«Кино. Өнер. Өмір»: ар мен адалдықты ұлықтаған тағылымды кездесу

«Кино. Өнер. Өмір»: ар мен адалдықты ұлықтаған тағылымды кездесу
фото: Шәкәрім атындағы №56 мектеп

Астана қаласындағы Шәкәрім атындағы №56 мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және мектептің 20 жылдығы аясында «КИНО.  ӨНЕР. ӨМІР» тақырыбында ерекше рухани-танымдық кездесу өтті. Жуырда кинопрокатқа шыққан режиссер Мұрат Есжанның «Қара алтын» көркем фильміндегі басты кейіпкер рөлін сомдаған кино және театр актері Қуандық Қыстықбаев осы кездесудің құрметті қонағы болды. 

Бұл кездесу оқушы мен өнер иесінің жүздесуі ғана емес, адалдық, еңбекқорлық, табандылық, жауапкершілік, елге қызмет ету, ұлттық рух пен ар-ұждан секілді өмірлік құндылықтар төңірегіндегі тағылымды сұхбатқа айналды. Фильмнің басты идеясы болып Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген ұстанымы алынған. Қиындыққа мойымау, мақсаттан айнымау, еңбектену, тәуекелге бару, сонымен бірге қандай жағдай болса да адамдық қалпын жоғалтпау. Бұл – Шәкәрімнің ар ілімімен үндесетін маңызды ой. Адамның шынайы байлығы тек материалдық жетістікпен өлшенбейді. Адамды биіктететін – адал еңбек, таза ар, әділет, жауапкершілік және қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс. «Қара алтын» да көрерменін «Қанша жетістікке жетсең де, адамдық болмысыңды сақтай аласың ба?» деген сауал төңірегінде ойлануға жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда Қуандық Қыстықбаевпен өткен кездесу «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтық бағытымен табиғи сабақтастық тапты. Оқушылар актермен жүздесу арқылы экрандағы кейіпкердің тағдырын ғана емес, өнердің адам тәрбиесіндегі орнын, мақсатқа адалдықты, еңбек пен табандылықтың нәтижесін, ұлттық құндылықтарға құрметті тереңірек пайымдауға мүмкіндік алды.

Шәкәрім мұрасын арқау еткен «Қара алтын» фильмінің негізгі идеялары мен «Адал азамат» тәрбиесінің түйісер тұсы да осында: адал еңбек ету, арды биік қою, қиындыққа мойымау, алған білімі мен қабілетін ел игілігіне жұмсау. «КИНО. ӨНЕР. ӨМІР» кездесуі оқушыларға өнер әлемінің сырын танытып қана қоймай, «Мен қандай азамат болуым керек? Менің еңбегім еліме қандай пайда әкеледі? Қандай жағдайда болсын ар алдындағы жауапкершілігімді сақтай аламын ба?» деген маңызды сауалдарға ой жүгіртуге мүмкіндік берген тағылымды іс-шара болды. Осындай кездесулер жас ұрпақтың санасында адал азамат бейнесін сөзбен ғана емес, өнер мен өмірдегі нақты тұлғалар, тағдырлар мен құндылықтар арқылы қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені Шәкәрім тағылымындағы арлы адам мен бүгінгі қоғамға қажет адал азаматты байланыстыратын алтын арқау – таза еңбек, әділеттілік, жауапкершілік және халқына қызмет ету мұраты.

Арды биік қойған ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі. Осы әсерлі де пайдалы кездесуді өткізуге мұрындық болған әріптесіміз Индира Қамиге шексіз алғысымызды айтамыз!

Назгүл БИКЕТОВА,
Шәкәрім атындағы №56 мектеп-­лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары