеткізген мәліметіне сүйеніп шешілетін.

Марапатқа ұсыну парағында Ә.Сембиновтің 1944 жылы 27-28 маусымдағы шабуылда тапқырлығы мен батылдығы үшін деп көрсетілген екен. Ол алғашқылардың бірі болып қос тақтайға жабыса Днепрден жүзіп өтеді. Быхов қаласына кіріп, тоз-тозы шыққан жаумен шайқаса жүріп, дұшпанның шегіне бастағаны туралы белгі береді. Суға батып кеткен екі қайықты іздеп тауып, тазалап, батальонның өзеннен аман өтуіне жол ашады. 1944 жылы 23 шілдедегі 1210-атқыштар дивизиясының командирі подполковник Климачевтің ұсынысы бойынша 15 тамызда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Сол жылы тамыздың 28-інен 29-ына қараған түні «тіл» алып келуге тапсырма беріледі. Кулеш елді мекеніндегі қанды қақтығыста Әлмұқан Сембинов жау траншеясына бірінші болып ұмтылып, екі немісті жер жастандырады. Тұтқындарды алып шығуға бөгет жасап, дамылсыз ажал сеуіп жатқан пулемет ұясын гранатамен үнсіз қалдырады. Сол арада автомат оғымен 12 немісті жайратып салады. Бұл оның тағы бір ерлікке толы сәті еді. Батыл және шешімді іс-қимылмен берілген тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін 3 қыркүйекте ол ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1945 жылы 9 ақпанда «тіл» алып келуге берілген тапсырманы абыроймен орындап, ерліктің тағы бір ерен үлгісін танытады. Цирндорф пен Фогельзанг арасындағы елді мекенде жау шебіне жасырын өтіп, 14 неміс солдатының үстінен түседі. Қаперсіз жатқан жауға граната лақтырып, сегіз фашисті жер жастандырады, біреуін тірідей ұстап, одан құнды мәліметтер алады. Ал 12 ақпанда дәл сол маңда тағы бір тапсырманы орындауға кіріседі: жау тылына өтіп, үгіт парақтарын тастайды. Алайда қайтар жолда немістер барлаушыларды байқап қалып, ұрыс тұтанады. Оқ пен оттың ортасында қалғанмен, Әлмұқан ауыр жараланған қос жолдасын арқалап, ажал апанынан аман алып шығады. Осылайша жау шебінен «тіл» әкелу, ақпарат жинау, жау рухын шайқалту секілді талай ауыр тапсырманы ол абыроймен орындап отыр­ды. Ерлігі еленіп, бұл жолы омырауына «Қызыл Жұлдыз» ордені тағылады.

1945 жылдың көктемі. Со­ғыстың соңғы, бірақ аса ауыр белесі. І Беларусь майданына қарасты 33-армияның барлау бөлімінің командирі Сембинов 23 сәуір күні тобымен аса маңызды тапсырмаға аттанады. Жол бойында тосқауыл ұйым­дастырып, құнды құжаттар тиелген неміс машинасын тас-талқан етеді. Үш офицердің көзі жойылып, дивизия штабының бір офицері тұтқынға алынады – бұл операция қарсыластың жоспарын бұзуға үлкен соққы болып тиеді.

Араға екі күн салып, 25 сәуірде ол алғашқылардың бірі болып Шлицин деревнясына кіреді. Қанды қақтығыста көптеген фашистің көзін жойып, тоғыз жау солдатын тірідей қолға түсіреді. Әлмұқанның бұл ерлігі соғыстың соңғы айларындағы шешуші сәттердің бірі болды. Батырлығы мен қайсарлығы үшін ол І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Осы жылы оның омырауын өзге де марапаттар айшықтай түсті: «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы үлгілі қызметі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары мен «Үздік барлау­шы» төсбелгісі ел үшін жанын шүберекке түйіп, жауға қарсы аттанған жауынгер еңбегінің лайықты бағасы еді.

«Майдан даласы біздің жауынгерлердің тамаша ерлігіне толы болды. Біз барлаушылар жаудың күші мен пиғыл-ниетін алдын ала біліп алу үшін бұйрықтың қандайын болсын бұлжытпай орындауға белді бекем буған едік. Барлаушылардың бәрі де сауатты, ығай мен сығай, өңшең ержүрек жас жігіттер болатын» деп еске алатын
Әлмұқан Сембинов.

Енді бірде: «Нағыз сарбаздар барлауда ерекше ерлік көрсете білді. Мен траншея­ларда, жекпе-жек алдында жігіттердің ерлікпен өлгенін көрдім. Олар жеңіске деген сеніммен өлді. Олар әрқашан қорықпаудың ерекше үлгісін көрсетті. Барлық целиноградтықтар – менің жерлестерім! Мен де солдаттық міндетімді орындадым. Енді мен сарғайған газет беттерін парақтап, жігіттерді есіме түсіремін» деп өткенді жаңғыртып, ой толғапты.

Соғыс ардагері, ақмолалық журналист досы М.Гольдберг бірде Ә.Сембиновтен «Егер байқаусызда сәтсіздікке ұшырасаң, амалсыз жағдайда не істер едің?» деп сұрадым дейді. Әлмұқан күліп: «Мен ешқашан романтик болған емеспін. Соғыс өте қатал. Біздер, барлаушылар, соңғы оғымызды тек жауға сақтаймыз. Сені өлтірем дегенше, сен жауыңды жойып, тағдырды жеңуге міндеттісің. Окопта не блиндаждағы шайқас санаулы секундтарда болады, біреуді атасың, біреуді аяқпен тебесің, біреуін пышақпен жайратасың. Патриотизм өзіңді құрбандыққа шалу емес» деп қысқа да нұсқа жауап берді дейді.

Соғыстан кейінгі ел күйі – жаралы жүрек, есеңгіреген жұрт. Бірақ бейбіт өмірдің бір кірпіші болуға ұмтылған жандар үшін майдан артта қалғанмен, күрес жалғасып жатты. Ә.Сембинов соғыстан кейінгі еңбек жолын 1946 жылы Ақмола қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып бастады, 1946 жылғы қараша айынан бастап Қазақстан лениншіл коммунистік жастар одағы Ақмола қалалық комитетінің І хатшысы болып сайланды.

Архив қорында Әлмұқан Сембиновтің 1949 жылы қалалық комсомол активінің жиналысында сөйлеген сөзі сақталған. Онда ол: «Ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарасты түбегейлі өзгерту және байырғы тұрғындардан спорт кадрларын даярлау және ұлттық спорт түрлері бойынша секция сабақтарында бұқара үшін күрес жүргізу жөніндегі жұмысты өрістету қажет. Ұлттық спорт түрлерін дамыту комсомол ұйымдарының маңызды міндеттерінің бірі екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе қала жастары арасында ұлттық спорт түрлері (бәйге, жорға жарыс, қазақша күрес, көкпар және т. б.) мүлдем дамымайды» деп ұлттық спорт ойындарының дамуына жанашырлық танытады. Майдангердің жастарды тәрбиелеудегі еңбегі еленіп, 1948 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

Ә.Сембинов 1949-1951 жж. Алматы қаласында Марксизм-­ленинизм университетінде (партия мектебі) оқиды. Сонымен қатар Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтын сырттай оқып, 1951 жылы 30 маусымда тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1952 жылы ақпаннан бас­тап Сталин-Магнитогорск ма­гистралі құрылыс басқармасы саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарады. 1959 жылдың 15 желтоқсанынан бастап Ақмола құрылыс техникумының директоры, 1962 жылдан Целиноград қалалық партия комитеті қоғамдық ұйы­мының хатшысы, Целиноград қаласы №1 жол-құрылыс трест комбинатының директоры, Қазақ КСР Автомобиль жолдары министрлігінің ДСМ №1 оқу комбинатының директоры қызметтерін атқарады.

Целиноград құрылыс техникумы оқытушыларының 1962-1963 оқу жылына жасалған штаттық формулярынан Ә.Сембиновтің «Саяси экономика», «КСРО тарихы» пәндері бойынша дәріс бергеніне куә боламыз.

Ақмолалық батыр 1949 жылы ақмолалық өзбек қызы Магира (Галина) Жәлелқызымен (Сарымсакова) шаңырақ көтереді. Римма, Фатима, Ирина атты үш қызды тәрбиелеп өсіреді.

Денсаулығына байланысты 1971 жылдың соңғы айларында Карловы Вары қаласына барып, ота жасатып, емделіп қайтады. Қызы Ирина әкесі туралы өз естелігінде: «Әкем емделіп келген соң, өмірінің аз қалғанын іштей сезінді» дейді. Бұл сөзден майдангердің жан дүниесіндегі үнсіз күресті, қимастық сезімді аңғаруға болады. «Сол бір ақпанның ызғарлы күнінің алдында әкеме майдандас дос­тарының бірі телефон шалды. Сонда әкемнің жүзінен алғаш рет мұңды көрдім. Телефон трубкасына:

Зима сорок первого года,

Как совесть, заходит ко мне…» деген өлең жолдарын қайталады. Сол жолы қыстың ызғары қатты болды. …Ол өте қарапайым тұрды, ақша, дүние жинамады. Қалтасына түскен артық-ауыс ақшаны мұқтаж адамдарға таратып беретін. Мүмкін біреулерге әкемнің мұндай жомарттығы түсініксіз болып көрінуі мүмкін, бірақ біз оның адам баласын қиындықта қалдырмауды өмірлік ұстанымына айналдырып алғанын білетінбіз. Әкем әрқашан жарыққа, тазалыққа ұмтылды. Жарқыраған күнді жақсы көретін. Кейде еңсесі түсіп кеткенде далаға, табиғатқа шығатын, көк шөпке жата қалып тыныстайтын» деген перзенттік сағыныштан туған жазбадан қазақтың қаһарман ұлының адами болмысы айқын сезіледі.

Ә.Сембиновтің Отанға адалдығы, ұстамдылығы, табандылығы, азаматтық бейнесі оны даңққа лайықты батыр деңгейіне көтерді. Ол қан майданның соқпақтарында «қазақ даласының ұлы» деген атты абыроймен алып шықты. Бейбіт өмірде де ел игілігі жолында аянбай тер төкті.

1972 жылдың 10 ақпанында жауынгер жүрек соғуын біржола тоқтатты. Бірақ Әлмұқан Сембиновтің жарқын бейнесі отбасына, туған-туыстарына, майдандас достары мен бірге қызмет еткен жолдастарына мәңгілік сағыныш пен құрметтің символына айналды. Оның ерлігі мен адамдық болмысы жайлы естеліктер жазылып, есімі жадымызда жаңғырып қалды. 1975 жылы Целиноград (Астана) қаласында көшеге аты берілді. 2022 жылы Сембинов көшесіндегі (Кенесары көшесінің қиылысы) өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Жақында Астана қаласы мемлекеттік архиві Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әлмұқан Сембинов. Тағдыры тарихқа айналған» атты архив құжаттары мен материалдар жинағы жарық көрді. Туған жері Оразақ ауылында Ә.Сембинов атында көше бар. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамыр күні Оразақ ауылындағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған мемориалды кешенге Ә.Сембиновке арналған тақта орнатылды. Оның ерлігі мен өнегелі өмірі кейінгі өскелең ұрпақтың санасында мәңгі жасай бермек!

Ғазиза ИСАХАН, Астана қаласы

мемлекеттік архиві ­ғылыми-зерттеу және ­ақпараттық түсіндіру
жұмысы қызметінің ­басшысы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button