Қоғам

Балабақшаларда STEM технологиясы енгізіледі

Елорданың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында STEM технологиясын енгізуге бағытталған семинар өтті. Жиынға қалалық Білім басқармасы мен Atameken кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

«Kidz n totz» жекеменшік балабақшасында өткен семинар ата-аналар мен педагогтерге STEM технологиясының маңызын түсіндіруге ғана емес, сонымен қатар басқа да білім беру ұйымдарын жаңа тәжірибе енгізуге шақырды.

– Жарты жыл уақыт бойы балабақша педагогтері STEM технологиясын білім беру жүйесіне енгізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарды. Балаларымыздың білім сапасын арттыруға бағытталған озық тәжірибе мен идеялармен бөлісу – біздің басты мақсатымыз, – деді өз сөзінде балабақшалар желісінің құрылтайшысы Дәурен Жаксыгельдинов.

Іс-шара барысында өзге балабақша өкілдеріне тың жобаның тиімділігі мен нәтижелері туралы жан-жақты айтылып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.

«Ғылым мен технологияға негізделген білім беру жүйесі мультистудия, робототехника, математикалық даму және инженерия секілді бірнеше бағыттарды қамтиды. Балалар мектеп жасына дейін де мамандық таңдау, сөйлеу мәнерін қалыптастыру және түрлі ғылыми жобаларды ұсыну секілді бастамаларды үйренеді. STEM технологиясы бар білім беру балаларды осы бастан заманауи инновациялық жүйелерге даярлап, оларға түрлі мүмкіндіктер ашады деп сенемін» деді балабақша тәрбиешісі Айгүл Сырымова.

Индира Бержанова

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button