Мәдениет

Ботаның мерейлі белесі

Әр мерзімді басылымның мақаласы мазмұнды болғанымен, беттеушісі біліксіз болса газеттің тартымдылығы да кем түседі. Сондықтан ойлы материалдың оқылымын арттыруда беттеуші дизайнердің рөлі зор. Сол міндетті 22 жылдан бері абыроймен атқарып келе жатқан «Астана ақшамы» газетінің бет қаттаушысы Бота Жаппарбекова биыл өмірінің мерейлі белесіне аяқ басып отыр.

Мерейлі жасы – жарты ғасырлық ғұмырында ол өз ісіне деген адалдығын, кәсіби біліктілігін, жұмысқа жауаптылығын көрсетіп, ұжымда абырой биігінен көрініп келеді. Аптасына үш рет жарық көретін басылымның 8-12-16 беттік болып шығатын нөмірлерін әрлеп, мақалаларды мағынасына қарай орналастыруда оның бүгінге дейін шеберлігі шыңдалып, газеттің беделін арттыруға септік етуде. Әсіресе, Ботаның қолынан шыққан ресми, қаланың басты жаңалықтарына арналған және басқа да беттер көркемдігімен көз тартады. Өзі Ақмола өңірінің Қорғалжын ауданында туған мерейтой иесі бастапқыда еңбек жолын ұстаздық қызметке арнаған. Ақпараттық технологиялар бойынша сабақ берген оның бұл мамандығы ақыры оны мерзімді басылымның беттеушісі қызметіне алып келді.

Бота Дәулетбекқызы Жаппарбекова – ұжымда беделді, қашан да әріптестеріне жанашыр, қиналғанда қол ұшын созуға даяр қайырымды жан ретінде көптің алғысын алып жүрген әріптес. Әр іске ширақ, жылдам ойлап, жылдам шешім қабылдағыштығы, есепке жүйріктігі ұжымдағы қоғамдық істердің ұйытқысы болып, тылдағы шаруаны ұршықша иіруіне ықпал етеді. Ал газет жұмысы көппен бітетін шаруа, мұнда ұжымның өзара ауызбіршілігі, жақсы тіл табысуы маңызды. Осы ретте Бота қашан да журналистер және корректорлармен жақсы қарым-қатынасын сақтап, жұмысқа жаңадан жастар келсе, білгенін көрсетіп, үйретуден жалықпайды.

Ұйыған отбасының отанасы, екі баланың анасы, сүйкімді немересінің асыл әжесі бүгінде бір ғасырдың жартысына жетсе де көркем келбетімен, нұр шашқан жүзімен сүйікті ұжымының ортасында адал еңбек етіп келеді. Осы жолда оған барша әріптестері мен бүкіл ұжымы мықты денсаулық, ұзақ өмір, мол табыс пен шығармашылық жетістіктер тілейді!

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button