Қаламгер – қайраткер

Қаламгер – қайраткер

Жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл 80 жасқа толды. Ол өзінің ғұмырына көз жүгірте отырып, өмірінде ерекше із қалдырған үш оқиғаны еске алды. Жазушының айтуынша, бала күнінде куә болған оқиғалар мен әкесінің айтқан сөздері дүниеге деген көзқарасының қалыптасуына, кейін қолына қалам алуына әсер еткен. Қаламгер қазіргі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Атасу өзенінің жағасында орналасқан Айшырақ ауылында 1946 жылы 3 қазанда дүниеге келген. Оның балалық шағы елдің тұрмысы әлі түзеле қоймаған кезеңге тұспа-тұс келді.

«Бірінші оқиға әлі күнге дейін есімде. Үшінші сыныпта оқып жүрген кезімде ауылымыз Айшырақтан Жамбаскөң деген жерге көшірілді. Күз мезгілі болатын. Бір күні ауылға қызыл жағалы, ат мінген адамдар қаптап келді. Олар далада жүрген малдың бәрін ауылға айдап әкелді. Қой, сиыр, жылқы, түйе – барлығын жинады. Кейін ауыл тұрғындарын түгел далаға шығарып, жиналған малдың ішінен өздеріне тие­сілісін бөліп алуды талап етті. Алайда ешкім малын алмай, үнсіз тұрды. Мен бала болсам да, үйіміздің қойын, сиыр­ын, жылқысын танып тұрдым. Бірақ үлкендер үндемеген соң, мен де үндемедім. Ішімнен «бұлар неге үнсіз?» деп ойладым. Кейін әлгілер малды айдап алып кеткенде, шешелеріміз соңынан жылап кетті. Әкелеріміз бен ауылдың үлкендері түнеріп тұрды» дейді ол.

Кейін бұл жағдайдың себебін білген. Оның айтуынша, сол кезеңде жоғары жақтан бір үйге белгілі мөлшерден артық мал ұстауға шектеу қойылған. Ауыл тұрғындары өз малын алуға қорыққан, өйт­кені оның соңы сотталуға немесе жұмыстан қуылуға әкелуі мүмкін еді.

«Сол кезде ел малсыз қалды. Осы оқиға менің есімде өшпестей сақталды. Мен одан 1937 жылдардың салқынын көргендей болдым. Кейін осы оқиға менің қолыма қалам ұстауыма себеп болды» дейді жазушы.

Қаламгердің өміріндегі екінші маңызды оқиға 1963 жылға байланысты. Ол кезде Алдан Смайыл Қаражалда мектеп бітіріп, Алматы немесе Қарағандыдағы жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген.

Бір күні әкесі Зейнолла баласымен әңгімелесіп отырып, болашақ мамандығы туралы сұрайды. Алдан Смайыл сол кезде ақын, жазушы болғысы келетінін айтқан.

«Әкем маған ақын, жазушы, журналистің көкірегі ояу болуы керектігін айтты. Олар өзі өмір сүріп отырған қоғамның саяси және басқа бағыттарын білуі керек деді. Сосын: «Сен осы қоғам туралы ойлайсың ба?» деп сұрады. Мен ойламайтынымды айттым. Сонда әкем: «Ауызыңнан шықпасын, саған айтар сөзім бар. СССР деген империя ұзаққа бармайды, құлайды», – деді. Әкем ол кезде Ақтау совхозындағы орта мектептің директоры. Одан алып империяның қалай құлайтынын сұрағанда, ол өзінің көзқарасын былай түсіндірді: «Коммунистік партияның ұстанған бағыты мен саясаты адамзатқа қарсы. Әділетсіз қоғам мен әділетсіз саясат құламай тұрмайды. Ол біртіндеп өзінің түбіне жетеді» деді әкем. Әкем өмір бойы коммунистік партияға өтпеген. Партияға неге кірмегенін сұрағанда да, осы ұстанымын айтқан. Мен әкемнің бұл сөзін ешкімге айт­пай жүрдім, тек Кеңес Одағы ыдыраған соң ғана айттым» дейді Алдан Смайыл.

Қаламгер үшін тарихи маңызы зор тағы бір оқиға – 1979 жылғы Целиноградтағы неміс автономиясына қарсылық акциясы. Сол кезде Алдан Смайыл Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Айтуынша, 16 маусымда қазіргі елорда әкімдігінің алдындағы алаңға қарай жүздеген адам жүрген. Шерудің алдында соғыс ардагерлері, олардың артынан жас балалы әйелдер, кейін жастар болған.

«Олар «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс автономиясына қарсымыз» деген ұрандар көтерді. Мен редакцияда отыр­ып, терезеден қарап тұрдым. Сол көрініс әлі есімде. 19 мау­сымда жастар тағы да алаңға жиналды. Сол күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов халық алдына шығып, Мәскеумен және Алматыдағы Дінмұхамед Қонаевпен байланыста екенін айтып, жұртты тарауға шақыр­ды. Алайда жиналғандар нақты шешім қажет екенін айтып, тараудан бас тартты. Біраз уақыттан кейін бірінші хатшы қайта шығып, неміс автономиясы құрылмайтынын хабарлады. Сол кездегі жастардың бойындағы намыс, қазақ жерін бөлмеуге деген талпыныс елдің жүрегінде намыс отын тұтатты. Осы жердегі аз ғана қазақ өзінің кім екенін, жердің иесі кім екенін түсінді» дейді жазушы.

Алдан Смайылдың өміріндегі осы үш оқиға – балалық шақтағы ауыл тағдыры, әкесінің кеңестік жүйеге қатыс­ты көзқарасы және Целиноградтағы 1979 жылғы жастар қозғалысы – оның азаматтық ұстанымының қалыптасуына әсер еткен маңызды кезеңдер ретінде есте қалған.

Тәуелсіздік – өмірімдегі ең бақытты оқиға

Алдан Смайыл үшін сексен жылдық ғұмырындағы ең маңызды тарихи оқиға – Қазақстанның тәуелсіздік алуы. Ол тәуелсіздікті қазақ халқының ғасырлар бойы күткен арманының орындалуы деп қабылдайды.

«Ақыры тәуелсіздік келді ғой. Бұл – менің өмірімдегі ең бақытты оқиға. Тәуелсіздік – халықтың күткен, ғасырлап күткен ең бақытты оқиғасы. Одан кейінгі айтатыным – Астананың көшіп келуі. Астана келді бізге. Ақмолаға келді. Оны ешкім күткен жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-екі жылдың ішінде Астананы көшіру туралы сөз қозғалады деп ешкім ойлаған жоқ» деп еске алады ол.

Ал елорданы көшіру туралы шешім қабылданған тұста елдегі экономикалық жағдай өте күрделі болған. Жұмыссыз­дық көбейіп, ауылдар тарап, Целиноградтағы ірі кәсіпорындар жабылған. Қаланың жылу жүйесінде де қиындықтар болғанын айтады. Сондықтан сол кезде Астананы көшіру идеясына күмәнмен қарағандар аз болмаған.

«Ақша жоқ, жұмыссыздық етек алып кеткен. Ауылдар тарап кетті. Осы Целиноградтағы үлкен кәсіпорындардың бәрі жабылды. Қаланың бір жартысына жылу берілсе, ертең берілмейді. Осындай болып жатқан кезде күмән келтіргендер көп болды. «Бұл қалай көшеді сонда?» деп» дейді Алдан Смайыл.

Дегенмен елорданы көшіру жүзеге асты. Оның алдында қаланың тарихи атауы – Ақмола қайтарылған еді. Алдан Смайылдың айтуынша, бұл оқиғалардың бастауында жер-су атауларын қалпына келтіру мәселесі де тұрған.

Ол 1992 жылғы 6 шілдеде шыққан Президент жарлығында бірқатар облыстар мен қалалардың атауы өзгертілгенін еске алады. Соның ішінде Целиноград облысы Ақмола облысы, ал Целиноград қаласы Ақмола қаласы болып қайта аталған.

Қаламгер бұл шешімге дейін Ақмола атауын қайтару туралы бастама көтеріп, Жоғарғы кеңеске 12 мың адамның қолын жинап, тапсыр­ғанын айтты.

«Бұл бір-біріне ұласқан, сәті түскен оқиғалар болды. Бұл – менің 80 жыл ішінде ауыз толтырып айтатын оқиғаларым» дейді ол.

Арманым – Қазақстан қазақ тілінде сөйлейтін ел болса екен

Қаламгердің бүгінгі ең үлкен арманы – елдің тұтас­тығы мен қазақ тілінің толыққанды қоғамдық тіл ретінде орнығуы. Ол болашақ Қазақстанды этникалық ерекшелігіне қарамастан, барша азаматы қазақ тілінде сөйлейтін тұтас ел ретінде көргісі келеді.

«Менің арманым – болашақта Қазақстан ұлтына, этникалығына қарамай, тұтас, бәрі қазақ тілінде сөйлейтін ел болсақ екен. Біз соны аңсадық. Алашорда соны аңсады. Кешегі КСРО-да Әбіштер соны аңсады. Одан кейін қалған біз де соны аңсадық. Біздің еліміз тек қазақ тілінде сөйлейтін ел болса. Онда ол тұтас, толық ел болды деген сөз. Менің арманым осы» дейді ол.

Бұл – Алдан Смайылдың сексен жылдық өмір жолындағы қоғамдық ұстанымдарының да өзегіне айналған арман. Балалық шағынан бастап ұлттық тарих пен тіл мәселесіне куә болған, кеңестік кезеңдегі қоғамдық өзгерістерді көрген, тәуелсіздікке дейінгі ұлттық қозғалыстарға араласқан қаламгер үшін бұл арманның тамыры тереңде жатыр.

«Қараөткел» газеті қалай құрылған еді

1980 жылдардың соңында Целиноградта (бүгінгі Астана) бір топ қазақ азаматы елдегі тіл мен ұлттық мәдениеттің жағдайына алаңдай бастады. Солардың қатарында жазушы, публицист Алдан Смайыл да болды.

Қаламгердің айтуынша, ол кезде қалада қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар, жоғары оқу орындары мен театрлар жоқ еді.

«Біз неге бас көтермейміз, неге өзіміздің мақсат-мұратымызды алға қоймаймыз? Облыста қазақ тілі үшін неге күреспейміз? Қазақша сөйлейтін адам қалмай бара жатыр. Қазақша балабақша, мектеп, институт, театр жоқ. Осылай жүре береміз бе?» деген мәселені өзара талқылағанбыз деп еске алады қаламгер.

Осы кезеңде Алдан Смайылдың мақалалары да қоғам­дағы ұлттық мәселелерді көтере бастады. Оның айтуынша, бірде «Коммунизм нұры» газетінің редакциясына облыс­тық атқару комитетінде қызмет еткен Жеңіс Кәрібаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс істеген Қанат Қалиев келеді. Олар қаламгердің мақалаларын оқып, ұстанымын білетінін айтып, «Қазақ» қоғамын құру туралы ұсыныс жасаған.

«Қоғам құру үшін алдымен оның жарғысын дайындау қажет болды. Кейін Қанат Қалиев бір колхоздың жарғысын алып келді. Мен соның негізінде жаңа қоғамдық ұйымның жарғысын жазып шықтым. Алайда құрылтай өткізетін орын табу оңайға соқпады. Алдымен мектепке бардық, кейін редакция мен институттан орын сұрадық. Бірақ, ешқайсында рұқсат берілмеді. Кейін құрылтайды Пионерлер сарайында өткізуге мүмкіндік туды» дейді Алдан Смайыл.

Оның айтуынша, «Қазақ» қоғамының құрылтайы 1990 жылғы 13 маусымда өтті. Сол жиында ол баяндама жасаған. Құрылтайға белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов те қатыс­ып, қоғамды қолдайтынын айтқан.

«Қазақ» қоғамының жұмысына белсене араласқан Алдан Смайыл кейін облыстық «Коммунизм нұры» газетінен кетіп, қоғамдық жұмысқа толықтай ден қояды. Осы кезеңде ол «Қараөткел» газетін құру туралы шешім қабылдайды. Қаламгердің айтуынша, бұған ең алдымен қоғам көтерген мәселелерді халыққа кеңінен жеткізу қажеттілігі себеп болған.

«Біздің үнімізді ел естуі керек болды. Ол кезде бізді ешкім насихаттамайды. Біз айтып отырған мәселе – Ақмоланың атын қайтару, барлық жерде қазақ балабақшаларын ашу, алдымен қазақ сыныптарын, кейін қазақ мектептерін құру, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беруді қамтамасыз ету және қазақ теа­трын ашу еді» деп еске алады Алдан Смайыл.

Ол сол кезде тұрақты жұмыстан кетудің тұрмысына әсер ететінін түсінгенімен, бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын айтады. Оның пікірінше, «Қазақ» қоғамына жауапкершілік алғаннан кейін көтерілген мәселелерді халыққа жеткізудің жолын табу қажет болды.

Осылайша, 1990 жылдың күзінде «Қараөткел» газеті жарық көрді. Басылымға халық жаппай жазылып, оның таралымы облыстық газеттің көрсеткішінен асып кеткен. Газет облыстың барлық аудандарына тараған.

«Қараөткел» арқылы «Қазақ» қоғамы көтерген мәселелер тұрақты түрде жарияланып отырды. Сонымен қатар, басылым біртіндеп Ақмоланың тарихына, өңірдің өнері мен мәдениетіне назар аудара бастады. Бұған дейін көп айтыла бермеген жергілікті ақындар мен жыраулардың шығармалары іздестіріліп, газет бетінде жарияланды. Алайда, басылымға тұрақты жұмыс істейтін журналис­терді жинау оңай болмады. Сондықтан әр жерден жүрген азаматтар газетке материал жазып тұрған. Уақыт өте келе қоғамдағы мәселелер туралы өз ойын айтқысы келген азаматтардың да белсенділігі арта түскен» дейді ол.

Алдан Смайылдың айтуынша, газетте көтерілген мәселелер біртіндеп оқырманның қолдауына ие болған. Сол кезеңде қаламгер қазақ театрын қайта құру мәселесін де көтерген. Оның айтуынша, Ақмолада 1946 жылға дейін қазақ теа­тры болған. Соғыстан кейін театр өзін-өзі ақтамайды деген себеппен жабылған. Алдан Смайыл осы тарихи театрды қайта қалпына келтіру мәселесін облыстық партия комитетінің алдына қойып, нәтижесінде қазақ театрының қайта құрылуына ықпал еткен.

«Жабылған театр қайта құрылуы керек дедім. Содан театрды қайта құрғыздық» дейді ол.

«Қараөткел» газеті 1995 жылы жұмысын тоқтатқан. Қаламгердің айтуынша, ол кезде тәуелсіз басылымдарды ғана емес, мемлекеттік газеттерді де қаржыландыру және тарату қиын болған. Таралымдар азайып, басқа өңірлерде құрылған «Қазақ» қоғамдарының газеттері де біртіндеп тоқтай бастаған.

Қаламгердің журналистік жолында Астана баспасөзінің қалыптасу кезеңі де ерекше орын алады

Сол жылдары «Коммунизм нұры» газеті жұмыс істеген. Астана елорда мәртебесін алғаннан кейін басылым Көкшетауға көшірілген.

Сонымен қатар «Ақмола ақиқаты» газеті шыққан. Кейін басылымға Алдан Смайылдың жұбайы, журналист Жұмагүл Саухат шақырылып, редактор қызметін атқарған. Оның кезінде газет «Астана ақшамы» деген атауға ие болып, республикалық деңгейдегі басылымға айналған. Жұмагүл Саухаттың редакторлығы кезінде газетте Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімхан сияқты белгілі журналис­тер еңбек еткен.

Кейін Жұмагүл Саухатқа «Астана» журналын құру туралы ұсыныс жасалған. Ол басылымды өзі ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы бас редакторлық қызмет атқарды. Журнал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп, халықаралық аудиторияға бағытталған басылымға айналды. Алдан Смайылдың айтуынша, «Астана» журналы бір кезеңде 23 елге тараған. Сондай-ақ «Air Astana» әуе компаниясымен келісім жасалып, журнал ұшақтың борттық басылымы ретінде де таратылды.

Осылайша, Алдан Смайыл­дың айтуынша, оның журналистік жолындағы «Қара­өткел» газетін құрудан бас­талған бастамалар кейін елордадағы газет-журналдардың дамуына жалғасты.

Думан Аманжол