«AstauFest-2024» халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті
Елордада Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің базасында Түркия, Үндістан, Корея, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің мамандарының басын қосқан «AstauFest-2024» V халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара Астанадағы тамақтандыру, қызмет көрсету саласы бойынша білім алып жатқан студенттер мен оқытушыларға арналды. 300-ден астам адамды қамтыған шара қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласына заманауи технологияларды енгізу және осы тұрғыда кәсіби тәжірибені тарату, көбейту мақсатында ұйымдастырылды.
Фестивальға қатысушылар үшін халықаралық чемпионаттардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары «Кондитерлік өнімдер» және «Нан пісіру шеберлігі» тақырыбында шеберлік сағатын ұйымдастырды. Сондай-ақ мұнда «2024 жылдың бас аспазы», «2024 жылдың бас кондитері», «CHOCOLATE SHOW», «SUGAR SHOW», «MASTIC SHOW», «2024 жылдың наубайшысы», «Бар қызметі», «SLOWFOOD» дәм зертханасы сынды номинациялар үшін жарыс өтті.
Қатысушыларға арнап ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде «Мәдени дәстүрлердің жаңаруы: бастаудан қазіргі заманға дейін» ғылыми-тәжірибелік конференциясы да бар. Ал № 22, 53, 74, 30, 13, 37, 51, 55, 57 мектеп оқушылары арқан тарту, ақ сүйек, орамал тастау, асық ату сынды ұлттық ойындардан байқауға қатысты.
Нәтижесінде Астана қаласының Қазтұтынуодағы жоғары колледжінің студенті Әміржан Қайролла және жетекшісі Айым Құмарбековаға «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы жүлдесін және Анталья қаласына жолдаманы табыстады.